Мәні мен маңызы зор құнды жинақ

Аудандық газет редакциясы – ұлылардың ізі қалған, нағыз руханияттың қара шаңырағы. Ендеше сыйлы кісілердің арнайы кітап ұсынып, батасын беріп, қарашаңыраққа сәлем бере келуі біз үшін де үлкен мәртебе.
– Әкем Байназар Сүлейменов саналы ғұмырын ұстаздық және қаламгерлік қызметке арнаған. Кезінде осы редакцияда жұмыс істеген еді. Әкемнің ізі қалған қарашаңыраққа арнайы келіп отырмыз. Ол кісінің өмірден өткеніне жиырма жылдан астам уақыт болды. Әкем Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішев атындағы білім ордасында ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Еңбек ете жүріп аудандық, облыстық газет редакцияларымен байланыс орнатып, шығармашылық ізденістер жүргізді. Қырық жылдан астам уақыт басылымдарға тұрақты түрде мақала жариялап, оқырманның жоғары бағасына, халықтың құрметіне бөленді. Айтамын, жазамын деген дүниелері көп еді. Бірақ жаза алмады. Сол кезде «Қолыңа қалам алшы, балам» деген бір ауыз сөзі жүрегімде мәңгі сақталып, әке аманатын орындау арман еді. Жаза алмаған, айта алмаған аманатын маған тапсырғандай болды. Сол жолда еңбектерін жинақтап, жинақ құрастыру мақсатымыз ізгі жандардың қолдауымен жүзеге асты. Кітаптың бірнешеуін аудандық кітапханаға ұсындық. Және ауданның төл басылымы «Тіршілік тынысы» редакциясына да арнайы табыстағымыз келеді, – деген Б.Сүлейменовтің қызы Күлзәбира
Байназарқызы сиясы кеппеген жаңа кітапты табыстап, жұмысымызға сәттілік тіледі.
Кітапта КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз, талай құнды дүниелерді тарих жадына таңбалаған мұра жинаушы Байназар Сүлейменовтің артында қалған рухани қазынасы топтастырылған. Кітаптың авторы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы.
Сиясы кеппеген су жаңа кітап туралы сөзге ойыспас бұрын Байназар Сүлейменов туралы бірер дерек келтіріп өткеніміз жөн. Кейіпкеріміз сонау 1929 жылы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Ол кезде ауыл «Қызыл Ту» ұжымшары деп аталған. Жастайынан білімге құмар, белсенді әрі епті болып өскен ол орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оқу орнында қоғамдық жұмыстарға, іс-шараларға белсенділікпен қатысып, оқытушы ұстаздардың оң бағасына ие болады. Кейіннен өзі түлеп ұшқан ауылға келіп, алтын ұя мектепте ұстаздық еңбек жолын бастайды. Бір білім ордасында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелейді. Ел балаларының өмірден өз орнын табуына жол ашып, бағыт-бағдар береді. Қайраткер-тұлға 1968-1989 жылдары ауыл мектебінің кәсіподақ ұйымын басқарған. Сондай-ақ мұғалім мәртебесін көтеру жолында елеулі үлес қосқан азамат. Бүгінде бір емес бірнеше буын өкілдері Байназар Сүлейменовті ұстаз санайды.
– Әкеміздің өмірі тағылымға толы, үлгі аларлық тұстары көп деп білеміз. Ұстаздық қызмет атқара жүріп баспасөзбен тығыз әріптестік байланыста болды. Жаңалықтың жаршысы атанып, ауылымыздың жақсы жетістіктерін көпшілікке паш етті. Кемшін тұсы болса, сын тезіне алып, кемшілік жіберген азаматтарды қаламымен түйреді. Әртүрлі фельетондарын жұртшылық қызыға оқитын. Мұнан бөлек еңбек майталмандарына арнап өлеңдер, мақалалар жазып, олардың маңдай терге толы өмірін насихаттады. Еңбек адамдарына құрметі ерекше еді. Атақты күрішші Меруерт Меркемеловаға, Балдырған Мұстапаеваға, сауыншы Қызкенже Пірішоваға, жазушы Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішевке өлең арнады. Мен бірнеше рет өңірімізге белгілі қаламгер Жақсылық Рахматулла ағамыздың қабылдауында болдым. Ол кісі әкемізді қатты сыйлайтын. «Біздің Байекең – нағыз шежіре кісі, тарихи жады мықты, біртуар азамат» деп айтатын. Жақсылық аға кезінде әкеміздің туындыларының облыстық, аудандық газетке жариялануына ықпал етті. Ол газеттердің бәрі үйіміздің төрінде әкеміздің көзіндей болып сақтаулы тұр, – дейді Күлзәбира Байназарқызы.
– Байназар ағай бізге бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімізде қосымша сабақтан берген еді. Ол уақытта «ұзартылған күн тобы» дейтін. Даусы зор кісі еді. Дыбыстарды дауыстап айтқанда селк етіп отырушы едік. Ақындық та өнері болды ағайдың. Талай тұлғаға ұстаз болған кісі еді. Жатқан жері жайлы болсын, – дейді тәжірибелі мұғалім Гүлнәз Құлымбетова.
Біздің қолымыздағы «Ізгіден қалған із» жинағы төрт дәптерге бөлінген. Бірінші дәптер «Ақындық жүректен» деп аталады. Бұл бөлімде ұстаздық пен ақындықты қатар алып жүрген азаматтың өлеңдері топтастырылған. Өлеңдері негізінен туған жерге, еңбеккерлер мен ардагерлерге, ұстаздарға, шәкірттерге арналған. Кезінде баспасөз бетінде жарияланып, оқырманына ұсынылған шабытты жырлардың кейбірі кейіпкеріміздің қойындәптерінде қолжазба күйінде сақталған.
Екінші дәптер «Мұрағат сөресіндегі сыр» деп аталады. Байназар ағай кезінде ел аузынан естігенін, қолжазба күйінде қалған әдеби, деректі дүниелерді жинап, мерзімді баспасөз беттеріне жариялап жүрген. Сондай жинақтардан сыр шертетін бұл бөлімде Ұлбике мен Күдері айтысы мен Ұлы Отан соғысында қан кешкен боздақтардың қаламынан туған жыр-хаттары жарияланған.
Ал үшінші дәптер «Сарғайған парақтар сөйлейді» деп берілген. Бұл дәптерге ұстаз-журналистің әр жылдары әртүрлі мерзімді баспасөзге жарияланған мақалалары, суреттемелері, шағын хабарлары топтастырылған. Жинақты құрастырушылар бұл бөлімдегі деректерді сарғайған газет беттерінен көшіріп алғанын айтады. Яғни бұл бөлімде белгілі тұлғалар, тарих толғамдалып, жинақталған. Кеңес дәуірі, Тәуелсіздік кезеңіндегі еңбек адамдарының бейнесі, қоғам көрінісі баян етіледі. Түптеп келгенде бұның бәрі – сарғайған тарих беттеріне көшкен ұмтылмас тарих, дайын мұрағат.
Төртінші бөлім «Жадымда жатталған жарқын жүз» деген атауды арқау еткен. Бұл бөлімнің ерекшелігі – кейіпкеріміздің өз шығармашылығы емес, ағайдың көзін көрген жандардың естелік, тілектері жинақталған. Оның ішінде газеттерде жарияланған Байназар аға туралы естеліктердің өзі бір төбе.
Жақсы кітап – жан азығы. Оны оқу бір бөлек те, оқырманмен ой бөлісу және басқа. «Жақсы кітапты оқу – бір ғанибет, оқығаннан кейінгі ой бөлісу – екінші ғанибет» деп жазады Оралхан Бөкей. Сол айтпақшы, баспадан жақында шығып, оқырманына ақ жол тартқан, ортақ олжаға айналған жинақты өзіміз оқып қоймай, оқырманмен ой бөлісуді құп көрдік. Тарихты толғамдап, көп сырды ішіне бүккен туындыны оқып, көңілге тоқу керек.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ