Кітапханашы келбеті
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш Кекілбаевтың ұлағатты сөзі бар. Кітаптан асқан қазына жоқ. Адам баласы кітап оқу арқылы білім жинап, ой өрісі дамып, өзін жаңа қырынан тани түседі.
Раушан Тәуекелова – Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте кітапханашы. Жиырма жылдық тәжірибелі маман осы саланың білгірі. Әр жылдары мектеп оқушыларына жаңа кітаптар топтамасын ұсынып, балалардың оқуға деген қабілеттерін аша түсуде аянбай еңбек етіп келеді.
– Ауыл балалары оқуға құштар. Жаңа шығармалар келген сайын ынтызарлықпен жаздырып алып, оқып жатады. Білім – мұхит, білім – теңіз. Кітап сөрелеріндегі әрбір кітаптың өзіндік маңызы зор деп есептеймін. Алтын көмбенің сыры мен сипатын жүрекпен сезіне білу керек. Сонда ғана парасат-пайымыңды арттырып, танымың кеңейе түседі. Әр балаға сұранысына сай қажет дүниені тауып беріп, білім бұлағынан сусындату – кітапханашының міндеті, – дейді ол.
Жалпы №191 орта мектеп кітапханасы заманауи талапқа сай жабдықталған. Кітапхана жанынан арнайы коворкинг жасақталған. Бос уақытында оқырмандар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап, кітап оқуына болады. Тренингтер өткізіледі, көрмелер ұйымдастырылады. Сонымен қа тар әдеби кеш, танымдық сағат, отбасылық жарыстар тұрақты өткізіліп отырады.
Ұлы мұраттарға жетелейтін осынау мамандықты Раушан Асарбекқызы бала күнінен жанына жақын тұтты. Отбасындағы жиналған кітаптар, оның үстіне көркем әдебиетті сүйсіне оқитын ынтасы «кітапханашы болсам» деген асқақ арманға жетеледі. Анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған кісі. Содан болар, бала кезден жанында жүріп түрлі кітаптар оқып, білім көкжиегі кеңи түсті. Оның осы мамандық иесі атануы ана сүтінен дарыса керек-ті.
Бүгінде кітапхана қорында 12591 кітап қоры сақтаулы. Оның ішінде 3769 – көркем әдебиет, 6630 – оқулық, 1606 – әдістеме, 586 – электронды оқулық бар. 230 оқырман тіркелген. 2021-2024 жылдар ара лығында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынды. Ал биылғы жылы «Балалар кітапханасы» бағ дарламасымен жұмыс жасалуда. Әрбір іс-шара кітапханамен тікелей байланысты екенін айта кету керек. Сондықтан бұл мамандықтың әр адам үшін маңызы зор, – дейді кітапханашы Раушан Асарбекқызы.
«Білім инемен құдық қазғандай» болса, білімге құштарлықты ояту да сондай үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Үнемі үлкен-кішімен тіл табысып, керекті кітабын тауып беру үшін зыр жүгіріп жүріп көмектесу кітапхана қызметкерлерінің кеңдігін танытады.
Раушан – аудандық, облыстық кәсіподақ марапаттарының иегері. Өткен жылы «Үздік кітапханашы – 2023» байқауында жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
Мамандық таңдаудан жаңы лыспау – өз-өзіңді іздеп табумен тең. Сан тарау саланың ішінде әр адамның жанына жақын тұтатын кітапхана мамандығы. Себебі балабақшадан бастап үлкен тұлға болып қалыптасу жолында темірқазықтай жол сілтеп тұратын – кітап. Ал кітапханашы осы ізгі мамандықтың қайнар бұлағы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз бала арманын өмірлік ұстанымына айналдырған аяулы жан.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
журналист