Қажырлы еңбекке – лайықты құрмет

Ең алдымен, бірнеше жыл бойы аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясында қарауыл қызметін атқарған Асылбек Әкімжанов пен әлеуметтік сала қызметкері Күміскүл Сисенбаеваға зейнетке шығу куәлігі табысталды. Салтанатты іс-шараның басты кейіпкері саналатын қос қызметкер қашанда жұмыста жауапкершілік танытып, тапсырылған жұмысқа мұқият қарайтын. Бүгінде зейнет жасына келген олардың ұжымда алатын орны ерекше. Өз кезегінде АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова қос зейнеткерге жылы лебізін білдірді.
– Мұндай салтанатты іс-шара жаңадан ашылған «Руханият орталығында» алғаш жүзеге асып отыр. Қай сала болсын лайықты еңбек еткен жанға айрықша құрмет көрсетілуі тиіс. Әлеуметтік саланың әлеуеті зор екенін жақсы білеміз. Халықпен тығыз байланыс жасаудың өзіне аса қажыр-қайрат керек. Мұндайда Күміскүл Сисенбаева аянып қалған емес. Өз біліктілігінің арқасында бар мақтауға лайық екенін көрсетті. Ал Асылбек Әкімжанов 85 жылдық тарихы бар басылымның белді мүшесіне айналды. Ұтымды, тиянақты, ыждағаттылықпен жасайтын жұмысы арқылы кейінгі жастарға үлгі болды. Ағалық ақылын айтып, жол көрсетті, – деді Салтанат Жанұзаққызы.
Іңкәрдариялық Айбек Оразбекұлы мен Салтанат Өміржанова осыдан 6 жыл бұрын отау құрған. Бірер күн бұрын үшінші сәбидің ата-анасы атанды. Бұл ретте, кішкентай Ясминаның туу туралы куәлігі әкесі Айбекке табысталды.
– Ең бірінші кезекте ұжымды жақында ғана аталып өтілген АХАТ қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр саланың өзіндік атқаратын рөлі бар. Қай кезде де сіздер арқылы әрбір отбасы мүшесі қуанышқа кенеле берсін. Біздің ұжымның үлкені Асыл ағамызды зейнет демалысына шығарып салып жатырмыз. Үнемі өзіндік болмысымен дараланатын ардақты ағамызға ұзақ ғұмыр тілейміз, – деді Аружан Мұханбетқали.
Салтанатты іс-шара соңында кештің қос кейіпкерінің ағайын-туысы ақжарма тілегін жеткізді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ