Әбсадықовтар әулеті республикаға жолдама алды

– Отбасы – ұрпақтар сабақтастығы мен адам бойындағы рухани-адамгершіліктің бастауы. Тек берік отбасылық дәстүрге орныққан ел ғана мызғымас мемлекет бола алады. Елдің бірлігі мен ынтымағы ең алдымен отбасыдан бастау алады. Әке – шаңырақ иесі, ана – отбасының жүрегі, бала – ертеңгі болашағымыз. Осы үштаған бірлікте болса, мемлекетіміз қуатты, қоғамымыз тұрақты болады. Ұлт қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» деген тағылымды сөзі бар. Сіздер өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Барлығыңыз да шынайы құрмет пен мәртебелі мадаққа лайықтысыздар, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Өңірлік комиссияның шешімімен республикалық конкурста Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылының тұрғындары Жақсылық Дүйсенбайұлы Әбсадықовтың отбасы облысымыздың мерейін үстем етеді.
Конкурс қорытындысымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы болып сырдариялық Әбсадықовтар отбасы танылып, бас жүлде иеленді. Аралдық Жақыповтар отбасына І орын, қармақшылық Әбілтаевтар әулетіне ІІ орын, қызылордалық Арысбаевтар отбасына ІІІ орын берілді.
Айта кетейік, ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде Сырдария ауданы, Аманкелді ауылынан қатысқан Жансейтовтер отбасы «Үлгілі отбасы» номинациясын жеңіп алды.
3 ұл және 3 қыздан 29 немере 47 шөбере тәрбиелеп, шаңырағында шаттық шалқыған, ата-бабаның салтын сақтаған, ұрпаққа үлгі, елге өнеге бола білген нағыз ұлттық құндылықтың айнасына айналған Әбсадықовтар әулетіне республикалық кезеңде сәттілік тілейміз!
«Тт» ақпарат