Әке қарғысы оқ
Халық даналығында «Әке қарғысы оқ» деген тағылымды сөз бар. Тарихтан белгілі әкенің баласына деген назды ренішінен туындайтын қарғыстың ақыры жайсыз оқиғалармен аяқталған. Сәби кезінен бауырына басып, емірене сүйген перзентінен жирену кімге болса да оңайға соқпасы анық. Осыған дейін әке мен бала араздығы қазақтың басынан өткен. Ғұмыр бойына әкені сыйлау, оның бағасын арттыру, беделін жоғары қою мұсылмандық міндет саналады.
Ата-ананы құрметтеу ислам дінінде негізгі шарт ретінде белгіленген. Асылында әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық болып табылады. Тірегіңнің не артынан жүру, немесе оң жағында жүру азаматтығынды көрсетеді. Ас-ауқаттың дәмдісін ең алдымен әкенің алдына қойған. Тамаққа үлкен кісіден бұрын қол созу әбестік. Ешқашан қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірмеген абзал. Ол тізе бүкпей тұрып, баласы отырмаған. Қадірлі жан ұйықтамай тұрып, перзенті жастыққа бас қоймаған.
Иә, заман көшіне ілескен қазіргі оттың басында әкенің рөлін айшықтау маңызды. Қыздары көрікті, ұлдары бөрікті қазақтың ұстанымында әкенің әрбір айтқан сөзі заңдылық. Әрбір шаңырақта бұйрығы бұлжытпай орындалуы тиіс. Бауыржан Момышұлы қанатты сөзінде: «Ата қадірін білмеген – ел қадірін білмес» деген екен. Қай кезде де ата-ананың абыройын асқақ ету арқылы кіші Отанның бағасын арттыру керек. Ер азаматтың ешқашан еңсесі түспей, ұрпағы алдында жүзі жарқын болғаны дұрыс. Үйдегі отанасы, әке мен бала арасындағы сыйластық – мызғымас көпір. Жастайынан бала санасына әкенің қайраты мен ерік-жігерін, парасаттылығын ардақты аналар сіңіреді. Көз қиығынан барлық жағдайды байқататын әкенің балаға деген мейірімі ерекше. Қаталдықты әрқалай түсінетін жас ұрпақ перзенттік жауапкершілікті айрықша ұғыну керек.
Мақаламызға арқау болған әкенің балаға деген қарғысы жөнінде өмірдегі оқиғаларға көз жүгірткен болатынбыз. Туғанынан безген талай жас өркен ата-ана жанына жара салған. Сөз киесін түсінбеген жастардың жүгенсіз кетуінің астарында талай дүние жасырынып жатыр. Ең алдымен ата-ана үмітін ақтай отырып, үлкеннің разылығын алу құптарлық жағдай. Бірде хәкім Абайға әкесі Құнанбай өмірлік ұстанымдары жайында мін тағады. Сонда ұлы ақынның әкесі баласының арзан мен қымбаттың парқын білуге, дос пен қасты сараптауға, батыс мәдениетініне көп жүгінетіндігі тұрғысында пікір білдіреді. Абайдың әкесіне қарата айтқан жауабын көзі қарақты оқырман Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан оқуға болады.
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Үміт еткен ұлы оңбаған болып кетсе – әке сорлы, қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы, сұлу деп алғаны сүйкімсіз болып шықса – жігіт сорлы, қыран деп тигені жапалақ болып шықса – жар сорлы» деген екен. Бар жақсылықты баласының бойынан көргісі келетін ер азаматтар әке деген атқа лайықты болуы қажет.
Қоғам өмірінде талай отбасында рухани құндылықтар көкжиегі құлдырап бара жатқаны өкінішті. Әке қыңжылысы мен өкініші өмір заңдылығынан туындайды. «Жүйелі сөз жүйесін табады» демекші, әкелер ешқашан баласына жамандық ойламас. Дегенмен бір анадан дара туған баладан бұрын алалық ететін перзенттің тәрбиесі көпті ойлантады. Әсілінде ана баласына қанша мейірімін төккенімен әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтындығын жақсы білеміз. Ананың мейірім шапағаты баласы үшін қымбат. Отанасы перзентіне ауыр сөз айтқанымен артында зілі жоқ. Ең бастысы, әке сенімін ақтау, абыройына нұқсаң келтірмеу перзентік парыз. Әйтпесі, әке разылығына ие бола алмаған баланың оңала алмағаның көзіміз көріп жүр.
Балтабай ОРДАБЕКОВ