Айдарлыдағы құс фермасы

Бүгінде үш ауыл тұрғыны еңбек ететін фермада қазды ет және жұмыртқа бағытында асырайды. Біздің аймаққа төзімді келетін құс бағудың ерекшелігі туралы ферма жұмысшысы Мақсұтдин Жиренов айтып берді.
– Кезінде Қостанайдан «линда» деген түрі бір апталық балапан кезінде фермаға әкелінді. Біздің ауа райына, яғни 40 градус суыққа төзімді келетін құсты бағудың аса бір қиындығы жоқ. Көбіне көлде жайылып жүреді. Екі мезгіл жем-суын береміз. Қаз жылдың сәуір-маусым айларында ғана жұмыртқалайды. Жұмыртқасы тауықтың жұмыртқасынан 3 есе үлкен. Негізінен қаздың салмағы 5 келіге дейін барады. Осы жерде жұмыртқасын инкубаторға салуға дайындаймыз. Балапандар шыққан соң күтімге алып, бағамыз. Бұл жер қалың ну тоғайлы болғандықтан, қаз итке, аңға жем болады. Сондықтан күні бойы бақылап, кешкісін қораға кіргіземіз, бір жұмысшы түн мезгіліне қарауылдыққа қалады. Осылайша үш адам кезектесеміз. Негізінен бұрын жасаған жұмысымыздан бұл жұмысымыз әлдеқайда жеңіл, – дейді қаз бағушы.
Елімізде құс шаруашылығы ауыл шаруашылығының болашағы зор бағытының бірі болып саналады. Себебі құс бағу арқылы қысқа уақытта халықты өнімімен қамтамасыз етіп қана қоймай, одан пайда табуға болады. Жер бетінде алғашқы болып пайда болған қаз өсіру – экономикалық тұрғыдан да, тұтынушылық жағынан да тиімді кәсіп. Құс шаруашылығында өндірілетін ет, жұмыртқа, мамық секілді өнімдері пайда әкеледі. «Артықшылығы оның үлкен өнімділігі мен тез жетілуінде» дейді мамандар.
Сұранысы күн сайын артып келетін сала өнімі, әсіресе еті керемет қасиетке ие. Қаз – қарапайым тауықпен салыстырғанда тез салмақ жинайды.
Қаздың мамығы жастық жасауға таптырмас зат. Ал оның жұмыртқасының өзі түрлі дәруменге бай. Бір жұмыртқаны таңертең жеп алсаң, күні бойы тоқ жүреді екенсің. Осы фермада өсіріліп отырған қаз 3-4 жыл бағылады. Күтімі болмаса түрлі ауруға шалдығады. Құс өсірушілердің айтуынша, қаз аяқтан қалады екен. Өт толып жүре алмайды. Бауыры да іріп кетеді. Әлемде жаппай құс тұмауы орын алғанда дәрі егіп, құс тұмауының алдын алған. Осы күні де ауруға шалдықпауы үшін тексерістен өткізіп, тиісті ем-дом тұрақты жүргізіледі.
Иә, «Ет жемейтін қазақ жоқ», демекші, мына қымбатшылық заманда басқа еттен гөрі құс етін жиірек асқа пайдаланатын тұрғындар диеталық тағам ретінде жұмыртқасы мен етін бағалайды. Нарықта танымалдыққа ие құс еті мен табиғи алынған жұмыртқаға қызығушылық пен сұраныс артып отыр. Сондықтан Айдарлы ауылындағы шағын құс фермасы одан әрі дамып, өркенін жайса, қаншама адамға жұмыс орны болады. Одан бөлек ауыл тұрғындары мен Сыр жұртшылығы өз өнімін тұтынатын еді.
Мына бір қызықты дерекке назар аударсақ, әлемдік нарық көшбасшылары арасында бүгінгі таңда құс етінің негізгі өндірушілері Қытай, АҚШ, Бразилия және Ресей мемлекеті. Күркетауық етін өндіру бойынша АҚШ, Германия, Бразилия көш бастап тұр. Үйрек пен қаз етімен Қытай, Франция және Венгрия қамтамасыз етеді. Әлемдегі негізгі жұмыртқа өндірушілер Қытай, АҚШ, Үндістан, Мексика, Ресей және Жапония. Бұл қатарға Қазақстан ілінбейді. Яғни құс еті бізге сырттан келеді. Ал құс етін тұтыну саны бойынша әлемде бірінші орынды Біріккен Араб Әмірліктері алады.
Үйрек тұқымдасына жататын қаздың пайдалы қасиеті өте көп. Әсіресе қаз майы – үсікті, күйікті емдеуге шипалы зат. Сондықтан кішкентай ауылдағы құс фермасының өндірісі артса, пайдасын алдымен жергілікті халықтың өзі көреді.
Сөз тіркесінде «қоңыр қаз» деп аталатын қаздың бір шоғы әне көлді жағалай жүзіп барады. Қолға үйретілген қаздың қасиетіне еріксіз көз сүйсінеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ