Жеңіс туын желбіреткен майдангер

19 жасында әскерге аттанған
Ардагердің айтуынша, 1922 жылдың қазан айында Қараөзек елді мекенінде дүниеге келіпті. Бірақ құжатта 1922 жылғы 2 қаңтар деп көрсетілген. Бұл енді ешкім дөп басып «осысы дұрыс» деп айта алмайтын ақпарат. Құжат «сөйлейтіндіктен» қазір біз майдангерді 103 жаста деп айтып, жазып жүрміз. Өзі де осы тоқтамды шүкіршілікпен дұрыс деп санайды.
– 19 жасымда әскерге аттандым (авт – 1941 жыл). Бәрі түгел жадымда жатталып тұрған жоқ. 103 жасқа келу оңай емес. Бұл соғыс бар арман-мақсатымыздың күл-паршасын шығарды. Қаншама мықты азаматтар майданда қайтыс болды. Осы күндері сол боздақтар жиі-жиі түсіме енеді, – дейді қария өткен күнге көз тастап.
Яхия ақсақал замандастары секілді еңбекке ерте араласқан. Ашаршылық белең ала бастағанда Ташкентте тұратын ағайындарын паналап, ел асып етжақындарына барады. Ташкенттегі тоқымашылар оқуын оқыған ол 1940 жылы тоқыма фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа қабылданып, бір жылдан кейін Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынады. Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазан айында майданға жіберіледі. Әрі қарайғы өмір жолы белгілі. Соғыс. Майдан даласы. Ажалмен арпалысқан қорқынышты күндер мен түндер. Майдангердің соғыс жылдарында Сталинградты, Ленинградты, Курскіні, Барановты, Польшаны жаудан азат етуге қатысқанын айтпай өту мүмкін емес. Ол Данцинг портында аяғынан ауыр жараланған.
Жеңісті әскери госпитальда қарсы алған
Омбыда пулеметшілерді дайындауға арналған қысқа оқуды бітірген жас сарбаз бірден Ленинградты азат етуге қатысады. Бұл Яхия Тасыровтың жауға қарсы оқ атқан алғашқы майданы еді. Сескену, жүрексіну, қобалжу мен қорқу адамға тән сезім десек те, уақыт өте келе ол бәріне үйренісіп кетіпті. Әр күні ажалмен бетпе-бет келіп, талай қиян кескі шайқаста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, неміс фашистерін Германияға дейін қуып барады. Пулеметшінің көмекшісі болып мыңдаған шақырым жолды жаяу артқа тастағанда иығынан 23 келі тартатын пулеметтің оқ қағары түспепті.
Майдангер Берлин түбінде аяғынан ауыр жарақат алып, Ұлы Жеңісті әскери госпитальда қарсы алады. Жарақатының беті бері қарап, бірінші топтағы мүгедек болып, елге оралады. Ол кезде тәртіп бойынша І топ мүгедегіне еліне жеткенше қасына көмекші медбике қосып жібереді екен. Қайтарда сол медбике орыс қыздың Мәскеу қаласындағы жалғыз тұратын шешесінің үйіне барып түседі. Әскердің заңы бойынша соғысқа қатысқандарға шеніне қарай айлық төленетін болыпты. Сол ақшаға қыз шешесімен бірге майдангерді базарға апарып, барлық әскери киімін жаңалатып, аяғына офицердің былғары етігін алып береді. Сонымен қатар іс-сапар құжаттарын тап-тұйнақтай етіп реттеп, әскери комиссариат мөрімен куәландырып, хатпен салып жібереді. Кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені мен басқа да медальдар жарқыраған жауынгер әскерге шақырылған жері Ташкентке қарай жол тартады.
Ташкенттен Тереңөзек артық екен...
Ташкентке жол тартқан жауынгер кіндік қаны тамған, балалық бал дәурені өткен туған жеріне жақындағанда ерекше сезімге бой алдырады. Ойында – Ташкент, жүрегінде – Тереңөзек. Ташкентке барса, ағайын-туысы, жұмысы бар. Ал Тереңөзекте күтіп отырған етжақын ешкімі жоқ... Бірақ ел ішінде ешкімім жоқ деп айтудың өзі күпірлік.
Пойыз Арал мен Қазалыға жеткеннен бастап ұйқысы шайдай ашылады. Әр станцияға тоқтаған сайын елеңдеп есік-терезеге қарайды. Бірі бауырын, бірі баласын, енді бірі жарын күтіп, сағыныштан зарыққан елдің сол бір үміт пен сенімге толы жанары кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Қазалыдан өтіп, Қармақшы мен Жалағашқа жақындағанда Яхия ақсақалдың жүрегі кеудесіне сыймай, соғысқа дейінгі өмірі, ата-анасы, бауырлары, достары еске түседі. Тереңөзектен түсіп қалайын десе күтіп отырған етжақын ешкімі жоқ. Жанарын жас тұмшалап, қайта-қайта орамалмен сүртеді. Бірақ адамның ішкі толқынысы дес бермейді екен. Тағы да туған ауылының үстінен бөтен адам болып басқа елге кетіп бара жатқаны жанына қатты батады. Сол арпалысқан сезімдердің жетегіндегі жауынгер пойыз Тереңөзекке келіп тоқтағанда балдағын сүйретіп сыртқа шығады. Сапырылысқан адам көп, бірақ ол ешкімді танымайды. Туған жердің жұпар иісі, саф ауасы аңқып тұр.
Пойыз аялдаған уақыт аяқталып, майдангер пойызға мінуге оқталғанда «Яхия! Яхия!» деген дауыс естіледі. Жалт бұрылып қарағаны сол-ақ екен біреу құшақтап алады. Бұл кісі кенттің ауылнайы, найман руынан шыққан атақты Ахметтің Әлиі екен. «Қайда барасың? Қал осында! Елдеміз ғой... Тереңөзек тұрғанда Ташкенті несі?!» дейді Әли. Сөйтіп туған жерге табаны тиген майдангерді пойыздан түсіріп алып қалады. Үйіне апарып, мал сойып, құдайы тамақ беріп, қарақойлы ағайындарына қосып, отбасын құруына, жұмысқа орналасуына көмектеседі. Бұл туралы бүгінде еңбек ардагері, «Сырдария ауданының 95 жылдығы» медалінің иегері Болат Ахметов көкеміз тебірене айтып, сағынышпен еске алады.
Бейбіт күндегі берекелі тіршілік
Соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы қыркүйек айында елге оралған майдангер «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдығы медальдарымен және басқа да көптеген төсбелгілермен марапатталған. Бейбіт өмірге араласқаннан кейін аудан орталығындағы сүт зауытында 16 жыл қойма меңгерушісі ретінде еңбек етті, 1960 жылы Жалағаш ауданының сүт зауытына шебер болып ауысып, еңбектің көрігін қыздырды. 1962 жылдан бастап «Узтопта» 10 жыл қойма меңгерушісі болып еңбек жолын жалғастырған майдангер 1972-1982 жылдар аралығында ПМК-1608 мекемесінде, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс жасап, зейнет демалысына шыққан. Жары Ұлжалғас Демесінқызымен бірге 3 ұл, 3 қызды бағып-қағып өсірген. Екі қызы ертерек шетінеп кетсе, екі ұлы қайтыс болған. Қазір қария ұлы Аманкелді мен қызы Сапурадан тараған ұрпақтарының, немере-шөберелерінің қызығын көруде. Немересі Ержан мен келіні Гүлбану ардагердің бабын жасап, бағып-қағып, бар жағдайын жасап отыр. Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанған ардақты ардагер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ауданда өткізілетін іс-шараларға қатысып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиелі болуына өз үлесін қосып келеді.
Ақ баталы ардагер
Ардагердің батасын алмаған азаматтар аз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қорқыт атаның басына келгенде де Яхия Тасыров батасын берген. Мұнан бөлек талай министр мен облыс, қала, аудан әкімдеріне тілеулестік ниетте батасын арнаған. Бата – халқымыздың құндылығы, салт-санасына сіңіп кеткен дәстүрі. Ақсақал ақ батасын беріп, көлік те мінді, үй де алды, құрметті де көрді. Бұл лайықты құрмет, шынайы ілтипат. Ең маңыздысы, осынау құрмет ешқашан толастамайды.
– Көзім осы жылы сәл нашарлады. Кейде бұлдырап, суланады. Бірақ жолымды көремін. Адамдарды танимын. Газеттегі үлкен жазуларды оқи аламын. Осы уақытқа дейін жаттаған баталарым қалған өміріме жетеді деп ойлаймын. Сөзі жақсы, мағыналы бата болса, оны жаттауға болады. Оған шамам жетеді. Қане, қолыңды жай, саған да бата берейін.
Сұрасаң, бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Сендер аман болыңдар,
Мен 110-ға келейін, – деп қайырды қария.
Ақ баталы, адал ниетті сүйегі асыл қарияның батасын алу да – ғанибет...
«Мереке күні көзіме жас аламын»
Биыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Айтулы дата. Бейбіт күннің ұрпақтары мейрамды асыға күтеді. Соғысқа қатысқан, тылда еңбек еткен ата-әжелерін еске алады. Рухына тағзым етеді. Сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына тәуба деп, шүкіршілік қылады. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров «мереке күні көзіме жас аламын» дейді.
– 9 мамыр күнін жұртшылық мереке деп атап өтіп, бірін-бірі құттықтап жатады. Бұл, әрине дұрыс. Бірақ мен сол мереке күні көзіме жас аламын. 80 жыл болды, 80 жыл бойы мерекеде жыламаған күнім болған жоқ. Жылайтыным, миллиондаған жас қыршын кетті. Талай отбасының оты сөнді, ошағы сынды. Қалай жыламайсың? Қарағым, соғыстың зардабын бізден артық ешкім түсінбейді. Жатсам да, тұрсам да енді соғыс болмасын деп тілеймін, – дейді ардақты ардагер.
Иә, қарияның сөзінің жаны бар. Ұлы Жеңіс мерекесі – жүрегі «Отан» деп соққан әр азаматтың үлкен қуанышы, соғыстан аман-есен оралған майдангерлердің жұбанышы. Бұл күн – батыр бабаларымыздың рухына тағзым ететін тарихи күн. Бүгінгі жас ұрпақ соны ұғуы, бейбіт күннің қадірін білуі керек. Ұлы Жеңістің тарихи маңызын терең бағалап, қадір-қасиетін дәріптеп, адамзат баласының бейбіт тіршілігі, баянды болашағы үшін қасық қаны қалғанша аянбаған майдангерлердің өшпес ерлігіне құрмет көрсету – азаматтық парызымыз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі