Суы мол, нулы көл – Елтай

Кезінде Сырдария мен Қараөзек шамадан тыс тасығанда, қазіргі ауыл аумағының жартысынан астамы шалқыған айнакөлге айналып жатады екен. Ал ол көлдерге су құйып тұрған ондаған өзенше-өзекшелер болған. Бір ауылдан келесі ауылға бару үшін айдын көлдерді айналып өтіп, қона жатып, келесі күні ғана сол ауылға жетеді екен. Ол көлдерде үйрек-қаздар жүзіп, балықтары тайдай тулап жататын болса керек.
Асқар Тоқмағамбетов ауылында күні бүгінге дейін ауыл халқының кәдесіне жарап келе жатқан маңызды канал бар. Жыл сайын ауыл тұрғындары егін егіп, төрт түлік мал су ішіп, шаруашылықтың барлығы сарқырап аққан «Елтай» каналының суын пайдаланатыны мәлім.
Сырдариядан бастау алып, «Бозарал» деген жерге дейін созылған канал 27 шақырымды құрайды. Өткен мен бүгіннің арасын жалғаған каналдан қазіргі таңда №9 бекет, шаруашылықтар, Водхоз су ішеді.
Тарихы тереңнен сыр шертетін каналды ауыл адамдары қолмен қазған деседі. Арық қазу жұмысында шаруа адамдары күніне 153 текше метр топырақ шығару орнына 483 текше метр шығарған. Колхозшылардың үлкен еңбегінің арқасында бүгінде бұл канал ауыл тұрғындарының пайдасына жарап отыр. Еңбек ардагері Төлеген Досымовтың «Колхоздастырудың алғашқы бастамасы» атты естелігінде «Елтай» каналы – 1935-1936 жылдары Бидайкөлге бидай дақылы егіліп, аш арықтарға тойым болды да қалды. Оның үстіне егіншілік, пісімділікке дейін үкімет тарапынан семья басына «продпомощь» деп аталатын астық берілді. Осы жәрдем астықты тарату және елге көмек беруге сол кездегі Қазақ ССР-ы Президиумының председателі Елтай Ерназаров Тереңөзек ауданына арнайы келіп, жаңа сағасын Сырдариядан алып, үлкен канал қазылып жатқанда каналдың аты «Елтай» атымен аталған делінген.
Таңшолпан
ШАНЖАРХАНОВА