Сөзі мығым, ісі ширақ Кенжекең

Қай салада болсын басшылық тәжірибелі маманның көргені мен білгенін керек етіп тұрады. 1960 жылы Тереңөзекте дүниеге келген Кенжебек Мұстафаевтың алғашқы еңбек жолы 21 партсъездте механизатор ретінде басталған. Содан кейін орман шаруашылығы саласына бет бұрып, өз ісінің білгірі атанды. Ауданға қарасты орман қорлары жерінде лайықты еңбек етіп, мекеменің жұмысын жандандыруға күш салды.
– Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде жүрген кезімде талай жауапты қызметті атқара білдім. Механизатор, орманшы, аға орманшы, шебер қызметін атқара жүріп, қиындыққа толы кезеңді бастан өткердік. Шындығында, әрбір орман шебері күннің ыстық-суығына қарамайды. Белгіленген аумақты аралап, заңсыздыққа жол бермейді. Әрине, жауапкершілігі мол қызметте әрбір маманның қолтаңбасы қалғанда ел айта жүретін еңбегі болатыны сөзсіз. Өзім әрқашан сол үдеден шығуға тырыстым, – дейді Кенжебек Әбтіқанұлы.
Осыдан 2 жыл бұрын зейнет демалысына шыққан сәтте басшылықтың ұйғарымымен жастарға жол көрсету мақсатында тағы 1 жыл қызмет етуге білікті маманға мұрсат берілді. Үнемі ұйымдастырушылық қабілетімен танылатын Кенжекең аудан көлемінде қоғамдық жұмысқа белсене араласа біледі. Соңғы 16 жылда Сырдария аудандық сотында медиатор қызметін атқарады. Талай даулы мәселенің шешімін табуға септігін тигізіп, екі тарапты татуластыруға ықпал етті. Мәселенің мәнісіне байыппен қарап, көптеген жанжалдың өршімеуіне кәсіби тұрғыдан көзқарасын танытты. Мұндайда заңға сүйене отырып, әділдікті, шындықты, нақты дәлелмен келтірілген ақпаратты ол өзіне басты қару етеді.
Соңғы жылдары Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің орынбасары қызметіне тағайындалып, жергілікті ардагерлермен бірлесе жұмыс жасауда. Қай кезде де ардагерлермен етене араласып, аудан көлемінде өткізетін іс-шараның басы-қасынан табылады. Кенжекеңнің қызы – Ақерке тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатының жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған жас спортшы бапкерлік қызметті қатар алып жүр.
– Бұрыннан қызметке араласып, қоғамдық жұмыста белсенділік танытқаннан кейін зейнет демалысында үйде жата алмасымыз анық. Ел ағаларымен қауқылдасып, дидарласып ардагерлер кеңесінің жұмысына қан жүгіртіп келеміз. Орманшы болу – жай ғана мамандық емес, бұл – жүрек таңдауы. Табиғаттың тілін түсіну арқылы жасыл желекке жан бітіретін шебер қатарында болдық. Табиғат қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Қоршаған ортаның түрлі құбылыстарына шыдас беріп, жазда өрттен сақтау, қыста заңсыз аңшылыққа жол бермеу, айналаны көгалдандыру секілді жұмыстың бәрі көз алдымыздан өтті. Медиатор қызметтің де өзіндік қызығы мен қиындығы бар, – деді ардақты азамат.
Жақында барлық іске жанкештілік танытып, шаруаны ширатып, шеберлігімен көпті тәнті қылатын сала ардагерінің кеудесінде «ҚР Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігі» басқармасы төрағасы Ж.Отаровтың қолы қойылған «Құрметті ардагер» медалі жарқырады. Бұл марапат – осыған дейінгі жасаған қажырлы еңбектің жемісі деп білеміз. Бұған дейін Кенжебек Мұстафаев бірқатар мерекелік медальмен марапатталып, мерейі тасығанын айта кеткен жөн.
Балтабай ОРДАБЕКОВ