Бану Оралбай: Ауыл балалары да ағылшын тілін үйрене алады

– Бану Келісқызы, біздің ұсынысымызды қабыл алып, сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс айтамыз. Алғашқы сұрақты өзіңіздің балалық шағыңыз өткен туған жер, оның қадірі жайлы, оқу-білім берген аяулы ұстаздарыңыз туралы айтсаңыз...
– Иә, ең алдымен Сырдария ауданының айнасы, тарихи шежіресі саналатын «Тіршілік тынысы» редакциясына ұсыныс білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Менің туған жерім – шағын ғана Аманкелді ауылы. Кіндік қаным тамған туған жерім мен үшін қымбат, топырағы ыстық. Қай шаһарда, қай елде жүрсем де туған жерге деген сағынышым басылған емес. Ең алдымен ауылдағы ағайын-туыстардың ауызбірлігіне, қуанышы мен қайғысын бірге атқаратын қасиетіне ризамын. Қаймағы бұзылмаған ауылымнан ұзап кеткеніме 18 жылдай уақыт болса да, бір сәтке де хабарсыз қалған емеспін. Негізінен ата-әжемнің, ардақты әкемнің ерке қызы болып, үш ұлдың ортасында өстім. Білімге деген құштарлығым мектеп табалдырығын аттағаннан басталды. 11 жыл бойы үздік оқып, ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтадым. Қазір есімнен жылы естеліктер кетпейді. Ең керемет кезеңнің бірі – ұстаздарымның сабақ берген уақыты екен. Сегізінші сыныпқа өткенімде мұғалімдер пән олимпиадасына қатыстыруға таласатын. Қазір өзім де ұстаз болғандықтан, өткенге көз салсам, кім өз пәнін өте жақсы көріп, сабақ берсе, оқушы сол пәнді жақсы оқиды екен. Бұл өз басымнан өтті. Ал қалғандарын қайткен күнде үздік болу мақсатымен оқыдым десем қате айтқандық болмас. Менің алдымда мектепті үздік бітіру мақсаты болды. Ұстаздарымның арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дариха Имашеваны ерекше атар едім. Пәнді жақсы көргенім сондай, жазғы каникулда қосымша оқуға беретін кітаптарды түгел оқып тауысатынмын. Сегізінші сыныпты бітіргенімде «Абай жолын» оқып бітірдім. Қазіргі тіл байлығымның мол болуы бала кезімде кітапты көп оқығанымнан екенін жақсы білемін. Дариха апай бесінші сыныпта оқып жүргенімде-ақ «пән олимпиадасына барасың» дейтін. Кейін жоғарғы сыныпқа көшкенімізде ағылшын тілінен сабақ беретін Дина Сәдірбаева апайым қызығушылығымды арттырып, осы пәнді меңгеруге көп үлесін қосты. Аудандық пән олимпиадасына ағылшыннан апарғанда, басқа мұғалімдер ренжіді. Сонымен қатар математика пәнінен сабақ берген Кеңескүл Әлтаева ұстазым да мықты еді. Ағылшын тіліне ұстазымның берген бағытымен, болашақта аудармашы боламын деген арманмен келдім. Негізінен сол кездерде қай пәнді таңдасам сол пәнді әрі қарай мамандығыммен ұштастырып, жалғастырар ма едім.
– Оқушы кезіңізден алдыңызға ағылшын тілін меңгеру мақсатын қойған екенсіз. Мақсатыңызға жеттіңіз бе? Қандай оқу орнын бітірдіңіз?
– Әрине, мақсатыма жеттім. Мектеп бітіргенімде таңдау пәнім ағылшын тілі болды.ҰБТ-да 120 ұпайдың 108-ін жинадым. Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне екі шет тілі мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірдім. Бірінші курста оқып жүргенімізде оқытушылар бізге «педагог боласыңдар» дегенде кішкене өкініш болды. Менің арманым аудармашы болу еді. Дегенмен соңғы курстарда мектепке тәжірибеден өту кезінде өзімде мұғалімдік қырларымның бар екенін байқай бастадым. Бұрын сыныптастарым айтатын, «сабақты алдымен сен айтшы, сенің айтқаныңнан біз түсініп алып, содан соң біз айтайық» деп. Мүмкін мен сол кездің өзінде мұғалім болып жаратылған болуым керек. Өзімді басқа салада да сынап көрдім, қолымнан келмеді, сонда барып түсіндім, менің миссиям – мұғалімдік екенін. Университетті бітірген соң ағылшын тілінен Қазақ-түрік лицейінде сабақ бердім.
– «Болашақ» бағдарламасымен оқу көп жастың арманы болғаны сөзсіз. Бұл бағдарламамен оқуға қалай қол жеткіздіңіз, қиындығы болды ма?
– Негізінен шетелде оқу қиын деп ойлайтынмын. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсуге мына бір оқиға себеп болды. Құрбыларыммен қонаққа барғанымда бір танысым жағдайымды сұрап, «оқу бітірдің бе, жұмыс істеп жүрсің бе» деп сұрады. Маған «Болашаққа неге тапсырмайсың» деп кеңес берді. Содан соң өзімді қайрап, неліктен тапсырып көрмеске деп ойладым. Іздендім, пәтерде бірге жатқан құрбым да құжат әзірлеп жүр екен. Соның да мотивациясы болды, талпындым, Алланың қалауымен оқуға түстім. Таңдауым Англия болды. Ұлыбританияның Дарем университетінде оқыдым. Бір жарым жылдай Англияда болып, магистратура бітірдім. Шетелде оқуға еш кедергі жоқ. Біз секілді қарапайым қазақтың жастары оқып, елге оралуда. Солардың қатарында болғаныма өзімді бақытты санаймын.
– Шетелде білім алудың артықшылығы неде, ол елдің дәстүрі мен ерекшелігін айтсаңыз...
– Лондонда 8 миллиондай халық бар, жыл сайын миллиондаған турист келеді. Әртүрлі ұлт, дін өкілдері бар. Жан-жақтан, әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер жиналады. Шетелде оқығаныма өкінбеймін. Әртүрлі мәдениет көрдім, танымым кеңейді, көп ақпарат жинадым, айналама басқаша көзқараспен қарайтындай дәрежеге жеттім. Дамыған елдің ерекшелігі адамдарында. Халқы өте сыпайы, бір-бірінің шекарасына өту деген нәрсе жоқ. Білімді, әркім өз жұмысымен айналысып жүрген орта. Сыртта жүріп, төзімділікке үйренесің. Салты мен дәстүрі мүлдем басқаша елдің тарихы да ғажап.
– Шетелде қалу ойда болды ма, әлде алған біліміңізбен елде қызмет ету мақсаты болды ма? Қандай жолдан өттіңіз?
– Шетелде қалу ойымда болған жоқ. Дегенмен көп нәрсе ұнады. Таңқалатын дүние көп болды. Ол жақта көлік жүйесі жақсы дамыған. Ықшам, адамның өмір сүруіне ыңғайлы шағын ел болғанымен, оқуымды бітіріп, елге оралдым. Себебі оқуға кеткенімде жауапкершілікпен кеткен едім. Ата-анамның үміті мен сенімі бар болатын. Елге оралған соң жасыратыны жоқ, «мәдени шок» болдым. Айналамда, қоғамдық орында, автобуста ұрысып жатқан, дөрекілік көрсеткен адамдар. Көшеде түкіру секілді жаман әдет бар бізде. Сондай-ақ, қысым көрсету, кісінің жетістігін көре алмау секілді нәрселер көрдім. Әрине, бұны қоғам болып қана өзгерте аламыз. Бір адам ештеңе жасай алмайды. Жастардың тәрбиесіне о бастан ата-ана көңіл бөлуі керек. Сонда дамыған елдердегі мәдениет қалыптасады.
– Туған елге оралған соң оқу орталығын аштыңыз ба? Оқушыларыңызға қандай бағытта білім бересіз? Курстың ерекшелігі неде?
– Елге оралған соң мектептерде, бірнеше жоғарғы оқу орындарында сабақ бердім. Онлайн оқу орталығын, «English Insights» курсын 2021 жылы аштым. Алматыда ағылшын мектебінің негізін қаладым. Жеке кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Осы уақытқа дейін алған білімім мен тәжірибемді байланыстырып, авторлық әдістемемді жасадым. Оған авторлық құқық алып, курста «тіл үйренемін» деушілерді оқытып отырмын. Онлайн курсты бүкіл Қазақстан оқиды, шетелде тұратын қазақтар да бар оқушылардың арасында. Курстың ерекшелігі сол – бір айда бір деңгейді үйретеміз. 10 жылда мектепте түсінбеген ағылшын тілін біздің курста оқып, түсінгендердің қатары қалың. Тыңдаушыларымыз шын мәнінде «ағылшын тілін қазақша түсіндіретін курс пайда болды, жүйе өте мықты» деп пікір айтуда. Осы уақытқа дейін курсты 5 мыңдай адам оқыды. Алдыма қойған мақсатым – білімім мен тәжірибемнің арқасында ағылшын тілін енді қайтадан оқымайтындай етіп, соңғы рет үйрету. Әйтпесе жыл сайын курсқа жазылып, оны тастап кетіп, нәтиже көре алмай, барлығы ағылшын тілінің беретін мүмкіндігінен құр қалып жатыр. Сондай болмасын деп халыққа қызмет етудемін. Қазір шәкірттерім бар. Олардың арасында шетелде оқып, халықаралық компанияда жұмыс істейтіндері, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері де бар. Жалпы бір аптада нәтиже беріп, ағылшынша сөйлеуге мүмкіндік бар.
– Қазіргі жастардың білімге деген құлшынысына көңіліңіз тола ма? Қандай олқылықтар бар, оны жеңудің жолы қандай?
– Біз студент кезімізде сабақ оқуға ден қойдық. Мәселен, біздің кезімізде 90 пайыз студент оқыса, 10 пайызы ғана оқу мен жұмысты алып жүретін. Қазір керісінше 90 пайыз студент жұмыс істейді, 10 пайызы ғана, ата-анасының қолдауымен тек қана білім алады. Менің ойымша, студент білім алуы керек. Жұмыс істегендерін дұрыс көрмеймін. Ондайда нәтиже, сапалы білім болмайды. Студент білімге ден қою керек. Студент кезде мүмкіндік көп болады. Барынша меңгеріп алған дұрыс. Оқып жүріп жұмыс істеуді олқылық деп санаймын. Мүмкіндік барда оқыған жөн.
– «Тіл үйрену үшін міндетті түрде үлкен қалада тұру керек, онда мүмкіндіктер көп» дегенмен келісесіз бе? Ауылда тұрып шет тілін үйренуге бола ма?
– Қалада тұру міндетті емес. Тіл үйренуге кедергі жоқ. Ауылда тұрып ағылшын тілін үйренуге болады. Интернет бар, онлайн оқып, болашақтағы мақсатыңа қолдануға болады. Онлайн курстың ерекшелігі – жер, ел, уақыт таңдамайды. Жастар әлеуметтік желіде уақыт жоғалтқанша, онлайн оқу мүмкіндігін қолданып, тіл үйренген тиімді. Бұл қазіргі заманның артықшылығы.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақыт табыла бермейді. Қызмет пен үйдің арасында, бала-шағаның тәрбиесіне көңіл бөлемін. Қонақ күту, келіндік міндеттен жаңылған емеспін. Уақыт табыла кетсе ағылшын тілінде фильм көргенді ұнатамын, сондай-ақ кәсіпкерлікке байланысты кітап оқуға тырысамын.
– Өз бойыңыздағы қандай да бір кемшілікті байқасаңыз, оны қалай жеңер едіңіз?
– Қызық сұрақ. Кемшіліксіз адам болмайды. Ең бастысы кәсіби маман ретінде қандай нәрсеге де бей-жай қарамаймын. Бұл кемшілігім деп ойламаймын. Туындаған мәселені өз маманына барып шешкенді жөн көремін. Денсаулыққа байланысты болсын, басқа да мәселелер болса тәжірибесі бар, жүйелі, нәтижеге жұмыс жасайтын маманға баруды жөн көремін.
– Ата-анаңыздан қандай қасиетті бойыңызға сіңірдіңіз? Өз отбасыңыз туралы да айтсаңыз...
– Жоғарыда айтып өткенімдей, жақсы адам, жақсы маман болып қалыптасуыма атам мен әкем көп еңбек сіңірді. Атам Балабай Оралбаев соғыс ардагері болатын. Немерелерінің арасында мені қатты жақсы көрді, сабақты жақсы оқығаным үшін. Оқу жылының соңында күнделігімді әкеліп, атама көрсетемін. Күнделіктегі «бестік» бағаны санап, ақша беретін. Бұл бала үшін үлкен мотивация деп ойлаймын. Аптасына күн сайын болатын алты сабақтан 36 «бес» алуға барымды саламын. Маған «оқысаң күшті боласың» дейтін. Әкем мені үнемі қолдап отыратын. «Шетелде оқимын» деп айтсам келісетін. Еркін өстім. Емтихан тапсырып жүріп, әкеме «Англияға оқуға кетемін» деп телефон шалғанымда, қуанып, батасын берді. Анам көп жұмсайтын. «Қыз баланың үй шаруасына икемді болуы анасына байланысты» деп үй тірлігін барынша үйретті. Қазір бесаспап ана болғаным үшін анама алғысым шексіз. Жолдасым Айбек бес тіл біледі. Египетте оқыған, екеуіміз Амина, Айшанұр, Айбибі есімді қыздардың ата-анасымыз.
– Оқырмандарға айтар тілегіңіз...
– Адамның бақытты болуы, қандай өмір сүруі өз қолында. Адамның өз таңдауынан тұрады. «Өміріңнің қалай өткенін қаласаң, бір күніңді қалай өткізетініңе қара» деген бар. Әр күніңді сапалы өткізсең, үнемі дамуға тырысып отырсаң, білім алып, өміріңді жақсартуға, табысыңды арттыруға тырыссаң мүмкіндік өте көп. Ең бастысы талпыныс, еңбек, әрекет, тәртіп болса, қалаған нәрсеңе жетесің деп ойлаймын. Қасиетті Сыр еліне, туған жеріме менен үлкен сәлем!
– Сұхбатыңызға рақмет, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!
Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ