Бесінші бағыт: Инфрақұрылымды дамыту – реформалардың жалғасы
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы жеті бағыттан тұратынын бұған дейін жаздық. Басты құжаттың бесінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту факторына арналады. Бүгінде тұрғын үй саласында түйткілді мәселе көп. Оған коммуналдық шаруашылық саласын дамытуды қоса кеткен жөн. Елімізде былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін білеміз. Оның ішінде, Қызылорда облысында да баспаналы болған жандар қатары аз емес.Баспаналы болған әрбір қазақ қоныстойын тойлап, жылдар бойы арман еткен үйіне қол жеткізеді. Мемлекеттік деңгейде құрылыс сапасына аса мән беріліп келеді. Бұрындары тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңғырту – күн тәртібінен түспейді. Мәселен, Қызылорда облысында соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныстойын тойлағаны мәлім. Өңіріміздегі аудандарда жаңадан салынған 1500-ге жуық пәтер табысталғанын айта кетейік. Оның ішінде, Сырдария ауданының да үлес салмағы бар.
Ел Президентінің пәрмені бойынша алдағы уақытта барлық облысқа «Ақылды қала» құру тұжырымдамасы енгізіледі. Тұжырым бірнеше бағытқа бөлінген. Инфрақұрылым саласында смарт технологияға иек артылады. Цифрлық басқару жүйесін енгізу арқылы көптеген қызметті автоматтандыру, мемлекеттік қызметтерді онлайн көрсету, ашық деректердің пл атформасын қалыптастырудың маңызы зор. Қазіргі уақытта дамыған мемлекеттерде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, жасыл аймақ пен саябақты көбейту, ауа сапасын, шуды, температураны бақылайтын датчик орнату «Ақылды қала» тұжырымдамасына жатқызылады.
Бүгінде шаруалардың бас ауруына айналған су тапшылығы мәселесі ешқашан тиісті мемлекеттік органның назарынан шықпағаны дұрыс.
«Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет. Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс» деген Мемлекет басшысы су ресурстарының цифрлық платформасын әзірлеу керектігін тілге тиек етті.
Расында, аяқсу мәселесін шешу бойынша жауапты министрлік тарапынан нақты шешімдер қабылдану керектігі рас. Солтүстік Арал мен Каспий теңізінің тартылуына байланысты да көптеген дүние бар. Осындай сәтте судың тапшылығын жоюға қатысты нақты шешімдер қабылданып келеді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жыл бойына барлық өңірде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте қоршаған ортаның тазалығына аса мән беретін ел тұрғындары тазалықты табалдырықтан бастағаны жөн. Әр апта сайын сенбілікке шығатын көпшілік айналаны күл-қоқыстан арылтып, экологиялық акцияның мән-маңызын арттыруда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ







