Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№32 газет

01 мамыр 2026 ж.

№ 31 газет

28 сәуір 2026 ж.

№30 газет

25 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Келісіп пішкен тон келте болмас

Келісіп пішкен тон келте болмас

Жақында «Руханият орталығында» Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті алқа мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде бірнеше мәселе көтеріліп, аудан ардагерлері сан алуан пікірін ортаға салды. Жалпы алғанда, басқосуға ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, кент және ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Тұрар Нұрмағанбетов және өзге де пленум, алқа мүшелері қатысты.

Жиынды ашқан Тереңөзек кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сталбек Тобағұлов сөз алып, мәжілістің жүру тәртібіне тоқталды. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев баяндама жасап, осы жылдың есепті мерзімінде атқарылған жұмыс­тарды атап көрсетіп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын мақсат-міндеттерді саралады.

– Қазақта «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген тәмсіл бар. Ұлтымыз үлкенді қадір тұтып, құрмет көрсеткен. Бүгінде ел ағалары атанған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарды ардақтау – ізгі дәстүрге айналды. 2026 жылдың есепті мерзімінде аудан көлемінде арда­герлер кеңесінің құрамында 4582 ардагер бар. Олар сан түрлі деңгейдегі 74 бастауыш ұйымға біріктірілген. Негізінен, ауданда 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 38 басқа мемлекеттер аумағындағы әскери ұрыс-қимылдарына қатысқан жандар, 20 жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азамат бар. Қариялар – халықтың ақылшысы, даналықтың иесі. Олар өз өмір тәжірибесі арқылы жастарға дұрыс бағыт көрсетіп, қиын сәттерде ақыл-кеңес береді. Ақылман жандардың сабырлылығы, көрегендігі мен мейірімділігі – қоғамның рухани тірегі. Бүгінде ардагерлер мен қарияларға құрмет көрсету – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Оларға қамқорлық жасап, жағдайын жақсарту, жылы сөз айту – адамгершіліктің белгісі. Себебі олар – біздің өткеніміз. Ал өткенін құрметтеген халықтың болашағы жар­қын болады. Ардагерлер мен қариялар – ұлттың алтын қоры. Олардың өмір жолы мен айтқан өсиеті бізге әрқашан бағыт-бағдар береді. Сондықтан оларды қадірлеп, құрметтеу – өскелең ұрпақтың міндеті. Айта кетейік, ауданда ардагерлер кеңесінің алқа отырысы әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Биыл есеп беру кон­ференциясында кеңестің жаңа құрамы жасақталды, – деді Мұса Алпысбайұлы.

Дөңгелек үстел барысында жиналып, көп­теген мәселенің түйінін тарқату – құптарлық іс. Ашық, еркін форматта өткен жиында бір­қатар өзекті мәселелер айтылып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Ардагерлер қоғам өмірінен ешқашан ажырап қалған емес. Бүгінде жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін арда­герлердің бастамасымен бірнеше іс жүзеге асуда. Бұл ретте Қалжан ахун ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жорабек Маханбетов хабарлама жасады.

– Дін ғұламасы Қалжан ахун ауылында халық саны – 1130 адам, оның ішінде зейнет жасындағы жандар 145-ті құрайды. Есепті кезеңде ауыл ардагерлерінің қатысуымен 6 кеңес отырысы өткізіліп, елді мекендегі мәселелер бойынша көп­шілік өз көзқарастарын білдірді. Қоғамдық-мәдени іс-шараларға ардагерлер белсенді түрде қатысып келеді. Атаулы күндерде олар­ға құрмет көрсетілуде. Елді мекендегі шаруа қожалықтарының демеушілігімен жүйелі жұмыс­тар жүргізілуде. Ауылдық клуб жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблі Түркістан қала­сына арнайы іссапармен барып, Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындарына концерттік бағ­дарлама ұсынды. Олар тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі қоғамның да тірегі. Өз бастарынан талай қиындықты өткерсе де, адамдық қасиеттерін жоғалтпай, сабыр мен төзімділіктің үлгісін көрсетіп келеді. Осындай қасиеттері арқылы ардагерлер кейінгі ұрпаққа дұрыс өмір сүрудің жолын үйретуде. Қазыналы қарт­тардың бойында ерекше жылулық пен қара­пайымдылық бар. Олар көп жағдайда өз ерліктерін айтпайды, бірақ олардың әрбір ісі мен өмір жолы үлкен мағынаға ие. Жастар үшін мұндай адамдармен сұхбаттасу – кітаптан оқығаннан да артық тәжірибе. Себебі олардың әрбір сөзі – шынайы өмірден алынған сабақ, – деді Жорабек Маханбетов.

Алқа мәжілісінде бұған дейін ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болған Бақыт Әбдуов денсаулық жағдайына байланысты қызметінен босатылды. Ашық да­уыс беру нәтижесінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне мем­лекеттік салада тәжірибесі қалыптасқан ардагер Ғабдолла Алданазаров сайланды. Өз кезегінде Асқар Тоқмағанбетов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқа­ратын Ғабдолла Алданазаров елді мекенде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Ақиық Асқар Тоқмағанбетов ауылында 185 ардагер бар. Оның ішінде 18 ардагер «Алтын» және «Күміс алқа» иегерлері. Ауыл әкімшілігінің бірінші қабатында ардагерлерге арналған тынығу бұрышы жасалып, олардың тұрақты түрде бильярд ойнауына жағдай жа­салған. Жалғызбасты екі азаматқа әлеуметтік қызметкер қарастырылған. Бұдан бөлек, атау­лы күндерде елді мекендегі «Берекет» және «Аманат» шаруа қожалықтары ардагерлерге құр­мет көрсетуді назардан тыс қалдырған емес. Ардагерлер – өмірдің дауылына төтеп берген, уақыттың талай сынынан сүрінбей өткен жандар. Олардың тағдыры – үнсіз жазылған шежіре, әрбір ізі – ұрпаққа қалдырған өнеге. Олар бізге ерлік туралы айтпайды, бірақ олар­дың өмірі ерліктің өзін сөйлетеді. Қарттық – әлсіздік емес, керісінше, даналықтың биік шыңы. Ардагерлердің жүзіндегі әжім – жай ғана уақыттың ізі емес, ол көрген қиындықтың, төккен тер мен төзімнің белгісі. Сол әжімдердің әрқайсысы – бір-бір тағылым, бір-бір сабақ. Бүгінгі ұрпақ көбіне жетістікке тез жетуді қалайды, ал ардагерлердің өмірі бізге сабыр мен еңбек қана шынайы биікке жеткізетінін үйретеді. Олар қиындыққа мойымай, үмітін жоғалтпай, әрқашан алға ұмтылудың үлгісін көрсетті. Бұл – сөзбен емес, іспен дәлелденген ақиқат. Ардагерге құрмет көрсету – тек ізет білдіру емес, ол өзіңнің адамдық биігіңді таныту, – деді Ғабдолла Алданазаров.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 мамыр 2026 ж. 70 0