Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

17 қаңтар 2026 ж.

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ұсыныс алаңы: ұлттық құрылтай сыр өңірінде өтеді

Ұсыныс алаңы: ұлттық құрылтай сыр өңірінде өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді. Кездесуде Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетін бесінші отырысына дайындық мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы құрылтайды 20 қаңтарға белгілеп, алдағы маңызды іс-шараны ұйымдастыру және оған тыңғылықты әзірлену жөнінде нақты тапсырма берді.

Иә, бұған дейін жазғанымыздай, Ұлт­тық құрылтайдың бесінші отырысы Алаштың анасына айналған Сыр өңірінде өтеді. Бүгінде облыста тарихи бас­қосуға дайындық жұмыстары сапалы жүргізілуде. Алдағы аптада өңірге Мемлекет басшысы мен құрметті қо­нақ­тар арнайы келеді.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы оты­рысы көшпенді өркениетіміздің, мем­лекетіміздің қалыптасу орталығы Ұлытауда өткен болатын. Бұл – 2022 жыл еді. Жалпыұлттық референдумнан кейін алғаш рет еліміздің түкпір-түк­пірінен жиналған жұртшылықпен бас қосқан Президент үшін де, ел ертеңіне сенім артқан халық үшін де Құрылтай жиынының мәні мен маңызы айрықша болды. Себебі ол ел дамуының жаңа тарихи кезеңі бас­талып, Конституцияға енгізілген өзге­ріс­термен бірге мемлекеттің де саяси жүйесі өзгеріп, ел басқарудың жаңа үлгісі қалыптасып жатқан кезең еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының сө­зімен айтсақ, «Жаңа және Әділетті Қазақстан құруға кірістік». Осы орайда Ұлттық құрылтайдың бүгінгі күнге дейін төрт рет отырысы өткенін, Мемлекет басшысы төрт құрылтайда да ұлтты ұйыстыратын тарихи шешім­дер қабылдағанын, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып қордаланған мәсе­лелердің түйіні тарқап заңға да өз­герістер енгізілгенін айтып өту орын­ды. «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айт­қанда, барша еліміз жаңарады». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың ал­ғаш­қы отырысында айтқан сөзі.

Алғашқы құрылтайдағы тарихи шешімдердің ең маңыздысы Рес­публика күнінің белгіленуі еді. Сол сәттен бастап Республика күні ұлттық мәртебесін қайта алып, 25 қазан мереке ретінде атап өтіліп келеді. Алғашқы Ұлттық құрылтай отырысында әділдік, еңбек адамына құрмет, ана тіліміздің мәртебесі туралы бірқатар салмақты ой, маңызды бастама көтерілгені күні кешегідей көз алдымызда. Айта кетейік, аудандық газет мамандары былтыр Ұлттық құрылтайдың әрбір отырысына арнайы тақырып арнап, ауқымды сараптау материал жазып, оқырманға ұсынған болатын.

Ал екінші отырыс Түркі халқының астанасы – рухани астанаға айналған Түркістанда өтті. Бұл – 2023 жыл еді. Аталған жиын қазіргі таңда кеңінен қолдау тауып, қолданысқа ие болған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбын арқау етті. Мемлекет басшысы алғашқы құрылтайдан бергі бір жыл уақытта елімізде конституциялық реформа жасалғанын, аталған өзгеріс­тер ел тұғырын бекітіп, ұзақ мерзімге жасалған демократиялық бағдарды айқындап бергенін атап өтті. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мем­лекет басшысы «Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз?», «Ұлтымыз нені армандайды?», «Қазақстан азаматы қандай болуы керек?», «Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтарға толықтай жауап беріп, осы төңіректегі мәселелерді сөз етті.

Атап айтар болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің ахуалын жақсарту үшін саяси реформаларды жаңғыртып қана қоймай, ең алдымен ел азаматтарының ойын, пиғылын, сана-сезімін жаңғырту маңызды екенін айтты. «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды «Адал азамат» деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деген Президент атқарылуы тиіс жұмыстың нақты бағыттарын атап өтті. Ол сегіз бағыт бойынша мәселені жік-жікке бөліп айшықтап берді. Рухани астанада өткен Ұлттық құрылтайдың екінші басқосуында мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлттың тарихи сана сезімін жаңғыртудың маңыздылығы, мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт қауіпсіздігі, ақпараттық саясаттың тиімділігін арт­тыру сияқты маңызды мәселелер қам­тылды.

Ал 2024 жылы үшінші Ұлттық құрылтай Атырау облысында өтті. Бұл жолы келелі кездесу «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбын арқау етті. Әлбетте, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтуі тегіннен-тегін емес. Бұл жер әйгілі Сарайшық қаласына жақын орналасқан әрі Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хан­ды­ғының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан бел­гілі. Ұлы Жібек Жолының бойын­да тұрған қала бір кездері айрықша гео­стратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерек­ше ықпал еткен. Атақты хандар ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан.

Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан сол қалада жерленген. Бір сөзбен айтқанда, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар. Сөз басын көне тарихтан бастаған Мемлекет басшысы халықтың береке-бірлігін сақтаудың аса маңызды екеніне тоқталды. Бұл тұста әрине тарихты, тарихи тұлғаларды ұлықтаған жөн. Десек те та­рихты жер-жерге тартып, жерлесінің, ата-бабасының есімін ұлықтауды сұ­рап, ескерткіш қойып, көше атауын орынсыз ауыстыру дұрыс емес. Бұл туралы Президент өз сөзінде айтып өтті. Мемлекет басшысы қай кезде болсын тіл мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында да аталған мәселе көтеріліп, қазақ тіліне деген сұраныстың жыл санап артып отқаны тілге тиек етілді. Ұлт тәрбиесі мен ұлттың тіл мәселесін ұдайы алдыңғы қатарда ұстайтын Президент жастарды кітап оқуға баулудың маңызын атап өтті. Бұл кездесуде де бірқатар маңызды мәселелер сөз етіліп, ұлттық бірегейлікті нығайту, қазіргі заманның «бес дұшпанына» айналған жаман әдеттерден бойды аулақ ұстау – ұлт болашағына тікелей қатысты мәселелер екені айтылды.

Былтыр, яғни 2025 жылы Ұлттық құрылтайдың келелі басқосуы Бурабайда өткені баршамызға мәлім. Сөз басында ел Президенті қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірін айтып өтті. Одан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталды. Бірың­ғай уақыт белдеуінің болуы басқару ісі, логистика салаларында жұмысты оңтайландыруға септігін тигізеді. Сол себепті Президент бұл мәселені сая­силандырудың қажеті жоғын айтып, мәселеге нүкте қойды. Ұлттық құрыл­тайдың кезекті отырысында ұлттық құндылық мәселесі де сөз болды. Президент алаяқтар мен жалған ақпарат таратушылар, теріс пиғылды адамдар мен жалған психологтар, кино саласында атқарылған маңызды жұмыстар мен ақсап тұрған тұстарды да сөз етті. «Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын» деген Президент қазір­гі таңда үлкен сұранысқа ие болып тұрған жасанды интеллект туралы да айтып өтті. Сондай-ақ туризм, тазалық, заң мен тәртіп сөз етілген келелі жиында Мемлекет басшысы Сыр елі үшін жақсы жаңалықты жариялады. 2026 жылы Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Қызылорда облысында өтетінін жариялады. «Бүгінгі құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мың­жылдықтардан бас­тау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз... Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» деген еді Мемлекет басшысы.

Сандарды сөйлетсек, Ұлттық құ­рыл­тайдың бесінші отырысының Сыр өңі­рінде өтуінің өзіндік мәні мен маңызы тереңде. Тарихқа көз салсақ, 1925 жылы Ақмешіт қаласында Қырғыз АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақтық съезі өткен. Сол жиында «қырғыз» атанған қазақ халқына тарихи дұрыс атауын қайтару, ал Ақмешіт атауын Қызылорда деп ауыстыру ұсыныстары ортаға салынған. Бұл бастаманы съезд де­легаттары орындарынан тұрып ду қол шапалақтап, қолдаған екен. Осындай қолдаумен қабылданған тарихи шешімге 2025 жылы 100 жыл толып, тарихи дата кең көлемде аталып өткен болатын. Енді биыл Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының тарихи астана – Қызылордада өтуі назар аударарлықтай. Бұл – ел тарихындағы айтулы дата, маңызды оқиға болмақ.


Иә, қазақ құрылтайларының бәрі де ел дамуына зор өзгеріс әкелді. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді», «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», «Кеңесіп ел басқару – келелі істің белгісі, Жұмыла жұмыс атқару – өрелі елдің белгісі» деген нақыл сөздер содан қалса керек. Бұл орайда 20 қаңтар күні Сыр өңірінде өтетін Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында да тарихи шешімдер қабылданады деп күтілуде.

Аружан Мұханбетқали
Фото: ашық дереккөзден

17 қаңтар 2026 ж. 268 0