Ғибратты ғұмыр иесі
Өмірге келу барда кету де бар. Барлық пенде шыр етіп өмір есігін ашып, ана әлдиімен ер жетіп, ұстаз шапағатымен оң-солын танып, азамат болып қалыптасқанымен бұл жалғаннан мәңгілік мекеніне әртүрлі жағдайда аттанады. Біреудің өмірі сол бақиға бағыт алған сәтінде-ақ ұмытылса, ал екінші біреудің есімі өмір жолындағы өнегелі істерімен халық жадында ұзақ уақыт сақталып, мың жасайды. Өмірі мен шығармашылығы қаламымызға арқау болып отырған бүгінгі кейіпкеріміз Байназар Сүлейменов – ұстаздық жолдағы ұлағатты істерімен, ел шежіресін жетік білетін қайраткерлігімен, қаламгерлік қарым-қабілетімен қоғамда абыройлы болған ардақты азамат.
Үлкенді-кішілі жиындарда, түрлі басқосуларда, әдеби-мәдени іс-шараларда біз жергілікті ардагерлердің, зиялы қауым өкілдерінің Байназар Сүлейменовтің есімін зор құрметпен атап, өмір жолы мен еңбек жолынан өнеге сабақтайтынын аңғарып келеміз. Мәселен, аудандық газет редакциясымен тұрақты түрде шығармашылық байланыс орнатып, өлке тарихы, тарихи тұлғалардың өмір жолы туралы кең көлемді зерттеу мақалалар жазып жүрген «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Маханбет әр кездескенімізде Байназар Сүлейменов есімді азаматтың өмір сүргенін, ол кісінің өлке тарихын, ел шежіресін жетік білгенін айтады. ҚР Мәдениет саласының үздігі атанған азаматтың бұл пікірі қайраткер-тұлғаны жақынырақ тануымызға жол ашқан еді. Жақында шежірелі қарттың қызы, мұраларының жинақтаушысы Күлзәбира Байназарқызымен кездесудің сәті түсті. Қайраткер-тұлғаның ұрпағы әкесінің авторлық мақалаларын көрсетіп, басылымдарда жарияланған туындыларының мәні мен мазмұны туралы әңгімеледі. Сондай-ақ өзінің де ізденістерге иек артып, зерттеу мақалалар әзірлеп жүргенін жеткізіп, әкесі туралы кітап шығару жөніндегі жоспарымен бөлісті. Соған ақпараттық қолдау көрсетуімді сұрап, бірқатар ұсыныстар айтты. Ардагер ағалардың орнықты пікірі, ұрпақтарының іргелі ізденісі ғибратты ғұмыр иесі туралы қалам тербеуіме түрткі болды.
Кейіпкеріміздің әуелі өмір жолына қысқаша тоқталайық. Байназар Сүлейменов сонау 1929 жылы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Ол кезде ауыл «Қызыл Ту» ұжымшары деп аталған екен. Жастайынан білімге құмар, белсенді әрі епті болып өскен ол орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оқу орнында қоғамдық жұмыстарға, іс-шараларға белсенділікпен қатысып, оқытушы ұстаздардың оң бағасына ие болады. Кейіннен өзі түлеп ұшқан ауылға келіп, алтын ұя мектепте ұстаздық еңбек жолын бастайды. Бір білім ордасында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелейді. Ел балаларының өмірден өз орнын табуына жол ашып, бағыт-бағдар береді. Бұл туралы ардагер ұстаз, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Біләл Мақашевтің естелігіне назар аударайық.
– Мен Байназарды бала күнімнен білемін. Ол кісі іс бастаса көсем, сөз бастаса шешен еді. Өте белсенді болатын. Мектепте бастауыш сынып балаларын оқытумен қатар, адал еңбекке баулып, олардың текті, епті болуына ерекше мән беретін. Талай баланы білім нәрімен сусындатып, болашаққа қанат қақтырды. Жас мұғалімдердің білікті маман болуына септігін тигізді. Өз балаларын да жалған сөйлемеуге, жаман әдеттерден аулақ болуға, бір-біріне кішіпейіл болуға баулыды. Отырған ортасында тарихи, танымдық әңгімелер айтып, жұртты ұйытып тыңдата білетін. Сосын тік мінезді еді. Ақты ақ, қараны қара деп тура айтатын. Ал шежірелерді тарқатып, қазақ елінің арғы-бергі тарихы, өңірдің қалыптасу туралы айтқан әңгімелерінен білімдарлығы айқын көрініп тұратын. Ол кісі 1989 жылы зейнетке шықты. Байназар Сүлейменов зейнетке шықса да қоғам өмірінен тысқары қалған жоқ. Ардагер ретінде жастарға ағалық ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп жүретін, – дейді Біләл Мақашев.
Ардагер ұстаздың сүбелі сөзін ауданға белгілі ақын, қоғам белсендісі Қанатбек Әбілқасымов жалғай түсті. Ардақты азамат кейіпкеріміздің қаламгерлік қырына, журналистік шеберлігіне тоқталды.
– Байназар ағамыз еңбексүйгіш, үлкен жүректі азамат еді. Қырық жыл деген бір адамның ғұмыры ғой. Ол кісі қырық жыл бойы облыстық «Сыр бойы» газетіне түрлі тақырыпта мақала жолдап, басылым мен оқырман арасына алтын көпір бола білді. Біз Байназар ағаның облыстық газетке жарияланған мақаласын көре қалсақ, бірден сол мақаланы оқып, өз әсерімізбен бөлісетінбіз. Ол кісі әркез «Алғашқы ұстазым – Қуаныш Баймағанбетов» деп айтып отыратын. Ұстазының жырларын жатқа айтатын. Меніңше, Байназар ағаның қаламгерлік қарым-қабілеті ата-анасының тәрбиесімен, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетовтей ұстазының ақ батасымен қалыптасты. Менің де ол кісіге арнау өлеңдерім бар. Байназар аға да мені інім деп жақын тартып, бірнеше рет маған арнап өлең жазып берген еді, – дейді Қанатбек Әбілқасымов бізбен әңгімесінде.
1995 жылы Қуаныш Баймағанбетовтің 100 жылдығы тойланды. Ақынның кіндік қаны тамған Аманкелді ауылында сол кездегі облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Жақсылық Рахматулланың құрастыруымен «Халық ақыны – Қуаныш Баймағанбетов» атты кітаптың тұсауы кесілді. Кітап авторы өз естеліктерінде туындыны жарыққа шығару ісінде сырдариялық Байназар Сүлейменовтің көп септігі тигенін жазады. Әсіресе өлең-жырларының жинақталған нұсқасы кітаптың мазмұнын байыта түскен. Осыдан-ақ кейіпкеріміздің білімдарлығын аңғаруға болады. Біздің бұл сөзімізді тұлғаның қызы, мұраларының жинақтаушысы Күлзәбира Байназарқызы жалғастырады.
– Әкеміздің өмірі тағылымға толы, үлгі аларлық тұстары көп деп білеміз. Ұстаздық қызмет атқара жүріп баспасөзбен тығыз әріптестік байланыста болды. Жаңалықтың жаршысы атанып, ауылымыздың жақсы жетістіктерін көпшілікке паш етті. Кемшін тұсы болса, сын тезіне алып, кемшілік жіберген азаматтарды қаламымен түйреді. Әртүрлі фельетондарын жұртшылық қызыға оқитын. Мұнан бөлек еңбек майталмандарына арнап өлеңдер, мақалалар жазып, олардың маңдай терге толы өмірін насихаттады. Еңбек адамдарына құрметі ерекше еді. Атақты күрішші Меруерт Меркемеловаға, Балдырған Мұстапаеваға, сауыншы Қызкенже Пірішоваға, жазушы Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішевке өлеңдер арнады. Мен бірнеше рет өңірімізге белгілі қаламгер Жақсылық Рахматулла ағамыздың қабылдауында болдым. Ол кісі әкемізді қатты сыйлайтын. «Біздің Байекең – нағыз шежіре кісі, тарихи жады мықты, біртуар азамат» деп айтатын. Жақсылық аға кезінде әкеміздің туындыларының облыстық, аудандық газетке жариялануына ықпал етті. Ол газеттердің бәрі үйіміздің төрінде әкеміздің көзіндей болып сақтаулы тұр, – дейді Күлзәбира Байназарқызы.
Осы тұста қайраткер-тұлғаның 1968-1989 жылдар аралығында ауыл мектебінің кәсіподақ ұйымын басқарғанын айтып өткеніміз жөн. Негізгі қызметінен бөлек ауыл, аудан тарихы үшін маңызды іс-шаралардың ұйытқысы болды. Мұғалім мәртебесін көтеру жолында тер төкті. Туралықты ту еткен азамат қоғамда сыйлы, әріптестерінің арасында беделді азамат атанды. Еңбегі еленіп, 1982 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болды. Бірнеше жыл қатарынан Социалистік жарыстың жеңімпазы болып, абырой тұғырынан көрінді. Қазақ ССР оқу министрлігінің, Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитетінің, республикалық кәсіподақ ұйымының, Қазақстан Журналистер Одағының «Құрмет грамоталарымен», облыстық, аудандық атқару комитетінің мақтау қағаздарымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Көзкөргендердің айтуынша, әділетсіздікке жаны төзбейтін еді. Бүгінде Сыр еліне белгілі қоғам қайраткері Қазыбай Құдайбергенов кейіпкеріміздің қоғамшыл болғанын жоғары бағалайды әрі өзінің ұстазы санайды.
– Бәріміз Қал-ағаң – Қалтай Мұхамеджановты мақтан тұтамыз ғой. Мен де дарынды жазушы туралы көп қалам тербедім. Бірде көрнекті жазушының бала күнінде суырып-салма ақын болуға ұмтылғаны жөнінде архив қағаздары табылды. Оны көшіріп жазған әрі осы тақырыпта мақалалар жариялануына бастамашыл болған Байназар Сүлейменов еді. Қал-ағаң мен Сыздық Қалилаевтың айтысының толық мәтіні ардагер журналист Байназар Сүлейменов ағамыздың редакцияға тапсыруымен «Сыр бойы» газетінде жарияланды. Өте ыждағатты, ұқыпты, ізденімпаз еді. Ұстазым ретінде құрметтеймін. Тағы бір естелік айтар болсам, шамамен 1944-1945 жылдары облысымызда ақындар айтысы өтеді. Оны Нартай Бекежанов басқарған екен. Сол іс-шараға менің әкем де қатысып, өлең оқыпты. Сол өлеңнің жазбаша нұсқасын мен кейіннен Байназар ағайдан алдым. Құнды дүние кітапқа енгізілді, газетке жарияланды. Ұстазымыз бейнетінің зейнетін ұзақ уақыт көре алмады. Жетпістен аса бере бақилық сапарға аттанды. Бірақ артында өшпес іс пен із қалды. Біз Байекеңді әркез зор құрметпен еске алып, рухына тағзым етеміз, – дейді Қазыбай Құдайбергенұлы.
Ұстаз шәкіртімен мың жасайды. Бүгінде Байназар Сүлейменовті бір емес бірнеше буын өкілдері ұстаз санайды. Жоғарыда есімі аталған Қазыбай Құдайбергенов ағамыз кейіпкерімізді ұстаз тұтқанынан-ақ ол кісінің шәкірттерінің шоқтығы биік екенін байқауға болады. Білікті хирург Бекназар Жақыпов, ғылым докторы, онколог Темірбек Мұсабеков, қоғам қайраткері Аббас Камалатдин, ұстаз Әлима Нақыпова, бүгінде №129 Ә.Жәмішов атындағы орта мектепті басқарып отырған Жанболат Назаровтар – қайраткер-тұлғаның шәкірттері, інілері, ізбасарлары. Осындай шәкірттерімен мың жасайтын тұлғаның ұрпақтары да ұлағатты, тәрбиелі, өнегелі. Олар ата-аналарының қазақы дәстүрді берік ұстанған қонақжай болғанын мақтанышпен айтады.
– Әкеміздің биыл өмірден өткеніне 20 жыл уақыт өтіпті. Атақты Тапал ахунның немересі, анамыз Ауана Нұрадинқызымен бірге 51 жыл отасып, 10 бала өсірген, ұстаздық қызмет атқарған, қалам тербеген әкеміз өмірден өтсе де оны жұртшылық әлі күнге ұмытқан жоқ. Әкемізді ауыл-аймақ қадір тұтатын, ел-жұрт жақсы танитын. Бала күнімізде «Байназардың баласымын» десек, «Е, Байекең керемет адам ғой» деп әкемізді танитындар арқамыздан қағып, маңдайымыздан сипайтын. Елмен етене араласып, қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болған ардақты жанның айтамын деген сөзі, жазамын деген ұлағаты таусылмап еді. Амал нешік, 2002 жылы өмірден өтті. Сол кезде біздің қайғымызға сырбойылықтар түгел ортақтасты. Облыс, аудан басшылары, зиялы қауым өкілдері, әріптес ұстаздар мен журналистер ақтық сапарға шығарып салды. Сонда өзімен қызметтес болған інісі, ауылымыздың ардақтысы Қанатбек Әріпханұлы «Өмірден өтті мәрт адам» атты арнауын оқығанда жыламаған жан қалмады. Бұл көпшіліктің әкемізге деген құрметі, ілтипаты, сыйластығы еді, – дейді Күлзәбира Байназарқызы.
Халқымыз «Орнында бар оңалар» деген. Бүгінде қайраткер-тұлғаның ұрпақтары өсіп-жетілді, балалары елдің ағасы атанса, қыздары бір-бір әулеттің түтінін түтеткен ардақты ана болды. Олардан тараған ұрпақтар да іргелі әулетті көпшілікке танытып, түрлі салаларда нәтижелі еңбек етіп жүр. Кейінгілері озат оқушы, ізденімпаз студент, жігерлі жас маман. Олар аталарын, әкелерін мақтан тұтады және есімін тарихта мәңгі қалдыру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін қалайды. Өзі туып өскен Шіркейлі ауылынан бір көшеге есімі берілсе дейді. Мұны өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің де қолдайтыны анық. Ендеше, лайықты азаматты ардақтау ісін іс басында жүрген азаматтардың еншісіне қалдырайық. Бір анығы, үлкен-кіші үлгі етіп, құрметтеген ғибратты ғұмыр иесі Б.Сүлейменов өзін іздейтін, еңбегін бағалайтын, бағамдайтын қалың ел бар кезде ешқашан ұмытылмайды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ