Ерлік рухы – мәңгілік

Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейде Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері және «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері әрі Сырдария ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбай Мұсаұлының рухына құрмет көрсетілді. Майдангер ұрпақтары ата рухына тағзым етіп әрі кейінгі буынға үлгі боларлық бірнеше іс-шараға ұйытқы болды.
Ең алдымен ардақты азаматтың атына ауылдан көше берілді. Ауыл ақсақалдары игі істі құптап, ақ батасын берді. Одан кейін мектеп базасында тарих пәні кабинетінің ашылу салтанатты өтті. Жеңісті жақындатқан майдангер ұрпақтарының демеушілігімен сыныптың ашылуына орай «Бейбіт өмір – бабалар ерлігінің мұрасы» атты тағылымды жиын өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұстафа Мамытов, мектеп-лицей директоры Айдос Оспанов және майдангер ұрпақтары мен оқушылар арнайы қатысты. Өз кезегінде құрметті қонақтар кейінгі ұрпақ игілігі үшін жасалған игі істі жоғары бағалап, жылы лебіздерін білдірді.
– Сыр өңірінен сұрапыл соғысқа мыңдаған азамат аттаныпты. Жерлестеріміз жанқиярлық ерлік көрсетіп, ел мен жердің жау тылынан азат етілуіне үлесін қосқан. Бүгінгі бейбіт өмір мен тыныш заман осы ардақты аталарымыздың күші, рухы, батырлығы, ерлігімен келді. Соғыста әрбіріміздің әкеміз, атамыз, арғы бабамыз жаумен айқасқаны белгілі. Ал бүгінгі майдангер ұрпақтары ерлікпен қаза тапқан аталарына құрмет көрсетуі – нағыз үлгі боларлық іс. Сын сағатта сынбаған қаһармандар құрмет төрінен түспейді. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Майдангерлер рухы дәуірлер өтсе де жаңғыра беруі керек, – деді алғысөз сөйлеп, жылы лебізін білдірген Ержан Ертарғынұлы.
– Бүгін өздеріңіз куә болып отырған тағылымды іс-шара кейінгі буынның игілігіне бағытталуда. Жаңадан ашылған пән кабинеті бүгінгі бала, ертеңгі ел болашақтарының емін-еркін, тәлімді тәрбие алуына жасалған ізгі жұмыстың бірі деуге болады. Сынып толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Өздеріңіз көріп отырғандай, кітап сөрелері, қажетті жиһаз, интерактивті панель, жайлы парта, орындықтармен жабдықталған. Бұл өз кезегінде баланың еркін дамып, алаңсыз білім алуына жасалған жағдай. Сыныптың төріне Дүйсенбай атамыздың ерлік істері дәріптелген стенд орнатылуы да бекер емес. Біз осылай ардақты азаматтардың еңбегін, ерлігін кейінгі буынға үлгі етеміз. Осындай игі іске ұйытқы болып отырған майдангер ұрпақтарына мектеп әкімшілігі мен оқушылардың атынан алғыс білдіремін, – деді мектеп директоры Айдос Оспанов.
Тағылымды іс-шара барысында өнерлі өрендер көрініс қойып, ән шырқап, көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар алдын ала ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары марапатталды. Айта кетейік, майдангер Дүйсенбай Мұсаұлының еңбек жолы мен ерлік істерін насихаттау мақсатында «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» мен Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінің бірлесе ұйымдастыруымен байқау жарияланған болатын. 9-11 сыныптан 44 үміткер бақ сынаған байқау эссе жазу, бейнесюжет дайындау, фотоальбом жасау деген үш бөлімнен тұрды. Оқушылар арасында өткен байқау барысында майдангер туралы тың ақпараттар ұсынылып, бас жүлдені С.Оразбай, І орынды Г.Мақсұтқызы, ІІ орынды Ж.Бағдатқызы мен А.Насыраддинова, ІІІ орынды А.Қазбек, С.Тоқтарқызы, А.Бекназар жеңіп алды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан диплом, бағалы сыйлық табысталды.
Сондай-ақ Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының арнайы Алғыс хаты мектеп директорына, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, байқауды ұйымдастыруға атсалысқан ұстаздарға берілді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ