Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі еңбек адамдарымен, еңбекші аналармен кездесті

Аудан әкімі еңбек адамдарымен, еңбекші аналармен кездесті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев "Руханият" орталығында "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында ауданның еңбек адамдарымен, еңбекші аналарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, әртүрлі салада еңбек еткен еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.

Аудан басшысы еңбек адамына әркез құрмет көрсетілетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбеккеш және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген болатын. Бұл бастама – еңбек адамына, әсіресе түрлі салада маңдай терін төгіп жүрген қарапайым жұмысшы мамандарға көрсетілген зор құрметтің белгісі. Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» – деп атап өтті. Бүгінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен еңбек адамдарын ұлықтау мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кеше ғана Еңбек күні мерекесінде облыс орталығында өздерінің еңбегімен еленген «Үздік еңбек әулеттері», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгерлері», «Өндірістің үздік жас мамандары» марапат биігінен көрінді. Сондай-ақ, биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан «Үлгілі елді мекен» байқауы да осы еңбек адамдарына деген үлкен қолдаудың бірі. Аталған байқауда ауданымыз жыл сайын алдыңғы қатардан көрініп, еңбекшілеріміздің мерейі артуда. Биыл да үлгілі елді мекен болған Нағи Ілиясов ауылы облыста жеңімпаз атанып, республикада аймақ намысын қорғайтын болады. Осы игі шаралардың барлығы еңбек адамдарына деген үлкен қолдаудың және құрметтің белгісі екені айқын. Егемен еліміздің жарқын болашағы жолында Отанымызға адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу – біздің қастерлі міндетіміз! Кездесуге барлық саналы ғұмырын еңбекке арнап, жұмысты таңдамай, қиын-қыстау кезеңдерде ерлермен қатар иық теңестіре жүріп, үйдің де, даланың да жұмысын атқарған нәзік жанды анаралымыз қатысып отыр. Олардың қатарында құрылысшы, күрішші, сауыншы, тігінші, аспазшы және басқа да ауыр салаларда аянбай тер төккен майталмандар бар.


Сіздердің барлық саладағы қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесінде жұмысшы әйел бейнесі – тек еңбек етуші ғана емес, сонымен қатар білімді, білікті, кәсіби шебер маманның бейнесі ретінде қалыптасты. Бұл еңбектеріңізге тек шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан әкімі еңбек адамдары мен еңбекші аналарды «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев сөз сөйлеп, барлық жұмыс адал еңбектің арқасында жүзеге асып жатқанын жеткізді. Кездесуде ардақты аналар жастық шақтарындағы, еңбек даласындағы қызу тіршіліктерге қатысты естеліктерін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

03 қазан 2025 ж. 200 0