Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер

Ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер

Ел ішінде ел үшін еңбек еткен кісілердің есімі әркез жаңғырып тұрады. Сондай халыққа қызмет еткен тұлғаның бірі – шіркейлілік Байназар Сүлейменов. Ол кісі ұс­таздық жолдағы ұлағатты істерімен, ел шежіресін же­тік білетін қайраткерлігімен, қаламгерлік қарым-қа­білетімен қоғамда абыройлы болған ардақты азамат. Осындай елжанды тұлғалардың ұлағатты ісі ұрпақтары арқылы өнеге болады. Осыған орай Б.Сүлейменов ұрпақтары әке есімін ардақтап, оның кө­зін көргендердің басын қосты.

Басқосуға қарымды қаламгерлер Қайырбек Мырзахметұлы, Қазыбай Құдайбергенов, ауданнан арнайы барған өлкетанушы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Маханбет, ұзақ жылдар аудандық «Тіршілік тынысы» газетін басқарған белгілі ардагер жур­налист Сәуле Ерімбет, аудандық «Тір­шілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы және шіркейлілік аға­йын-туыстары қатысты. Жиналған көпшілік бас­қосу барысында ардақты азаматтың есімі ұмытылмайтынын, артына өшпестей өнеге қал­дырғанын тілге тиек етті.

– Баекең ұстаздық қызмет атқарды. Шір­кей­лі ауылындағы білім ордасында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәр­биеледі. Ел балаларының өмірден өз орнын табуына жол ашып, бағыт-бағдар берді. Одан бөлек ол кісі қоғамдық істерде белсенді болды. Оның ішінде, жазушылық қабілетімен дараланып, елде болып жатқан жаңалықтарды аудандық, облыстық газет беттеріне беріп тұрды. Қазіргі «Сыр бойы» газетінде ұзақ жыл жұмыс істеген уақытта Баекең бізге жиі соғып, елдің мұң-мұқтажын да жеткізіп отырды. Туралықты, әділдікті жаны қалайтын азамат еді. Сондықтан осындай тұлғаның есі­мі өмірден озғанына 20 жыл толса да ұмы­тылмақ емес. Ол кісінің өнегесін үлгі ету үшін Шіркейлі ауылынан бір көшеге есімін берсе, құр­меттің төресі болар еді, – деді Қайырбек Мырзахметұлы.

Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген Қазыбай Құдайбергенов Б.Сүлейменовтың жазушылық шеберлігімен қоса ауылда радио тарату ісін де ұйымдастырғанын, сол арқылы ауыл та­лант­тарының түлеп шығуына, елдегі еңбек нау­қандарының ақпараттандырылуына көп ең­бек сіңіргенін атап өтті. Шежірелерді тарқатып, қа­зақ елінің арғы-бергі тарихы, өңірдің қа­лыптасу туралы айтқан әң­гімелерінен білім­дар­­лығы айқын көрініп тұратынын жеткізді. Ол кісінің өнегесін жаңғыртып жатқан ұрпақ­та­рына өзінің ризашылығын білдірді.

Басқосуда ауданнан барған меймандар мен жақын-жуықтары ұлағатты ұстаз, қарымды қа­ламгер туралы естеліктерімен бөлісті. Ал ұр­­пақтары атынан сөз сөйлеген Күл­зәбира Бай­назарқызы әкесі мен анасының елге сыйлы болғанын, ол кісілердің еңбек адамдары­на құрметі ерекше екенін айтты. Жақсы ес­теліктерін айтқан, басқосуға жиналған жұрт­шылыққа алғысын жеткізді. Ардақты азамат рухына Құран бағышталып, арнайы ас берілді.





Е.ЖАППАРБЕК
14 маусым 2022 ж. 513 0