Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл арқалады

Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл арқалады

Кез-келген мемлекеттің тұрақты өмір сүруінің маңызды және міндетті элементтерінің бірі – қоғамдық тәртіп. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзумен күресудің әкімшілік – құқықтық шараларының жүйесі бар. Қоғамдық тәртіпке ең көп таралған қол сұғушылықтардың қатарына ұсақ бұзақылық жатады.

Ұсақ бұзақылық – бұл қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабында ұсақ бұзақылық үшін бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы көзделген. Ал, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.

Мәселен, Сырдария аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 434 бабының 1 бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасаған азамат  М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Құқық бұзушы М. қоғамдық орында, яғни Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті, Қазантаев көшесі, №16 көп пәтерлі тұрғын үйдің ауласында және подъездінде Ж.-ға былапыт сөйлеп, зәбірлеп тиісіп, айналасындағыларға сыйламаушылық бiлдiріп, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған.

Сот отырысында құқық бұзушының ұсақ бұзақылық әрекеті, өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, сондай-ақ сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген.

Сотта жәбірленуші Ж. құқық бұзушыға кешірім беретінін көрсетті.

Сот қаулысымен құқық бұзушы М. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 434 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп тауып, оған 55 048 теңге әкімшілік айыппұл салынды.


Сырдария аудандық соты
Фото: Ашық дереккөзден
16 сәуір 2025 ж. 211 0