«Қарызсыз қоғам» жобасының әлеуметтік әсері бар ма

Бүгін Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Қарызсыз қоғам» жобасының іске асырылу барысы сөз болды.
Пилоттық бастамадан ұлттық деңгейге дейін
Жоба өкілдері ұсынған деректерге сәйкес, екі жыл ішінде қаржылық сауаттылық курсынан 845 мың адам өткен (2023 жылы – 65 мың, 2024 жылы – 780 мың). Биыл 1 миллионға жуық азаматты қамту жоспарланып отыр. Ерекше назар мектеп оқушылары мен студенттерге аударылған. 2024 жылы Финляндия мен Эстония тәжірибесі негізінде бейімделген бағдарлама әзірленіп, 7,5 мың педагог қаржылық сауаттылығын арттырды. Өткен жылы барлығы 780 мың адам қаржылық білімін жетілдірді, оның ішінде 180 мыңы ересектер, 500 мыңы мектеп оқушылары, 100 мыңы колледж студенттері.
Оқу бағдарламасы 4 модульден тұрады:
- Қаржылық сауаттылық негіздері;
- Қарызды басқару;
- Ұзақмерзімді стратегия және мотивация;
- Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөніндегі бағдарламалары.
Құқықтық қолдау және цифрлық формат
«Қарызсыз қоғам» жобасының Астана қаласы бойынша менторы Дулат Мыңбаевтың айтуынша, алғашқы жылдары тәжірибе халық арасында дәрістер мен тренингтер ұйымдастыру жеткіліксіз екенін көрсетті. Көптеген азаматқа құқықтық және қаржылық көмек, яғни қарызды қайта құрылымдаудан бастап банкроттық рәсіміне дейін кешенді қолдау қажет. Сондықтан биыл жоба онлайн форматқа көшіріліп, 90 күннен астам мерзімі өткен қарызы бар азаматтарға кешенді көмек көрсетіле бастады.
Бүгінде қаржылық сауаттылық курсынан qogamfin.kz сайтында тегін өту мүмкіндігі бар. Дәрісті қазақ тілінде Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, ал орыс тілінде «Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаев өткізеді.
Сонымен қатар халықпен тікелей байланысу үшін Call-орталық жұмыс істеп тұр. Орталықта 60-тан астам заңгер онлайн форматта тұрғындарға кеңес береді. Айқындықты арттыру үшін әр қатысушыға жеке электронды карта ашылып, барлық өтініш пен көрсетілетін қызмет нәтижесі тіркеледі.
Жобаның әлеуметтік әсері
Брифинг барысында айтылған ақпарат бойынша биыл «Қарызсыз қоғам» жобасына 800 мыңнан астам қазақстандық жүгінген. Оның ішінде 360 мың азамат нақты көмек алған. Сонымен қатар 250 мың отандасымыз қаржылық сауаттылық бойынша оқудан өтті, ал 110 мыңы тегін заңгерлік кеңес алды. 25 645 азамат қаржылық қарыздарын қайта құрылымдау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бағытталды. Келіп түскен өтініштердің 15 мыңнан астамы банк шотының бұғатталуымен байланысты.
Мамандардың мәліметінше, банкроттық рәсіміне де сұраныс артып отыр. 10 мыңға жуық азамат соттан тыс банкроттыққа өтініш берген. 500-ден астам іс сот арқылы қаралып жатыр. 488 өтініш төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді айтып жүгінген.
- Аталған көрсеткіштер қазақстандықтардың қаржылық және заңгерлік көмекке деген жоғары сұранысын, сондай-ақ елдегі қарыз мәселесінің өзектілігін айғақтайды. Сондықтан жобаның басты мақсаты – азаматтарды қаржысын сауатты басқаруға, табыс пен шығынды жоспарлауға, артық шығыннан сақтануға және жинақ мәдениетін қалыптастыруға үйрету, - дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының Астана қаласы бойынша менторы Дулат Мыңбаев баспасөз мәслихаты барысында.
Сондай-ақ спикер аталған жоба 2026 жылы жалғасатынын мәлім етті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биыл Жолдауда халықтың қаржылық сауатын арттыру және қарыз жүктемесін төмендету мәселесіне айрықша тоқталды және «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастырудың маңызын атап өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінде 1,6 миллионнан аса қазақстандық 90 күннен асқан несиесін өтей алмай жүр.
Сондай-ақ ментор қаржылық сауаттылықты неден бастау керектігіне қатысты кеңес берген еді.
Еске сала кетсек, елімізде мектеп қабырғасынан бастап қаржылық сауаттылықты арттыру идеясы ұсынылды.
Фото: AMANAT партиясы