Біз соғысты көрген жоқпыз

Құлман он үш жастағы бала болса да, мінезі, іс-әрекеті отыз жастағы жігітке ұқсайтын еді. Әкесі майданға аттанып, ерлікпен қаза табады. Дегенмен қаралы хабарды естірту үшін қара қағаз ауылға келгенде ауылдастары шындықты жасырып қалуға тырысады. Себебі ақсақалдар әкесінің екінші әйелі балаларды тастап кете ме деп қорықты. Бір жағынан қамқорлық, екінші жағынан ішкі қайшылық. Алайда «Жалғанның жарығы бір күн, ақиқаттың жарығы мың күн» дегендей, шындық ақырында ашылады.
– Құлман – қайсар, еңбекке ерте араласқан бала. Зеркүл – нәзік жүректі, ақылды қыз. Екеуі де соғысты көрмесе де, салдарымен күнде бетпе-бет келген. Зұлмат жылдар олардың балалық шағын ұрлады. Ауыл тұрғындарының ауызбірлігі мен баланы қорғауға ұмтылысы – сол дәуір тұрғындарының адамгершілік бейнесін көрсетеді. Шындығында, кейде шындықты жасырудың өзі – ауыр.
Қазіргі бейбіт өмір дәл осы балалардың тағдырдың теперішімен үнсіз күресуінің және соғыста жан берген майдангерлердің ерлігінің нәтижесі. Расында, біз соғысты көрмедік. Сұм соғыстан зардап шеккен адамдардың жүріп өткен жолын ұғынуға тиіспіз. Бұл – адами тұрғыдан алғанда басты парызымыз саналады.
Ақылбек ОЛЖАБАЙ,
№42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы