Ауыл шаруашылығындағы маңызды бағыттар талқыланды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Жиынға ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе – көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы. Аталған мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы баяндама жасап, биыл егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі, олардың құрылымы және суармалы жерлерді тиімді пайдалану жоспарлары туралы айтып өтті.– Биыл ауданда 32064 гектарға егін егу жоспарлануда. Оның ішінде, күріш дақылы 17 000 гектарға егілетін болады. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдарында жалпы – 4585 гектар ақ егіс егілді. Биылғы егіске 5000 тонна күріш тұқымы құйылып, қазіргі таңда 3289 тоннасы себу дәрежесіне жеткізілді. Күріш егісіне қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 10 800 тоннаны құраса, бүгінге 9395 тоннасы сатып алынды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 780 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қажетті 2825 тонна дизель отынының 1015 тоннасы шаруашылық құрылымдарына жеткізілуде. Бүгінде «Қазсушар» РМК облыстық филиалымен 117 шаруа қожалық суға келісімшартқа отырды. Ауданда барлығы 91 дана насос қондырғысы бар. Оның ішінде 33 дана насосты ауылдық округтердегі үй іргесіндегі жерлерге және шаруашылықтар егінге 58 дана насосты пайдаланатын болады, – деген бөлім басшысы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Екінші мәселе – төрт түлікті түгендеу және олардың арасында қауіпті жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу шаралары бойынша аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Нұрлыбек Дәулетбаев баяндады. Ол 2026 жылға аудан бойынша эпизоотияға қарсы 12 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 3 айға межеленген көрсеткіш 100 пайызға орындалғанын айтып өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық шаралар жүргізу мақсатында 6 түрлі ауруға қарсы ветеринариялық іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес ветеринариялық-профилактикалық шаралар толық орындалғанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде аудан басшысы сала мамандарына тиісті жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуы керектігін тапсырды. Және МӘМС, мерзімді әскерге шақыру және санитарлық тазалық секілді қосымша мәселелер қаралып, тапсырмалар жүктелді.
«Тт» ақпарат











