Ақпараттық саланың майталманы болғым келеді

Өзім журналистика мамандығына қызығамын. Алдағы уақытта телевизиялық бағытта өз бағымды сынап көрсем деп ойлаймын. «Кітап оқы да, кемелден!» байқауында Сәкен Сейфуллин ауылынан қатысып, жеңімпаз атандым. Күнделікті өмірде үнемі ізденісте жүремін. Қызығушылық танытқан саланың қиындығын жақсы білемін. Алдағы уақытта ата-ана үмітін ақтап, журналистика саласында жемісті еңбек еткім келеді.
Беделі биік мамандықты игеру жолында біз секілді жастарға кітап оқу – маңыздылығын жоймайды. Инемен құдық қазғандай, білімге құштар болу арқылы болашағымызды айқындай аламыз. Жалпы интернет пен әлеуметтік желінің дамуы – журналистиканы түбегейлі өзгертті. Ақпарат тарату жылдамдығы артты. Ал жалған жаңалық пен манипуляциялық контент көбейді. Бұл жағдайда кәсіби журналистиканың рөлі бұрынғыдан да жоғары. Сенімді ақпаратты сүзгіден өткізіп, халыққа жеткізу – бүгінгі күннің басты міндеті саналады.
Мектепте арнайы жоба аясында телестудия үйірмесі ашылған еді. Үйірме барысында жас тілші ретінде білім ошағының тыныс-тіршілігін ақпараттандыруға атсалыстым. Аудандық деңгейдегі көптеген іс-шараның өткізілуіне арнайы репортаж жасадық. Алға қойған мақсатым – мықты журналист атану.
«Кітап оқы да, кемелден» жобасы арқылы қазақ әдебиетінің жауһарларының құнды туындыларына қанықтық. Оқу, білу, зейінге тоқу арқылы тұлғалық болмысымызды қалыптастырамыз.
Райиана БАЙТҮГЕЛ,
137 орта мектептің 9 сынып оқушысы