Буллинг: Бала құқығы тапталғанда не істеу керек?

Ең алдымен, күздің алғашқы айында оқушы үшін жағымды жаңалық орын алды. Енді автобус жүргізушілері оқушыларды мәжбүрлеп түсіре алмайды. Егерде жүргізуші мектеп оқушысын орта жолдан түсіріп тастаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қоғамдық көліктен мәжбүрлі түрде түсірілген оқушы өз шағымы бойынша полиция мамандарына жүгіне алады.
Өз кезегінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғауға қатысты бірқатар жаңа өзгеріспен көпшілікті таныстырған болатын. Қазіргі уақытта еліміздегі бірқатар мектеп пен колледжде «ДосболLIKE» атты антибуллинг бағдарламасы іске қосылды. Алдағы уақытта буллинг жасағандарға әкімшілік айыппұл қарастырылғанын айта кетейік. Ең бірінші құқық бұзғандарға – 10 АЕК, қайталанса 30 АЕК ретінде белгіленді.
– Буллинг – бір адамға немесе топқа әдейі және қайталап зиян келтіру (психологиялық, физикалық, әлеуметтік немесе кибер арқылы) әрекеті. Бұл мәселе әсіресе мектептерде, жұмыс орнында және интернетте жиі кездеседі. Мектепте баланың намысына тиіп, қысым көрсететін жандар жиі кездеседі. Мұндайда отбасында балаға ата-ана жақсы тәрбие бергені дұрыс. Физикалық, сөзбен, әлеуметтік, кибербуллинг секілді қысым түрлері бала психологиясына тікелей әсер етеді. 2023 жылы Білім туралы заңға «Балалар арасындағы буллингтің алдын алу» бабы қосылып, Қазақстан Республикасының заңнамасына «Буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдары алғаш рет енгізілді, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қасымхан Асанұлы.
Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша адамды көпшілік алдында қорлау – айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе қамаққа алуға әкелуі мүмкін. Ал 147-бапта Жеке өмірге қолсұғушылық негізінде фото/видео тарату арқылы бір адамға қорлау жасалса, жауапкершілікке тартылатыны көрсетілген. Бұл ретте 123-бап бойынша жас балаларды азғыру көрініс тапса, кей жағдайларда буллинг осы баппен де қаралуы мүмкін. 194-бапта қорқытып алу (шантаж): ақша немесе басқа нәрсе талап еткен жағдайда зәбір көрсетуші заң алдында жауап береді. Қылмыстық кодекстегі 108-1-бабы бойынша денсаулыққа жеңіл зиян келтіру, 109-1-бабы бойынша тән жарақатын салу қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото:Ашық дереккөзден