Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№90 газет

25 қараша 2025 ж.

№89 газет

22 қараша 2025 ж.

№88 газет

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Қоғалыкөл: тірлігі көркем ауыл

Қоғалыкөл: тірлігі көркем ауыл

Ауданда жер-су атауымен аталатын елді мекеннің бірі – Қоғалыкөл ауылы. «Қоғалыкөл» деп аты аталып тұрғандай, көл ауыл ортасында орналасқан. Ауыл тарихында көлдің көлемі 20 гектар аумақты алатыны айтылады. Өткен ғасырдың 1970-1980 жылдары көл суы тартылып, сусыз қалады. Табанын қалың жыңғыл қаптайды. Осыдан оншақты жыл бұрын ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Қожановтың ұсынысымен көлдің ортасынан бөгет салдырылған. Содан бері бөгетті ел өз игілігіне пайдалануда. Құрылысты сол уақыттағы кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты болған марқұм Расул Есенов жүргізгені ел аузында.

Облыс пен аудан орталығынан қашықтығы бірдей орналасқан ауылдың тыныс-тіршілігіне көз сүйсінеді. Халқы егін салып, мал бағып, кәсіпкерлікпен айналысуға дағдыланған. Ата кәсіп мал шаруашылығы өркендеген елді мекен тұрғындарының тұрмысы жылдан жылға жақсарып, ауыл көркейіп келеді.

Ауыл тарихы 1929 жылдардан бас­тау алады дейді көзкөргендер. 1932 жылдары Сталин, Ортақшыл, Октябрь, Молотов колхозы бірігіп, Сталин колхозы, кейін Октябрь колхозы болса, елді мекен 1972-1995 жылдар аралығында Жамбыл совхозы болып аталады. Ал Қоғалыкөл атауы 1999 жылы беріледі. Негізінен ел тарихы Құлболды ишанның ұрпақтарынан бата алған Мұңайтпас пен Майқан болыстың есімдерімен тығыз байланысты. Екі болыстың малы жайылған жері ұшы қиырсыз аумақты алып жатқан. Сол заманнан қалған жер атаулары да осы болыстардың атауы­мен қалған. Аңыз-әңгімелерде Сақ патшайымы Тұмар осы Қоғалыкөл жерінде Кир патшаның басын алған деген де бар.

Қоғалыкөл елді мекенінен шыққан танымал тұлғалардың бірі – Құлболды Сұлтанұлы (Құлболды ишан). Ишан адамгершілік пен парасаттылықтың ақ туын желбіретіп жоғары ұстаған ислам дінін уағыздаушы болған. Сондай-ақ көрнекті тұлғалардың қатарында Алтайбек Аязқожаұлының есімі де ерекше аталады. Бұқарадағы медреседе оқып, ахун атағын алған тұлғадан Қожық, Қожықтан Қоңырқожа, Қоңырқожадан Сұлтанахмет Қожықов тараған. Осы әулеттен Қоңырқожа, Латипа, Сұлтанахмет Қожықовтар есімі белгілі мұғалім, суретші, режиссер ретінде танымал. Сонымен қатар киелі топырақта туған Мұңайтпас, Сералі Лапиннің де елге сіңірген еңбегі ерекше аталады. КСРО-ның халық артисі Сәбира Майханованың да туған жері – осы ауыл. Қоғалыкөл ауылында «Майхан төбе» деген жер бар. Ауылдың дамуы мен өсіп-өркендеуінде есімдері алтын әріппен жазылған тұлғалардың қатарында Рабиға Іздіқұлова, Пазылбек Әбдірахманов, Танаш Дәуренбеков, Жаңбырбай Қожауов, Әскербек Рахымбекұлы, Қайырбек Мырзахметов, Болат Омарәлиев, Қамар Рүстемов, Ибрагим Әбибуллаев, Аманкелді Ахметов секілді қайраткерлер шыққан.


2500-дей халқы бар ауылдың бүгінгі жағдай туралы ауылдық округ әкімі Бақытжан Рахымбеков былай дейді:

– Елі мен жері құт мекен Қоғалыкөл халқы ел ақсақалдары мен іскер азаматтарының, белсенді жастарының арқасында тату-тәтті тіршілік етуде. Ең бастысы жұмыссыздықты азайту мақсатында, кәсіпкерлікті қолға алғандардың қатары көбеюде. Биылғы жылы жаңадан 15 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, жалпы саны 174-ке жетті. Оның жұмыс жасап тұрғаны 169. Мемлекеттік және өңірлік бағ­дарламалар аясында «Сырдария – 1» несие серіктестігінен мал басын көбейту мақсатында, «Кең дала» бағдарламасы аясында егін шаруашылығын жүргізуге, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алғандар бар. Аграрлық несие корпорациясынан «Іскер» бағдарламасы аясында мал шаруашылығына ауыл тұрғыны қаражат алды. Осы жылдың өзінде жұмыспен қамту орталығы арқылы «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 1 млн 572 мың 800 теңгеден 14 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алды, – дейді ауыл әкімі.

Ауыл халқының игілігі үшін атқа­рылған жұмыстың бірі – Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі бағытындағы 10,2 шақырым тас жолына орташа жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілген. Оның ішінде Қызылорда-Қоғалыкөл бағытындағы 6 шақырым және ауылішілік 3 шақырым жолды асфальттау жұмыстары жүргізілген. Қоғалыкөл көліне салынған бөгет үстіне түнгі жарықтандыру шамдары орнатылып, самаладай жарқырап тұр. Балалар игілігіне ауылдағы О.Садықұлы көшесінің бойына спорттық ойын алаңы салынған. Ауыл әкімінің айтуын­ша елдімекенді газдандыру бойынша демеушілік есебінен құны 1 135 280 млн теңгеге жобалық сметалық құжат әзірленген. Бұл енді біршама уақыттан кейін ауыл халқы табиғи газдың игілігін көреді деген сөз.

Жыл сайын жүргізілетін көркейту-абаттандыру жұмысының арқасында ауыл көшелері таза әрі жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің қатары көбейген. Бұл ең алдымен ауыл ахуалының жақсарғаны, ел бірлігінің артқаны.

Бибісара ЖАНӘЛІ

25 қараша 2025 ж. 108 0