Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктем аруы: табиғаттың көркі мен сұлулықтың символы

Көктем аруы: табиғаттың көркі мен сұлулықтың символы

Шуағын шашып көктем мезгілі де келіп жетті. Қыздардың гүлдей құлпырып, өрік гүлінің бүршік ататын кезі. Осындай жанға жайлылық сыйлайтын мезгілде әр мектеп қабырғасында «Көктем аруы» байқауы өтеді. Соның бірі – Бесарық ауылының №147 орта мектебінде жүзеге асқан тағылымы мол іс-шара. Аталған байқау білім ошағының ұйымдастырушы-педагогі Қазбек Смағұлов пен «Қызғалдақ» қыздар ұйымының жетекшісі Зарина Секееваның ұйытқы болуымен арулардың бәсекесіне айналды.

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылын» арқау еткен байқауға 8 ару қытысып, бақ сынады. Бес кезеңнен тұратын қыздар өнеріне №147 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жаналтын Нұрмаханова, кәсіпкер Әйбек Әлтаев, мәдениет үйінің директоры Маржан Дүйсенбаева, ауылдық балабақша есепшісі Роза Орынбаева төрелік жасады.

Бой жетіп, қылығымен елді сүйсіндіретін арулар әр кезеңде өз ерекшеліктерімен көзге түсті. «Сәлем сөзің анасы» атты алғашқы кезеңде қатысушылар таныстыруымен қатар киім үлгісі арқылы ұлт­тық құн­дылығымызды наси­хаттады. Қоғамның өркендеуі мен гүлденуі әйел затының қажырлы еңбегі мен табандылығына байланысты. Осы орайда өнерлерімен көрерменнің көзайымына айналған, әннен шашу шашып, бимен жұртты тамсандырған, театрлық қойылымымен жүректі толғаған аруларымыз екінші кезеңді де өз мәресіне жеткізді. Байқауда тек сыртқы келбеті ғана емес, қатысушылардың білімі мен салт-дәстүрге деген түсінігі сыналды. «Мақал айтсаң тауып айт» демекші, келесі үшінші кезең мақалдың жал­ғасын тауып, ырым-тиымның мән-мағынасын аша білу керек. Бұл кезеңде де ойының ұшқырлығымен көзге түскен арулар байқалды.

Көктем – өмірдің жаңа парағы, ол табиғаттың сұлулығы мен адамның рухани жаңаруының өзара байланысын көрсетеді. Бұл мезгілдің өзіндік символикасы мен терең мағынасы бар. Төрт түлік төлдеп, құстардың дауысы жан тыныштығын сыйлайтын кез. Қазақ әйелінің бір өнері қолөнер шеберлігінде. Төртінші кезең «Анаға қолғанат» тақырыбында болып, арулар сиыр сауудан видеоролик көрсетіп, қолөнерден шеберлігін оның ішінде біреуі шалма тоқыса, екіншісі қолғап дегендей және тігістің түр-түрін көрсетіп кесте тігіп, қамыр жаюдан да қалыс қалмайтындарын дәлелдеді. Шешуші кезеңде қатысушыларымыз қазақи нақыштағы киімдерін таныс­тырып, сән үлгісін көрсетіп, «Көктем аруы» бас жүлдесін Биназир Қуаныш жеңіп алды.

Қоғамымыздағы әйелдердің рө­лі жылдан-жылға артып келеді. Әйел заты қоғамның рухани тірегі, отба­сының берік қазығы, сонымен қатар түрлі салада табысты маман, көшбасшы болып табылады. Көктем аруы байқауы осы рөлді тағы бір мәрте дәлелдейді. Қыздар – өмірдің барлық саласына жаңарудың, өзгерістің, алға ұмтылудың символы. Бұл байқау қыз қауымына өзінің күшін, қабілетін және қоғамға қосқан үлкен үлесін көрсетуге мүмкіндік береді. Әрбір бойжеткен қазақы құндылығымызды арттырып, ұлттық нақыштағы қолөнер мен киім­дерімізді насихаттап, еліміздің дамуына үлесін қоса бергей.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
18 наурыз 2025 ж. 126 0