Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құрылтай – халық пен биліктің алтын көпірі

Ұлттық құрылтай – халық пен биліктің алтын көпірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен 20 қаңтарда Сыр елінде Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өткізілетіні белгілі болғаннан кейін қызу дайындық басталды. Өткен жылы Қазақ АКСР-інің алғашқы астанасы атанғанына 100 жыл толған өңірімізде аптаның дүйсенбісінде Ұлттық құрылтайдың бірқатар секциялық отырыстары өтті. Қоғамдық пікір алмасу алаңына айналған жиында ел дамуының басым бағыттарын айқындауға айрықша көңіл бөлінді.

Ең алдымен, «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясында Ұлттық құрылтай мүшелері бас қосты. «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тізгіндеді. Ол тұрақты және жүйелі түрде іске асатын диалог алаңында өзекті мәселелерге басымдық берді.

– Ұлттық құрылтай аясында айтылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министр­лігі құрылтай мүшелері ұсынған бастамаларды іске асыру жоспарының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айт­қанда, заңнаманы жетілдіру мақсатында 26 заң қабылданды. Сонымен қатар 10 заң жоба­сына, сондай-ақ Президент жарлықтары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Бұл ретте секцияға қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Секцияда мәдениет, креативті индустрия, әлеуметтік саланы дамыту мен отбасы құндылығын нығайтуға көңіл бөлінді. Министрлік жанынан құрылған Креативті индустрияларды қолдау қоры аясында материалдық-техникалық база қа­лып­тасуда. Анимацияға бағытталған жеке бағыт қарастырылған. Ұлттық дәстүрді сақтау мен кітап оқыту мәдениетін қалыптастыру бо­йынша зиялы қауым өкілдері маңызды пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аударуға және басуға ұсынылатын кітаптар тізбесін жасақтайтын арнайы комиссия құруды ұсынды.

Өз кезегінде азаматтық қоғам секциясында Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмек­шісі Арман Қырықбаев сөз сөйлеп, Қызыл­ордада өткізіліп отырған құрылтайдың маңыз­дылығын жоғары бағалады.

– Жүз жыл бұрын ел байтағы болған Қызылорда ел тарихына алтын әріппен жазылған өңір. Алғашқы театр шымылдығы осында түріліп, ел санасына сілкініс туғызған туындылар осы топырақта дү­ниеге келді. Сондықтан Қызылордада Ұлт­тық құрыл­тайдың шақырылуы тарихи сабақ­тастық тұрғысынан орынды бастама. «Жүз жыл – тарих, бес жыл – белес» деген бар. Мемлекет басшысының бас­тамасымен құрылған бұл институт бес жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, қоғамның түрлі топтарының үн қосуына мүмкіндік берді. Билік пен халықтың арасын жақындастыратын алтын көпірге айналды, – деген Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі көптеген түйткілді дүниеге мән берді.

Расында, бұған дейін жүзеге асқан төрт өңірдегі Ұлттық құрылтай аясында қабылданған шешімдер ел-халықтың игілігі жолында жасалған маңызды қадамдар болды. Премьер-министрдің орын­басары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин келтірген дәлел мен дәйек көңілге қонымды. Елі­міздің ішкі жалпы өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл жан басына шаққандағы айтарлықтай өсімді көрсетіп, экономиканың 6,5 пайыздық өсу қарқыны бар екенін аңғартады. Әрине, мұндай нәтижеге еліміз 2012 жылдан бергі көрсеткіштерді салыстыра отырып қол жеткізіп отыр.

Секциялық отырыста ауыл шаруа­шылығы саласына да айрықша ба­сым­дық берілді. Яғни ауыл шаруа­шы­лығындағы жалпы өнім 5,9 пайызды құрап, оның ішкі жалпы өнімдегі үлес салмағы артқан. Маңдайы күн сүйген диқан қауым биыл дәнді дақылдардан 27,1 млн тонна өнім жинады.

Айта кетейік, елімізде мемлекеттің әлеу­меттік қолдау шараларының бір­ың­­ғай стандарты енгізілді. Жергілікті деңгейде қосымша көмек түрлері жол­ға қойылған. Цифрландырудың көмегімен әлеуметтік саладағы құқық бұзу­шылықты анықтау біршама жеңілдеді. Әлеуметтік саладағы тағы бір жетістік – бір жарым жылдың ішінде әлеуметтік саясатты трансформациялау­дан 600 млрд теңге үнемделді.

«Өткен жылы жүргізілген бюджеттік мониторингтің қорытындысы бойын­ша республикалық бюджетке 8 түзе­ту енгізіліп, жыл басынан бері 1 трил­лион теңгеден астам қаражат оң­тай­­ландырылды. Олар нақты сектор­ға бағытталды» деген Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Ұлттық экономика министрі көлік-логистикалық инфра­құрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспары 204 жобаны қамтып отырғанына басымдық берді. Тұрақты дамуға негізделген экономи­када кәсіпкерліктің үлесін арттыру маңызды екенін жеткізді.

Ендігі кезекте «Білім және ғылым» сек­циясында талқыланған мәселелердің мәнісіне ойыссақ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылымға құйылған инвестиция көлемі артқанына тоқталды. Алдағы уақытта ғылым мен өндірісті ұштастыра отырып, зерттеу жобаларын жүзеге асыру – негізгі мақсат. Министр баяндамасында Үкіметтің тұжырымдамасы негізінде ғылымда едәуір жаңалық орын алатынын атап өтті. Мәселен, Курчатов қаласы, Алматы маңындағы Алатау елді мекенінде орналасқан ядролық-физикалық институт, Назарбаев университетінің ғылыми паркі Ғылыми қалашықтар ретінде белгіленген. Бұл ретте, қазіргі кезде пысықталып жатқан «Қазақ балалары» жобасы саладағы маңызды жаңалыққа айналмақ. Финляндияның алдыңғы қатарлы оқу орындарының мамандарын жұмылдыру арқылы көптеген бағдарлама жазылған.

Әлемдік рейтингте 86 және 103-орында тұрған елімізге 2 суперкомпьютер әкелінді. Негізінен еліміздегі 4 университетте суперкомпьютер бар. Секциялық отырыста жасанды интеллект этикасына байланысты көп мәлімет айтылды.

«Қазір жасанды интеллект этикасы, оны қолдану мәселесі дүниежүзін ойландырып отырғаны белгілі. Тіпті ғалымдар арасында «PhD бағдар­ла­ма­сының мағынасы қалды ма, жоқ па?» деген де талас жүріп жатыр. Оқу бағдарламалары қалай өзгеруі керек? Жалпы, ЖИ-мен қалай жұмыс істеу қажет? Бүгінгі талқыға осы мәселелер түседі» деді министр.

Жалпы алғанда, жасанды интел­лект бойынша жүйелі жұмыс жалғасын табуда. ЖОО-лар арасында стандарт қабылданып, 38 білім беру бағ­дарламасы әзірленген. Өткен жылы Ai-sana бағдарламасы қолға алынып, 666 студент оқытылды. Алдағы ақпан айында жобаның екінші кезеңі басталады. Мұнда 100 мың бала арнайы оқы­тылады. Университет ғылымын жа­ңа деңгейге көтеру үшін 42 PFLOPS қуаттылығы бар академиялық кластер құру жоспарға енгізілген.

Ұлттық құрылтайға келген 100-ден аса қонақ Қызылорда қаласының көрікті жерлерін аралады. Өңірге ауқымды инвестиция тартылып, пайдалануға берілген бірқатар нысанның жұмы­сымен танысты. Ең бастысы – зиялы қауым өкілдері Сыр өңірінің тазалыққа айрықша мән беретініне таңданыстарын жеткізді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

21 қаңтар 2026 ж. 69 0