Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 газет

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Тәуелсіздік – қымбат қазына

Тәуелсіздік – қымбат қазына

«Тәуелсіз» деген сөз – дүние жүзіндегі ең асқақ әрі ардақты ұғымдардың бірі болар. Себебі тәуелсіздік – еркіндіктің, теңдіктің, бейбіт өмірдің, елдіктің белгісі, ұрпаққа аманат етілген ең қымбат мұра, баға жетпес құндылық.

Тәуелсіздік – мыңдаған жылдар бойы азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың ақиқатқа айналған арманы. Бұл – Қазақ елінің ғасырлар бойы жасаған жанқиярлық күресінің нәтижесі, аналарымыздың көз жасына лайық Алланың берген ұлы сыйы.

Бүгінгі таңда Қазақстан шекарасы шегенделген, діні мен тілі айқындалған, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық ұстанымдары бекітілген, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекет. Өзінің төл мәдениеті мен ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін дәріптеп, жаңғырта білген ел ретінде әлемдік сахнада өз орнын айқындады. Тәуелсіздік тек тарихи дерек емес, ол – ұлы ұғым. Сол ұғымды сақтау мен ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.

Сырым, Исатай мен Махамбет, Кенесары, Амангелді сынды батырлар – ел намысы үшін жанын қиған тұлғалар болған. Ал ХХ ғасырда Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандар елдің рухын оятып, тіл мен дінді сақтау жолында қызмет етті. Алаш зиялыларының басты мұраты ұлтты ұйыстырып, ел болмысын айқындау еді. Бұл жолда ана тіліміздің мәртебесін көтеру айрықша маңызға ие болды. Алаш қайраткерлері тілдің тек қатынас құралы емес, ұлттың рухани, саяси және қоғамдық тірегі екенін терең ұғынды. Сондықтан да олар тіл үшін жан-жақты күрес жүргізіп, келешекке өшпес мұра қалдырды. Бұл еңбектер бүгінгі еркін елдің азат ұрпағы үшін аманат. А.Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екендігін алғаш аңғартты.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар...» деген («Нахл» сүресі, 18-аят). Нығмет тек мал-мүлікпен шектелмейді. Жаратушы Алла адам баласына берген үлкен нығметтерінің бірі – осы бейбіт күніміз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірдің шынайы байлығы мен бақыты қайда екенін айқындап берген. Әрбір адам баласы таңды аман-есен, тыныштықпен қарсы алса, яғни өзі, отбасы мен жақындары да қауіпсіздікте, дендері сау, ауру-жарақаттан алшақ және күнделікті күнкөрісіне жарайтын нан-несібесі болса, сонда ол адамға бүкіл дүние өз байлығын сыйлағанымен тең болатындығын үйреткен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

«Кімде-кім таңды дені сау, қауіпсіз ортасында, бір күндік азығы бар күйде атырса, ол – бүкіл дүниенің игілігі өзіне түгелдей берілгенмен тең» деген.

Нағыз байлық – амандық, саулық және жеткілікті ризықта. Бұл үшеуінің бар болуы үлкен нығмет, әрі олардың қадірі ерекше болады. Жүрек тыныштығын да, жанымыздың азығын да, өзіміздің, отбасымыздың, туған-туыстардың амандығын, ел-жұртымыздың қауіпсіздігін де бір жерде тоғыстыратын ең негізгі, әрі ұлы нығмет ол – жеріміз бен еліміздің амандығы. Халқымыздың «Отан – оттан да ыстық» деп айтуының мән-мағынасы да осында.

Айша анамыздан келген деректе Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі бослын): «Уа, Алла! Бізге Мәдинаны Меккедей, тіпті одан да артық сүйікті ете гөр! Мәдинаны бізге шипалы ет! Оның әрбір бөлігін бізге берекелі ете гөр!» деп дұға еткен.

Сахих әл-Бұхариде мынадай хадис келтірілген: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапардан оралғанда, Мәдинаның белестері көріне бастаған сәтте, түйесін қамшылап, жүрісін шапшаңдата түсетін еді». Хафиз Ибн Хажар бұл хадиске байланысты өзінің еңбегінде: «Бұл риуаят отанды сүю мен оған деген сағыныштың шариғатта құпталған қасиетті іс екенін білдіреді» деп түсіндірген.

Бүгін біз кешегі тарихтың соқпағынан сүрінсе де, жығылмаған, дінін дәстүріне айналдырып, сенімін жоғалтпаған текті елдің тізгінін ұстап отырмыз. Шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр мекеннің ми­рас­қорларымыз. Сондықтан да ғасырлар бойы армандаған тәуел­сіздіктің қадір-қасиетін ең алдымен өзіміз ұғынып, оны ұрпаққа жеткізу – парыз әрі аманат.

Бабаларымыз өлең-жырлары ар­қылы тек өз заманына үн қатқан жоқ. Олар болашаққа хат жазды, бүгінгі бізге қарата сөйледі. Солардың бірі Бұқар жырау бабамыз өз жырында «Ақ ордаң тозбасын, туың жығылмасын, жауға табан име!» деген сөзді терең астармен жеткізді. Сондықтан бұл жолдарды оқу тек тарихты оқу ғана емес, ұлттың рухын сезіну болады.
Құрметті аудан тұрғындары!

Отан – қасиетті ұғым, ал оның тәуелсіз болуы Алланың дарытқан шексіз нығметі. Ақын Қадір Мырза Әлі «Отаныңнан қанша шақырым ұзақтасаң, сонша шақырым рухани жақындай түсесің» деп айтқанындай әрбір жан өзінің туған жерін жақсы көреді, алыс жаққа сапарлап шыға қалса, сағынады. Сондықтан туған жерді қадірлейік, қасиетті топырағымызды ардақтайық. Қиындықта – сабыр, кеңшілікте – шүкір етіп, аманат елге адал болайық. Себебі ел деген – өткінші дүние емес, ұрпаққа қалатын ұлы мұра. Жаратушы Алла еліміздің еңсесін биік, жеріміздің тыныштығын берік еткей.

Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария ауданының
бас имамы
13 желтоқсан 2025 ж. 37 0