Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№32 газет

01 мамыр 2026 ж.

№ 31 газет

28 сәуір 2026 ж.

№30 газет

25 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Қарағайға біткен қарсы бұтақ

Қарағайға біткен қарсы бұтақ

Адамзат даму тұрғысынан алғанда біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең осы кезге дейін бірнеше ұрпақтың еңбегімен келген ғылыми-техникалық шығармашылық жетіс Қарағайға біткен қарсы бұтақ тіктерінің биігі болып табылады. Бұл жерде мәселе тек ғылыммен, техникамен шектелмейді, қарапайым адамдардың қажырлы еңбегі сол жетістіктерді іске асырудың құралы деп айтсақ қателеспейміз. Белгілі бір салада қызмет ететін қарапайым жанның өз қызметін атқаруы, ойлау қабілеті, табандылығының орны ерекше.

Мысалы, ғалым жаңалық ашады, инженер оны құралға айналдырады, жұмысшы өндірісте қолданады, ұстаз ұрпақ санасына сіңіреді. Демек әркімнің өмірде ғана емес, қоғамда да өз орны бар.

Осы күні арамызда жүрген ағаларымыздың пара­саттылығы мен қасиеттілігіне кейде мен таңқалам, тіпті кейде өмір – тіршілік қиын болған сайын адамгершіліктің жоғары болатынын да сезетіндеймін. Оны мен Бәрзубек ағадан байқаймын. Кейде жалпылама жүзді айтсақ, ойымызда біреу тұрады, ең жақсы танитын адамның бейнесі көз алдыңа келеді. Бәрзубек аға көптің бірі емес, қадір-қасиетімен, сөзі, ісімен көңілімде із қалдырған жан. Өзі, көргеніңнің бәрі бірдей есіңде қала бермейді ғой. Тек мәні барын, әсер еткенін жадыңда сақтайсың.

Бәрзубек аға – тектінің тұяғы, Қарақойлы Жылқыбай бидің шөбересі, тегі де әкесі Әмірбек­тің емес, бабасының атына жазылған. Бірақ тереңдеу ойлап қарасаңыз, адамның жақсы болуы тегінің мықты болуында емес, алған тәрбие­сінде, оны өмірде қолдануында. Жалпы үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстаздан, қатарластарынан. Әсіресе осы үшеуінен қайсы­сын жақсы көрсе, көп араласса, содан көп жұғады.

Бәрзубек Әмірбекұлы 1946 жылы дүниеге келген. Соғыс енді ғана біткен, бірақ ауылда жағдай қиын еді. Жеңістің жалауы жел­біре­гені­мен, со­ғыс сал­­мағы адамдардың иығынан түс­кен жоқ еді. Бәрзубек ағанның бойындағы күрескерлікті көремін де, жеңістен кейін шынайы күрестің енді басталғанын сеземін, бұл тіршілік үшін, жоғалтқанды қалпына келтіру үшін, бала­лық үшін күрес еді.

Ағамыз 1964 жылы №39 «Қызылөзек» орта мектебін бітіргеннен кейін еңбек жолын «Қараөзек» қой совхозында клуб меңгерушісі болып бастайды. Бұл Бәрзубек Жылқыбайдың ерте есейгенін көрсетеді. Қиын уақыт мықты адамдарды өмірге әкеледі. Олай дейтінім, қиындық –адамның шынайы болмысын ашатын сынақ.

Бәрзубек аға сияқты адамдарды өмірдің өзі шыңдады. Қиындық адамға таңдау береді: не шыңдалады, не сынады. Қайсарлығының арқа­сында қиындықты жеңген ол өмірден өз жолын тауып қана қойған жоқ, өзгелерге де тірек болды, бағыт берді. Әрине, ол үшін білім керек. Осыны жақсы түсінген ол Қызылорда совхоз техникумында оқып, ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік-есеп мамандығын алып шығады. Әуелі бұл кезде өмір өз соқпағына түскен еді. Осы екі аралықта автогаражда жұмыс жасап шыңдалған жас енді мамандығы бойынша шаруашылықта есеп айы­рысу бухгалтері болады. Енді тірлік қалпына келді, өмір-өзеннің ағысы анықталып, бағыты белгіленді. Ол сырттай өзгермегенімен, іштей пісіп жетіледі. Өмір жолының бәрі сабақ болып, санасында қорытылды, болашаққа көзқарасы ай­қындалды. Өзі әуелі адам өмірді басқарып жүргендей сезінеді. Әр қадамын өлшеп басады. Бірақ уақыт өте келе өмірдің өз ырғағы, бағыты бар екенін түсінеді. Осылайша бұл кісінің өмірі үйлесімге келді.

Ағаның бір қасиеті қайсарлығы болса, екіншісі ізденгіштігі еді. Ол ешқашан жарты жолда қалып қоймайтын. Орда бұзар 30 жасында Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді. Есеп мамандығы жай ғана арифметикалық сандармен жұмыс істеу емес, оған ой тереңдігі және тәртіп керек. Сырттай қарасақ формула, нәтиже, жа­уап бәрі анық сияқты. Бірақ сол айқындықтың өзі терең талдауды, дәлдікті қажет етеді. Ұқыптылық та, сабырлық та керек.

Кейде қарап отырсақ, есеп өмірдің кішірей­тілген үлгісі сияқты. Әрбір есептің өз шарты, шектеуі және шешімі бар. Өмірдің өзі де адамға өз есебін ұсынбай ма?! Тағы бір байқағаным, есеп мамандығы адамды не нәрсеге болса да үстірт қараудан сақтайды. Әрбір ұсақ-түйекті көрсетеді, оның маңызын үйретеді. Қате жібер­дің бе, нәтиже бұзылады. Бұл да өмірдің өз заңдылығы. Осы орайда тереңдік керек, себебі үстірт ойлайтын адам ешнәрсенің мәнін түсінбейді, тек сыртқы қабатын ғана көреді. Ал ойлы адам себеп пен салдарды байланыстырып, нәтижеге қол жеткізеді.

Бәрзубек аға өмірді мектеп деп білді, қандай да білімнен болсын қашпады. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін облыстық партия комитетінің жанында Марксизм-Ленинизм университеті болатын. Сол университеттің экономика факультетін бітірді. Бұл кезде ол кісі ата-бабасының кіндік қаны тамған жері – Партияның ХVIII съезді атындағы совхоздың бас бухгалтері еді. Әрине бұл қызметке де сатылап жетті. Білім мен тәжірибені қатар қабылдап, білім жарық сияқты жолды көрсетсе, ал тәжірибе сол жолмен жүріп өту еді. Біріншісі бағыт берді, екіншісі іске асыруды үйретті. Білімнің ерекшелігі сол, үнемі жаңарып отырады, ал тәжірибе болса, бәрін қолмен ұстағандай етіп көрсетеді. Сәл шегініс жасасақ, 1973 жылдан Партияның ХVIII съезі атындағы совхозда бас бухгалтердің орынбасары болып бақандай 13 жыл қызмет етті. 1986 жылы бас бухгалтер болды. Өткен ғасырдың аяғында қоғамдық қатынас өзгерді, бұл жай ғана тарихи кезеңнің ауысуы емес, адам санасының түгелдей өзгере бастауының басы болды. 1994 жылы совхоз қайта құрылып А.Тоқмағанбетов атындағы өндірістік кооперативке айналды. 9 жыл сонда бас бухгалтер қызметін атқарды. Бұл бір ерекше кезең еді. Аға енді өзін қоғамның бөлшегі ретінде ғана емес, дербес таңдау жасай алатын, өз таңдауына ықпал жасай алатын тұлға ретінде сезінетін болды. Бірақ еркіндікпен қатар белгісіздік те бой көрсетті. Бұрын бәрі де анық еді. Мемлекетке жоспарлы өнім бересің, қалғанын үкімет өзі қамтамасыз етеді. Ал енді жоспарлы өнім сұралмайды, бірақ егін егуге қажетті нәрсенің бәрін өзің табуың керек. Екінші жағынан бұл сынақ уақыты болды, кім жаңаға бейімделе алды, сол алға шықты, кім ескі әдеттен арыла алмады, сол артта қалды. Осы өзгеруде жаңа мүмкіндіктер ашылып, жаңа адамдар, қабілетті қызметкерлер шықты. 2005 жылы шаруашылық тағы өзгерді. Б.Жылқыбай осы «А. Тоқмағанбетов-Жер» ЖШС-нің бас бухгалтері болып, 2009 жылы зейнет демалысына шықты.

Қашан да жұмысына тиянақты, қарапайым да әділ болды, сол үшін ұжым, ауыл сыйлады. Әлі де алдынан бір адам көлденең өтпейді. Әділдік – ұстанымы, қарапайымдылық – мінезінен еді, екеуі қосылып ішкі болмысының тазалығын көрсетеді. Әділдік адамдар арасында сенім тудырды. Қарапайымдылығы өзіне жақындатты. Ол ешқашан өзінің жақсы адам екенін көрсетуге тырысқан жоқ, оны болмысымен көрсетті. Шынайы құрмет қызметпен, атақ пен мүмкіндіктің молдығымен емес, әрекетпен келеді. Қашан да таразыны тең ұстады.

Сөзге шебер, батагөй ағамыз қазір де қоғам­дық жұмыстарға белсене қатысады, ауылдық қауым­дастықтың төрағасы.

Иә, өмір деген өткінші, бұл дегеніміз уақыттың тынымсыз ағыны. Адам да, заман да, қоғам да өзгереді. Ал өзгермейтіні – қалдырған ізің.
Ағамыз қазір де аттан түсіп тұрған жоқ, үлкен отбасының басшысы. Ұлдары мен қыздары, неме­релері атасын мақтан етеді.

– Бәрзекең – мықты азамат. Ауылдың ғана емес, ауданның, экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты. Ақжарқын мінезімен көпшілікті баурай білді. Арқа сүйейтін ағамыздың бірі,– дейді Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының үздігі, өзі «Дәу қазақ» деп атайтын Жантемір Айсин.

Айсұлу жеңгемізбен бірге ұрпақ­та­рыңыздың қызығына бөлене беріңіз, Аға!

Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
01 мамыр 2026 ж. 63 0