Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр топырағының тау тұлғасы

Сыр топырағының тау тұлғасы

«AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында аудан әкімінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, Асқар Тоқмағанбетов ауылдық клубында ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетовтің 120 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті.

Ауқымды іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудан­дық мәслихат депутаттары Алмас Есназар, Болатбек Ұлтанбекұлы, ақынның қызы Аягөз Тоқмағанбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Мұса Келдібаев, Сырдария ауданының құрметті азаматтары Қаршыға Есімсейітова мен Мамыр Байдәулетов, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Мерейтойға жиналған қауым алдымен ақиық ақын есімі берілген Асқар Тоқмағанбетов атындағы №135 орта мектептің алдындағы бюстке гүл шоғын қойып, ақын рухына тағзым етті.

Асқар Тоқмағанбетов – халқымыздың рухани әлеміне өшпес із қалдырған, күлкі мен шындықты серік еткен қаламгер. Ол – ел өміріндегі көлеңкелі тұстарды тап басып, сатираның отты жебесімен түйреген өткір тіл иесі. Ақынның жырларында елге, жерге деген сүйіспеншілік, еңбек адамдарына деген құрмет, әділеттілікке ұмтылыс анық байқалады. Елін сүйген, елі сүйген ақынның есімі – халқымыздың жүрегінде, өлеңдері – ұрпақ санасында. Мектеп оқушылары қырғи тілді, сатира сардары атанған ақынға арнау жырларын оқыды. Содан соң қонақтар ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған сайысты, ауыл шаруашылығы саласы өнім­дерінің, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Клуб ауласына тігілген киіз үйде ауылдың ақ жаулықты әжелері той­бастар шырқап, жыраулар жырдан шашу шашты. Балабақша бүлдіршіндері де ақынның мысалдарынан сахналық қойылым көрсетіп, ақын тойына үлес қосты. Жиналған қауым ауылдық клуб жанынан ашылған Асқар Тоқмағанбетов музейін аралады. Ондағы ақын жәдігерлерін, фотосуреттерін, қолжазбаларын көріп, музей жұмысына сәттілік тіледі.

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған мерейтой «Қырғи тілді Асқарым» атты сатирик ақындардың мүшәйрасы мен «Сатираның сәйгүлігі» атты карикатура суретшілер байқауымен жалғасты. Облыс­тың әрбір ауданынан және Қызылорда қаласынан келген қылқалам шеберлері мен ақындар өнерлерін көрерменге ұсынды.



Облыстық мүшәйраға он бір талапкер қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Қатысушыларға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев сәттілік тілеп, ақиық ақынның 120 жылдық мерейтойын атап өтудің мәні мен маңызы туралы айтып өтті.

–Бүгін біз Сыр елінің ардақты пер­зенті, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған сатирик ақын – Асқар Тоқмағанбетовтің 120 жылдық мерей­тойына жиналып отыр­мыз. Асқар Тоқмағамбетов 1905 жылы қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бар саналы ғұмырын халқына арнады. Ол Ташкент политехникалық техникумында, Мәскеудің Баспа институтында білім алып, алған тағылымын туған елінің игілігіне жұмсады. Ұлы Отан соғысына қатысып, жауынгерлердің рухын көтерген жалынды жырларымен де ел есінде қалды. Асқар ақын еңбек жолын журналистикадан бастап, қазақ баспасөзінің беделді басы­лымдарында қызмет етті. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, сондай-ақ «Ара» журналында өткір қаламымен қоғамдағы әділетсіздікті әшкереледі. Оның сатиралық өлеңдері, фельетондары мен мысалдары халықты күлдіре отырып, ойландырды, түзелуге жетеледі. Сонымен бірге Асқар Тоқмағанбетов қазақ поэзиясында поэма жанрын дамытуға айрықша үлес қосты. «Қара қыз», «Терең толқын», «Батырлар дастаны» сынды шығармалары ел тарихы мен халық тағдырын көркемдікпен кестелеген туындылар ретінде мәңгілікке қалды, – деді Димаш Серікбайұлы.

Жыр мүшәйрасына қатысушылардың талабы мен талантын ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағының Қызылорда облы­сындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, «Құрмет» ордені­нің иегері Мамыр Байдәулетов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы бағалап, төрелік етті. Ал «Сатираның сәйгүлігі» атты карикатура суретшілерінің өнеріне суретші, мәдениет саласының үздігі, қазылар алқа­сының төрағасы Әділбек Бәйменов, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, дизайнер, «Әдемі» тігін шеберханасының негізін қалаушы Нұрсұлу Ажарова, Сырдария ау­дан­дық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, «Еңбек даңқы» төс­белгісінің иегері Ақбота Асанова қазылық жасады.

Іс-шарада ауылдың қадірменді ақсақалы Бәрзубек Жылқыбаев, А.Тоқмағанбетовтің қызы Аягөз Асқарқызы сөз сөйлеп, ұйым­дастырушыларға алғысын жеткізді.

Асқар ақын – Сыр елінің мақтанышы, күллі қазақтың рухани байлығы. Оның мұрасы – жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдық пен әділдікке тәрбиелейтін баға жетпес қазына. Өз кезегінде ақындар мүшәйрасының қорытындысы бойынша бас жүлдені шиелілік Бекжан Ержігіт, І орынды қызылордалық Нұркелді Өтепберген, ІІ орынды сырдариялық Мұхамеджан Мансұров пен қызылордалық Бек-Сұлтан Санақұл, ІІІ орынды жаңақорғандық Мадияр Оспанов пен қазалылық Кәусар Тасқалу еншіледі. Сонымен бірге суретшілер байқауында бас жүлдені шиелілік Асылбек Байділдаев, І орынды жалағаштық Оралбек Қанибай, ІІ орынды сырдариялық Жәнібек Әбдіреев, ІІІ орынды ақиық ақын ауылының баласы Жанұзақ Темірбеков пен қазалылық Шағатай Қайратов иемденді.

Айта кетейік, жеңімпаздар мен жүлде­герлерге диплом мен қаржылай сыйлық берілді.

Бибісара ЖАНӘЛІ

23 қыркүйек 2025 ж. 60 0