Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангерге құрмет: Яхия Тасыров – 104 жаста

Майдангерге құрмет: Яхия Тасыров – 104 жаста

Халық даналығында «сүйегі асыл» деген сөз тіркесі бар. Әдетте ұзақ өмір сүрген, тың, епті кісілерге қарата осылай айтылып жатады. Ауданымыздың ардақты ақсақалы, жеңістің куәгері Яхия Тасыров – осындай асыл сүйекті, адал ниетті қария. Тірі тарих, ардақты ақсақалға ел-халытың құрметі ерекше. Қызылорда облысындағы жалғыз ҰОС ардагері, облыстың құрметті ардагері, ауданның құрметті азаматы биыл 104 жасқа толып отыр.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға арнайы келіп, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысымен бірге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев қарияға сәлем берді. Ақсақалға ізгі тілегін жеткізіп, дәстүрге сай иығына шапан жапты.

– «Қариясы бар елдің қазынасы бар» дегендей, өмір жолы өнегеге толы аға буынның тәжірибесі мен тағылымының өскелең ұрпақ үшін орны бөлек. Сіз майдан даласында ерлік көрсеттіңіз. Отан үшін от кешіп, елімізді жау­дан қорғаған өзіңіздей батырларымыздың арқа­сында бүгiнгi бейбiт күнге жеттік. Тәуелсіз Қазақстанымыз еңсесін тіктеп, бейбітшілік пен берекенің ордасына айналды. Елге оралғаннан кейін де аймағымыздың өркендеуіне аянбай атсалысып, жарқын болашағына зор үлес қостыңыз. Қарттарымыздың ақыл-кеңесі, ақ батасымен ұлттың ішкі тұтастығы сақталып, бірлік пен берекелі тіршілік үйлесім тауып келеді. Үлкенге құрмет көрсету, жақсы істерін жастарға үлгі ету – біздің қасиетті парызымыз. Жыл алмасқан кездегі үміт пен арманға толы сәтте сізге мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! – деді облыс басшысы.

Бұл ретте қарт майдангер 104 жасқа толғанын айтып өттік. Майдангерді мерейлі жасымен аудан әкімі Берік Сәрменбаев құттықтады. Аудан әкімімен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, мәдениет саласының ардагері Жантемір Айсин, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері Марат Омаров, Балшекер Өтегенова арнайы барды.

Аудан басшысы сұрапыл соғыста ерлік көр­сетіп, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді.

– Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Сіздің сұрапыл соғыста жүріп өткен жолыңыз кейінгі буынға бейбіт өмір сыйлады. Сондықтан сіздің өскелең ұрпақ үшін жасаған ерлігіңіз әркез зор құрметке лайық. Мерейлі жасыңыз құтты болсын, – деген аудан әкімі «Құттықтау хат» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Өз кезегінде мерейтой иесі соғыс жыл­дарындағы естеліктерін айтты. Мерейлі жасымен құттықтаған аудан басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Сондай-ақ аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Зейноллаұлымен бірге қадірлі қариялардың үйіне барып, мерекемен арнайы құттықтады.
Аудан басшысы ғибратты ғұмыр иелері ден­саулық саласының ардагері Жәмила Бақты­баева, ауылшаруашылығы саласының ардагері Болат Дүйсенбаев және білім саласының ардагері Роза Шайхисламқызына игі тілегін жеткізді. Ел игі­лігі үшін жасаған қажырлы еңбектері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтіп, арнайы сый-құрмет көрсетті. Мерекеде көрсетілген құр­метке ризашылығын білдірген қазыналы қариялар елдің амандығы мен тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
06 қаңтар 2026 ж. 175 0