Зейнет демалысына шығарып салды

Жиын барысында аудан басшысы А.Тоқмағамбетов ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келген Ғабдолла Алданазаровты құрметті зейнет жасына шығуымен құттықтап, ауданның ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасын» табыстады. Абыройлы қызмет атқарған арда азаматқа ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, көркеюіне сүбелі үлес қосқаны үшін алғысын білдіріп, сый-құрмет көрсетті.
Актив жиынында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және Іңкәрдария ауылының әкімі Сәулет Есдәулетов жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар актив отырысында 27 сәуір күні өткен Н.Ілиясов және А.Тоқмағамбетов ауылдары әкімнің сайлауы нәтижесі хабарланды. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Шайлан дауыс беру нәтижесі бойынша сайлаушылардың басым дауысына ие болып, Н.Ілиясов ауылдық округінің әкімі атанған Сағдат Нұрмағанбетовке, А.Тоқмағамбетов ауылдық округінің әкімі болып сайланған Нұрлан Құрманалиевке куәлік табыс етті.
Аудан басшысы жаңадан сайланған ауыл әкімдерінің еңбек жолына тоқталып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Б.ОРДАБЕКОВ