Өнегелі өмір

Сағындық Биқожаұлы 1935 жылы Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі елді мекенінде дүниеге келген. Алты баланың үлкені болып дүние есігін ашқан ардақты азаматтың балалық шағы зұлмат заманмен тұспа-тұс келген. Ардақты азаматтың дүниебаянына көз жүгіртсек, қазақ әдебиеті мен тарихында жиі кездесетін соғыс кезіндегі жас балалардың өмірі көз алдыңа келеді. Әкесі Биқожа – екінші дүниежүзілік соғыстың куәгері. Жау тылында жарақат алып, ауылға қайта оралғанымен, фашистің оғы еміне шипа дарытпаған. Солай әкесі көп ұзамай дүниеден озады. Үйелмелі-сүйелмелі алты бала анасы Ақбаланың қамқорлығында қала береді. Ол уақытта бала болса да есі кірген, жұмсауға икемдісі де – үйдің үлкені Сағындық еді. Анасы үлкен ұлына арқа сүйеді, бұл да намысқа тырысып, әкесі аманаттап кеткен бауырларына қарайласты. Осылай өмірдің алмағайып кезеңін көзбен көрген жан ысылып, бейімделіп өсті.
Сағындық әке еңбекке ерте араласқан. Олай болуы түсінікті де еді. Жалғыз анасының жанына жалау болуды ойлап, қалай ержетіп кеткені есінде де жоқ. Ол автожол саласында еңбек етіп, тәжірибе жинады. Қызметте шыңдала жүріп, оқуды да қалыс қалдырмады. Мекеменің қолдауымен Өскемен қаласындағы автожол институтында оқып, өз саласының білімді маманына айналды. Осы салада қарапайым жұмысшыдан бастап еңбекқорлығы мен біліктілігінің арқасында басшылық қызметке де тағайындалды.
– Әкемізді қолынан келмейтін ісі жоқ, бір сәт тыным тауып отырмайтын жан еді. Сонысымен де бізге үлгі-өнеге болды. Өзінің еңбекқорлығы мен қайтпас қайсарлығының арқасында басшылық лауазымға дейін көтерілді. Қанша жетістікке жетсе де асып, таспады. Қарапайым жан еді. Қызмет қылып тұрған жылдарында аудандағы пантон көпірін салуға көп үлесін қосты. Аудандағы жол мекемесінде ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, сол жерден зейнетке шықты, – дейді ардақты азаматтың қызы Шара.
Абзал азамат халыққа қызмет ете жүріп отбасын құрып, бала тәрбиесіне ерекше ден қойған. Жұбайы Аққозы Тасмағамбетқызымен бірге жеті баланы өсіріп, тәлімді тәрбие берген. «Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде ардақты азаматтың ұл-қызы өз алдына бір-бір шаңырақ болып, берекелі әулеттің тұқымын көбейтіп отыр. Әке тәлімін лайықты жалғастырған балалары медицина, архитектура, ішкі істер, қауіпсіздік, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету салаларында адал қызмет етіп келеді. Бүгінде ұрпағы әке салған дара жолмен жүріп, ардақты азаматтың отын өшірмей келеді.
– Әкеміз ауданға белгілі, сыйлы азамат еді. Кезінде облыс, аудан басшылығы тарапынан бірнеше мәрте төсбелгі мен құрмет грамоталарымен марапатталған. Әкеміздің құрмет тақтасында орын алуы – біз үшін үлкен мәртебе. Бойындағы тазалық, тәртіпті талап ету сияқты қатал мінезімен бізге ғана емес, айналасындағы қаншама жанға үлгі болды деуге негіз бар. Қандай жағдайда да жағасы бір кірлемейтін, тазалықты жаны сүйетін кісі еді. Туған-туыс пен әріптестерінің алдында сыйлы, құрметті жан болды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу менің әкеме арнап айтылғандай болатын. Өзі әнші, жыршы, термеші де еді. Жастайынан саятшылықты да үйреніп, өмірінің соңына дейін аң, балық аулайтын. Осындай қабілетімен соғыстан кейінгі жылдарда туған-туыс, ауылдастарын азықтандырғанын айтып отыратын. Кейін бұл қолы бос кезде айналысатын сүйікті ісіне айналып, тіпті сол үшін көлік пен мотоциклдің небір түрін алып, мініп жүретін. «Ер жігіттің үш міндеті – ұрпақ тәрбиелеу, ағаш егу, үй салу» дейтін еді ғой. Әкеміз ер азаматтық міндетін толық орындаған жан. Айтпағым, осынша шаруаны атқара жүріп, 1960 жылы аудан орталығынан өз қолымен үй салған еді. Қазіргі таңда сол қарашаңырақта анамыз немере, шөберелерімен отыр. «Әкенің берген білімін жүз мектеп бере алмайды» дейді. Әкеміз тірі болғанда тоқсанның төріне шығатын еді, – деп еске алады кейіпкеріміздің ұлы Шархан.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ