Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі балаларды мерекемен құттықтады

Аудан әкімі балаларды мерекемен құттықтады

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтады.


Алдымен, аудан басшысы мерекеге орай «Бақытты балалық шақ» тақырыбындағы оқушылардың салған суреттерімен танысты. Сондай-ақ, жас таланттардың сурет көрмесін көрді.

Мұнан соң аудан әкімі аудандық мәдениет үйінде өткені іс-шарада жас ұрпақ үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бала – бауыр етіміз. Олар – еліміздің ертеңі. Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды» деп атап өтті. Аймағымызда Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен балаларды сапалы біліммен қамту, өнер және шығармашылықпен айналысу үшін жақсы жағдайлар жасалуда. Аймақ басшысының бастамасымен Сыр өңірінде биылғы жыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Аталған жыл аясында клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Облысымызда 7 ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтарының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибелерін меңгереді. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан құны 11 млрд. теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясы» салынады. Жақында Халықаралық талаптарға сай келетін, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасы қаланды. Қызылорда қаласында құны 2,7 млрд. теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы жүруде. Сырдария өзенінің сол жағалауынан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты, 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы және құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Халықаралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 6,8 млрд. теңгеге жүргізілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында былтыр 10 мектептің құрылысы басталса, биыл тағы 11 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 мектеп Тереңөзек кентінде салынатын болады. Аймақ басшысының қолдауымен 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген қалалық «Жастар театры» биылдан бастап өз алдына кәсіби ұжым болып құрылып, өнер көрсете бастады. Жақында ғана ауданға алғаш рет гастрольдік сапармен келіп, қойылым көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ауданда балардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі бірқатар үздік оқушыларға тынығу лагерьлеріне жолдама табыс етті және үздік суретшілерді марапаттады.
Айта кетейік, аудан бойынша мәдениет үйлерінде 121 үйірмеде 1685 жас қатысушылар шығармашылықпен айналысуда. Бүгінге дейін «Адал адам» рухани-мәдени орталықтарында 412 іс-шара өткізіліп, оған 18037 бала қатысты. Ал балалардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыру үшін аудан орталығындағы «Жалын» тынығу лагерінде 691 бала, мектеп жанындағы лагерьлерде 3927 бала, саяхатпен 1100 бала қамтылады. Демеушілер есебінен Арал ауданындағы «Қамбаш», Шымкент қаласындағы «Машат» және басқа да тынығу лагерінде балалар демалатын болады.

Іс-шара балғындар мен бүлдіршіндердің концерттік бағдарламасына ұласты

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
02 маусым 2024 ж. 167 0