Эстетикалық тәрбие берудің шебері

Аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Алтынкүл Мыңжасарова талап үдесінен шығып келе жатқан ардақты ұстаз. Оның адамға ең бірінші қажеттілік – баланы еңбекке баулудағы шеберлігі көпке үлгі. Ардақты жан ауданның білім саласында ширек ғасырдан астам уақыттан бері еңбек етуде. Оқушыларын қазіргі заман талабына сай еңбекке баулып жүрген ұстаз ұзақ жылғы еңбегінің арқасында құрметке бөленуде.
Тәжірибелі педагогті негізгі мектеп оқушыларын, нақтырақ айтқанда қыз балаларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруды, оларға білім беруді алдына мақсат еткен эстетикалық тәрбие берудің шебері дерсіз. Ол өзінің бойындағы тәлім-тәрбиені, мәдениетті, адамдар арасындағы адамгершілік қарым-қатынасты өз пәні арқылы оқушы бойына сіңіруге барын салатын ұстаз. Технология пәнін оқытуда ең алдымен еңбек етудің алғышартын үйретеді. Сол арқылы белгілі кәсіпке баулып, киім тігу, тоқу, қолөнер шеберлігін меңгеру секілді жас ұрпақты адамгершілік рухта тәрбиелейді. Сондықтан да мектепте оқытылатын бұл пәннің ерекшелігі өте зор.
– Қазіргі кезде мектеп оқушыларына көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Бесінші сыныптан бастап өтілетін пәнге деген оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Қыздарға эстетикалық тәрбие беруде оларды ұлттық құндылықтарға, зерттеуге, кәсіпке үйретеміз. Әсіресе түрлі тоқыма бұйымдарын өз қолымен тоқып, киім үлгілерін сызу, пішу, тігу, түрлі ас мәзірін дайындауда шеберліктерін салуға ынталы. Бұл әрбір қыз баланың келешегіне аса қажет қасиет деп білемін. Іске икемі мен іскерлігі шыңдалып, өнерге, шеберлікке қалыптасады, – дейді педагог-сарапшы.
Алтынкүл Мыңжасарова бала кезінен қолөнер шеберлігіне қызығып, анасы Рәштің жанында отырып, құрақ құрауды үйренген. Оның әрбір ою-өрнекке ұқыппен қарап, мән-мағынасына назарын салып отыру бойына сіңген қасиет. Ауданнан шалғайда жатқан Іңкәрдария ауылында дүниеге келіп, ата-анасының қолқанаты болып өскен Алтынкүл төрт бауырымен бірге өсіп, өрісін жайды. Бала кезінде аудан орталығына отбасымен көшіп келіп, осындағы №35 орта мектепті бітірген соң, еңбекке араласып, сол кездегі өндіріс орны – Тұрмыстық қажетті өтеу комбинатына үйренуші болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Төзімді, шыдамды болуды жастайынан үйренген бойжеткен қолөнерге, тігінге деген қызығушылығын шыңдау мақсатында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтына араға бес жыл салып, оқуға түседі. Институтта білім алып, инженер-технолог мамандығын алған соң, туған елге оралып, еңбек жолын жалғастырады.
Жоғары білімді маман 1992 жылы аудандағы Оқу-өндірістік комбинаты деп аталатын оқушыларға кәсіби бағдар беретін мекемеде бес жыл жұмыс істеп, оқушыларды тігін өнеріне баулиды. Заман талабына сай мұғалімдік мамандық алу мақсатымен «Болашақ» университетінде екінші жоғарғы білімін алады. Оқу-өндірістік комбинаты тараған соң 1997 жылы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейге қызметке ауысып, соңғы 28 жылдан бері осы білім ошағында абыройлы қызмет етуде.
Шебер ұстаздың айтуынша баланың еңбек тәрбиесін меңгеруі қоғам үшін ғана емес, оның жеке басы, өз тіршілігі үшін де қажет. Еңбекті сүйетін бала болашақта іскер болып өседі. Үнемі көтеріңкі көңіл күй, шаттық сыйлайтын пәнді оқытуды сүйікті ісі санайтын ұстаз қоғамдық жұмысқа да белсенді араласады. Сол үшін талай мәрте мақтау грамотасын алған. Сондай-ақ шәкірттері де көптеген байқаудан жүлделі орынмен оралды. Биылғы жылдың өзінде Айым Байжанова, Жазира Нұрлығайым, Меруерт Ыбырай сурет салу байқауынан бірінші орын алып, ұстаз мерейін тасытты.
– Эстетикалық пәндер бірлестігінде әріптестерімнің арасында ең тәжірибелісі – Алтынкүл Балабекқызы. Ол өз бойындағы білімі мен қасиеті арқылы қыз балаларға кәсіптік бағдар беріп, қолөнерге үйретеді, еңбек дағдысын қалыптастыруға жәрдемдеседі. Арнайы жабдықталған кабинетте қыздар шеберлікке үйреніп, болашақта еңбек ету арқылы іскер, әрі әрбір істе епті болуға машықтанады. Білікті ұстаздың шәкірттері білім ұясының атын аудан, облыс көлемінде шығарып, мерей-мәртебесін асыруда, – дейді әріптесі Динара Әлібаева.
Аудандағы ең ірі білім ошағында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан ұстаз оқушыларының сүйікті ұстазы ғана емес, отбасында берекелі шаңырақтың отанасы. Жұбайы Бағдәулет аға қырық жыл аудандық электр торабы мекемесінде еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер. Жақында Сәрсенбай әулетіне ұлдары Бексұлтан Айдана есімді келін түсіріп, ата-анасын бақытқа кенелтті. Алтынкүл Балабекқызы енді аз уақытта еңбегінің жемісін көріп, ардагерлікке жетеді. Білікті ұстаздың саналы ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі еңбегі төл мерекеде жоғары бағаланып, құрметке бөленді.
Бибісара ЖАНӘЛІ