Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуыршақ ойыншық қана емес, ұлттық киімді, тарихты дәріптейтін құрал – шебер

Қуыршақ ойыншық қана емес, ұлттық киімді, тарихты дәріптейтін құрал – шебер

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында қуыршақ жасайтын шебер бар. Ирина Самойлованың қазақтың ұлттық киімдерін киген қуыршақтар топтамасы көздің жауын алады. Ол Абайдың 180 жылдығына орай ұлы ақынның қуыршағын да жасаған. Kazinform тілшісі шеберді әңгімеге тартып көрді. KAZINFORM

– Қашаннан бері қуыршақ жасап жүрсіз?

– Қуыршақ жасаумен 2012 жылдан бері айналысып келемін. Әуелі жеңіл түрлерін жасай бастадым. Одан соң шеберлігімді шыңдай түсіп, басқа да қуыршақтарды жасап көруге бел байладым. Бірақ біздің Алтай қаласында оған қажетті материалдарды табу мүмкін емес болды. Сөйтіп, Мәскеуден тапсырыс беріп алдыртуға тура келді. Қазір интернеттен бәрін табуға болады ғой, қуыршақ жасаудың қыр-сырын үйрететін видеоларды көре бастадым. Қолымнан келеді екен. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Жылына 1-2 қуыршақ қана жасай алдым. Содан Алматыдағы шеберлік сабағына барып, білімімді арттырып келдім. Уақыт өте келе жылдамдығым да арта түсті. Бұл нағыз шығармашылық жұмыс. Түрлі материалдардан жұмыс істеуді де білуің керек. 

– Сіз үшін қуыршақ ойыншық па, әлде өнер ме?

– Мен үшін қуыршақ деген ол – өнер. Мысалы «Қазақстан Алтайы» деп аталатын қуыршақтар топтамасын жасап жатқаныма 5 жыл болды. Шығыс Қазақстан облысында археологиялық қазба жұмыстары жиі жүргізіліп жатады. Сонда түрлі жәдігерлер табылады. Бұл тарихымызды тануға жол ашады. Одан соң өлкеміз туралы сан алуан аңыз-әпсаналарды оқығанды ұнатамын. Сондықтан «Қазақстан Алтайы» деген атаумен ұлттық киімдер киген қыздардың қуыршағын жасауды қолға алған едім. Сондықтан қуыршақты тек ойыншық емес, ұлттық киімді, салт-дәстүрді, тарихты дәріптейтін құрал деуге де болады. 

Өзім әркез ізденісте жүретін адаммын. Тарихи кітаптардан бөлек, ертегі оқығанда жақсы көремін. Ал бұл адамның қиялын дамытады. Бірінші қуыршақтардың образдарын ойша елестетіп аламын. Одан соң барып материалдарға тапсырыс беріп, жұмысқа кірісемін.

– Қандай материалдармен жұмыс істейсіз?
– Қазір күйдірілетін пластикпен де, өздігінен қататын пластикпен де жұмыс істеймін. Сонымен қатар флюмо деген материал бар, кейде оны суық фарфор деп те атайды. Бұл сәл күрделірек бағыт.

Әр материалдың өз ерекшелігі бар. Мысалы, флюмомен жұмыс істегенде бір үлгіден бірнеше қуыршақ жасауға болады. Ал шебердің өз қолымен мүсіндеген қуыршағы біреу-ақ болады. Қанша тырыссаң да, екі бірдей етіп жасау мүмкін емес.

– Сөз арасында қазақы ұлттық киімдегі қуыршақтар туралы айтып қалдыңыз ғой. Осы топтама бойынша қанша қуыршағыңыз бар?

– Шығыс Қазақстанның табиғаты да, тарихы да ерекше ғой. Күршім ауданындағы Қиын-Керіш шатқалына барғанымда қатты әсер алдым. Содан кейін ұлттық нақыштағы қуыршақтар жасау ойы туды. Бақсы, Ұмай ана сияқты образдарды да жасадым. Қазір осы топтамада шамамен он шақты қуыршақ бар. Кейбірі сатылып кетті, кейбірі әлі өзімде.


04 қаңтар 2026 ж. 56 0