Адал еңбек – адам көркі

Құндызай апай 1963 жылдың тумасы. Тереңөзек кентіне қарасты Құндызды ауылында дүниеге келген. Әкесі – ел-халқына белгілі күйші Рақыш Ысқақов деген кісі. Әкесі кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан, ержүрек майдангер болған. Жастайынан еңбекке етене жақын болып өскен абзал жан анасының тәлімін, әкесінің тәрбиесін алып өскен.
Өмір жолына назар салсақ, Құндызай Рақышқызы алғашқы еңбек жолын аудандағы тұрмыс қажеттілігін өтеу комбинатында бастаған. Ол кезде аталған комбинаттың халық тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі зор, дүркіреп тұрған кезі. Осындай кезде кейіпкеріміз аудан халқына қызмет қылған. Нақтырақ айтсақ, кілем тоқушы болып жұмыс істегенін айтып өту орынды. Одан кейінгі жылдары да елеуле еңбек етіп, 10 жылға жуық жұмыспен қамту бөлімінде қызмет еткен. 2003 жылдан бастап хат тасушы болып жұмысқа орналасады. Бір жерде тұрақты түрде табан аудармастан жұмыс жасап, 2024 жылы зейнет демалысына шыққан.
Айта кетейік, қызмет еткен жылдары Құндызай апайдың еңбегі басшылық тараптан лайықты бағаланып, облыс, аудан деңгейінде Алғыс хаттармен марапатталған. Дүниеге 2 ұл, 2 қыз алып келген абзал ана балаларына адал еңбектің үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған Құндызай апай ел-халықтың амандығын, елдің тыныштығын ұдайы тілек етеді.
– Біз қарапайым еңбек адамымыз ғой. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетіліп отыр. Халқымыз адал еңбекті әркез жоғары бағалаған. Еңбек еткен адамның еңсесі ешқашан төмен болмайды. Абай Құнанбайұлы айтқандай, адал кәсіп қылып, мал табу – арлы адамның ісі. Саналы ғұмырымызда кейінгі буынға кішкене болса да тәлім-тәрбие көрсетіп, үлгі бола алсақ деген мақсатты алға қойып келеміз. Қазір заман жақсы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, балаларымыз аман-сау болсын, – дейді ақжүректі ана.
– Анамыз бейнетпен ер жетіп, одан қалды ар жолында балаларын қанаттандырамын деп ұзақ жыл еңбек еткен жан. Түрлі салада қызмет етіп, одан кейін ұзақ жыл хат тасушы болды. Күннің ыстығы мен суығына қарамай, тиісті сәлемдемені, газет-журналды уақытылы жеткізіп, көптің алғыс-батасына ие болды. Біз үшін өмірін, жас ғұмырын арнаған анамыздың ендігі өмірін қызыққа толтырып, жақсылығымызды көрсету – біздің парызымыз, – дейді ұлы Наурыз.
Айта кетейік, Құндызай Ысқақова бүгінде немерелерінің қызығын көріп жүрген жайы бар. Зейнет демалысына шыққанымен, еш тыным таппайды. Апайдың сүйікті ісі – түрлі дала және бөлме гүлдерін өсіру. Әсіресе, құтты шаңырақта бөлме гүлдерінің сан түрі бар. Қарап отырсақ, гүл өсіріп, баптау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Арнайы күтімінен бөлек гүл де жаны нәзік, сыршыл адамның бабына жақсы өседі. Көктем шықса ауланы түрлі-түсті гүлге толтыратын кейіпкеріміздің үйінде жыл бойына бөлме гүлдері жайқалып тұрады. Және кісіге күтім жасағандай бабын тауып, күтімін келістіреді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Құндызай апай тоқыма ісіне жақын. Кезінде кілем тоқығанын тілге тиек еттік. Бүгінде біраз қол үзіп қалғаны болмаса, бұған дейін киім-кешек те тоқып, тіпті көршілес әйел-аналарға да үйретіп жүретін. Жаны жомарт, қолы ашық ардақты анаға ұрпағының қызығын көріп, еңбегінің зейнетін көруін тілек еткіміз келеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ