Құрметке лайық қадірлі жан
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім, соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Оспан Әбілпаттаевтың есімі Сыр жұртшылығына етене таныс екені белгілі. Аудан орталығындағы іргелі мектепке, үлкен көшеге есімі берілген қайраткер тұлғаның еңбегін ел-халық әркез жоғары бағалайды. Тұғырлы тұлға тарихтан да, қоғамнан да өз бағасын алып, елге үлгі-өнеге болған үлкен әулеттің тірегіне айналды, артына өшпестей ізгілікті із де, ұлағатты іс те қалдырды десек қателеспейміз. Бірақ бүгін біз Оспан Әбілпаттаев туралы емес, ол кісінің келіні, текті әулеттен шығып, текті әулеттің түтінін түтеткен, атасының жолын қуып ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, ауданның білім саласының дамуына лайықты үлес қосқан Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Қызылорда облысының дамуына үлес қосқаны үшін» медалінің иегері Бекмағанбетова Ұлболсын Сейтенқызы туралы жазбақпыз.Ұлболсын Сейтенқызы ұстаздық қызмет атқару үшін жаралғандай болмыс-бітімі бөлек, білім саласына жан-тәнімен берілген аяулы жан. Шәкірттері шыңға шығып, биік белестерді бағындырған мерейлі мұғалімнің саналы ғұмыры И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектепте еңбек етуге арналды. Сұлу Сырдың бойындағы Бидайкөлде кіндік қаны тамып, әкесі Сейтен (шын есімі Сейіт-Ахмет) мен анасы Мыңтеңгенің тәлім-тәрбиесін тұла бойына сіңірген кейіпкеріміздің балалық шағы қарапайым отбасында өтті. Әкесі жылқы бағып, бие сауып, жер жыртып, егін еккен шаруаға мығым азамат болса, анасы мінезге бай, өте сабырлы, тазалықты ту еткен, қабақ шыту дегенді білмейтін өте иманжүзді кісі болған екен.
1963 жылы мектеп табалдырығын аттап, бастауыш сыныпта ұстаздардың ұстазы атанған Анар Ізбасаровадан білім алған Ұлболсын Сейтенқызы оқыған мектебін, сыныптастарын тебірене ой елегінен өткізіп, жақсы естеліктер айтады. Әсіресе есімі аудан жұртшылығына белгілі білім саласының майталмандары Қайысбек Байсалбаев, Рая Қызылхожаева, Ұлбике Ерімбетова, Роза Сарабаева, Дәнеш Мамытбаева, Рыскүл Бәжиева, Берікбол Ермаханов, Сейткамал Усабаев, Алмат Пірімбетов, Ибрагим Танабаев, Ибадулла Байдәулетов, Жоламан Ерманов секілді ұлағатты ұстаздардың есімін де, еңбегін де жадында сақтап, ерекше ықылас-пейілімен құрмет тұтады.
Мектепте үздік оқыған ол 1977 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені бітіріп, оқу орны берген жолдамамен А.Тоқмағамбетов ауылындағы мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа қабылданады. Кейін өзі оқыған мектепте еңбек жолын аға пионер вожатый болып жалғастырады. Қастерлі қарашаңырақтың табалдырығын жас маман ретінде имене аттаған сәті әлі күнге жадында. Белсенділікті ту еткен ізденімпаз мұғалім бірлігі бекем, тірлігі көркем білім ордасын жатырқаған жоқ. Ә дегеннен-ақ №35 мектеп-лицейінің абыройын асқақтатып, өзін білімді маман ретінде таныта білді. Көп өтпей «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, «Үздік мұғалім» номинациясын жеңіп алады. Ұстаздың ізденіске толы шығармашылық еңбек жолы осылай басталған-ды.
– 1991 жылы бастауыш сынып мұғалімдеріне арнап өзімнің атымнан «Атаулы мектеп» аштым. Сөйтіп аудан бойынша шығармашылыққа бейім ұстаздарға сабақ бердім. Бірнеше рет республикалық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасадым. 1994 жылы еңбегім жоғары бағаланып, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атандым. Еңбектерім республикалық, облыстық және аудандық басылымдарда жарияланып, «Үздік қолөнер шебері» атағымен де марапатталдым, – дейді ұстаз өз жетістіктері туралы.
Жалпы Ұлболсын Сейтенқызын ауданның зиялы қауым өкілдеріне кеңінен таныстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның бүкіл ғұмыры, атқарған еңбегі және өнегелі істері аудан халқының көз алдында. Бұл туралы білім саласының ардагерлері Ұлмекен Жаналиева, Анар Ізбасарова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ұстаз Жанна Сәркеева тебірене айтып, әріптестерінің еңбегін жоғары бағалайды.
– Ұлболсын – нағыз ұстаз, оның шәкірттері түрлі салада жемісті еңбек етуде. Мұғалімнің мерейі, еңбегінің жемісі деген осы, – дейді аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Шанайқызы. Ал аудандық білім бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі Анар Ізбасарова кейіпкеріміздің педагогтар отбасының белді өкілі, қастерлі қарашаңырақтың шамшырағы, ұлағатты ұрпақтардың ардақты анасы екенін айтады. Білім беру саласының майталманы Алтын Нұртаева да замандастарының пікірін қуаттап: «Біз Ұлболсынмен бірге қолөнер шеберлерінің көрмелеріне қатысып жүрміз. Қолынан шыққан бұйымдар «көздің жауын» алады. Еңбектің, ізденістің нағыз үлгісі. Ол мәдени-көпшілік, рухани-танымдық іс-шаралардың белді қатысушысы, ұйытқысы» дейді. Өзіндік орны, мәртебелі төрі бар абзал аналардың сүбелі сөзін қоғам қайраткері Алма Бақтиярова да жалғай түсті.
– Мен ұстаздың ерекше қырын сөз еткім келеді. Ол бірер жыл бұрын авторлық кітабын жарыққа шығарды. Кітаптың «Өмір – ғажап...» деп аталуында үлкен мән бар. Себебі, ұлағатты ұстаз өмірден көргені мен түйгенін терең саралап, ой елегінен өткізіп, Отан мен отбасы ұғымының қасиетін қара қаламына арқау еткен. Сондай-ақ өз өмірінің ұмытылмас сәттерін, әке-ананың, ата-ененің қадір-қасиетін, жақсы адамдардың игі істерін өз өмірінен сыр шерте отырып баяндаған. Автор балдәурен балалық шақ пен студенттік кезеңнің қызықтарын, алғашқы еңбек жолының басталуын, ақ ниетпен ақ босаға аттап, өнегелі әулетке келін атануын, ұрпақ сүйіп, асыл жар, аяулы ана, ардақты әже болуын қарапайым, ұғынықты тілмен жеткізген. Бір сөзбен айтқанда, үлгі етер ісі де, айтары да бар ұстаз. Осындай ұстаздарды құрметтеп, еңбегін дәріптеген дұрыс, – дейді «Құрмет» орденінің иегері Алма Сайранқызы.
Иә, ардагер ұстаз зейнетке шыққанымен халықтың алдында, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды және ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге сіңірген еңбегі үшін «Ел құрметі» медалімен марапатталды. Министрліктердің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатын иеленді. Облыстық деңгейдегі қоғамдық ұйымдардың белді мүшесі қазіргі таңда «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бас кеңесшісі ретінде жұмыс жасауда. Сырдария ауданының Әйелдер кеңесінің белді мүшесі ретінде де аудандағы қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс-шараларға қатысып, қолдау көрсетіп келеді. Төл өнерді төрге шығарып, көрмелерге қатысып, халықтан жоғары баға алып жүр. Бір сөзбен айтсақ, зейнет демалысына шыққанымен қоғамнан, ізденіске толы шығармашылық еңбектен қол үзген емес. Бұл туралы «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қағамдық бірлестігінің бас төрайымы Алтынай Мырқықызы да атап өтті.
– Ұлболсын Сейтенқызы мақтауға да, онымен мақтануға да лайықты деп пікір білдірер едім. Ол қоғам адамгершілікке шөлдеп, шетелге еліктеп салт-дәстүрімізге салғырт қарап тұрған қазіргі уақытта қазақ анасының болмысын дәріптеп жүрген аналардың бірегейі. Біздің қоғамдық бірлестікке де сіңіріп жатқан еңбегі орасан зор. «Аяулы ана», «Қазақ анасы» төсбелгілерімен марапатталды. Биыл Сыр аналарының көшін бастап Түркістан облысында ұйымдастырылған «Қыз көші, сәукеле керуені» атты мыңнан астам аналар қатысқан ауқымды іс-шараға қатысып, Гиннестер кітабына есімі енді. Болашақ ұрпаққа айтары бар, ұлағатты, тәрбиелі сөздері бар, артымыздан келе жатқан замандастарымызға үлгі боларлық анамен әріптес болғаныма қуанамын, – дейді Алтынай Мырқықызы.
Жұмыста, қоғамда өзіндік абырой-беделі бар тұлға отбасының да шамшырағы. Құт қонып, бақ дарыған әулетке бала келін болып түскен ол бүгінде дана келін ғана емес, іргелі әулеттің үлгілі анасына айналды. Сыр спортының дамуына айрықша үлес қосқан, талай танымал футболшыларды тәрбиелеген есімі елге белгілі білікті бапкер Пазылхан Әбілпаттаевпен шаңырақ көтеріп, Асанхан, Жандос және Сымбат есімді ұл-қыздарды дүниеге әкеліп, қанаттандырды. Бүгінде ұлағатты әулеттің ұл-қыздары өмірден өз орындарын тауып, түрлі салада абыройлы еңбек етіп, ата-аналарының мерей-мәртебесін өсіріп жүр. Халқымызда «Құданы Құдай қосады» деген тағылымды сөз бар. Бүгінде Пазылхан Әбілпаттаев пен Ұлболсын Бекмағанбетова текті әулеттермен құда болып, ұл-қызынан тараған ұрпақтарының қызығына кенеліп отырған ардақты жандар.
Халық даналығында «Көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген нақыл бар. Кейіпкеріміз көпті көрген көреген жан. Білім саласында біркісідей абыройлы еңбек етті. Үлкен әулеттің үлгілі келіні атанды. Төл өнердің, қолөнердің мерей-мәртебесін биіктетіп, ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттап жүр. Жай насихаттап жүрген жоқ, өзі де киім киісімен, жүріс-тұрысымен, сөзімен, ісімен үлгі-өнеге көрсетуде. Оның үстіне «Өмір – ғажап...» атты кітап шығарып, балалық шағы мен кемелденген шағының ұмытылмас естелікке, жарқын жетістікке толы кезеңдерін түгел дерлік жинақтап, басып шығарды. Оқырман олжасына айналған туындыны тәрбиелік-танымдық маңызы зор кітап ретінде бағалауға болады. Сондықтан Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Қызылорда облысының дамуына үлес қосқаны үшін» медалінің иегері Ұлболсын Бекмағанбетоваға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Ең бастысы, кейіпкеріміз барлық құрметке лайықты қадірлі жан, ардақты ана, асыл жар, аяулы әже және де болмыс-бітімі бөлек, білім саласына, қоғам дамуына, ұлт руханиятына жан-тәнімен берілген нағыз ұстаз...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі










