Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық көлікті әнмен әрледі

Қоғамдық көлікті әнмен әрледі


Салт-дәстүріміз бен қазақи құндылықтарымызды насихаттауды басты міндет санайтын аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы Наурыз мерекесінде қала тұрғындарына тосынсый жасады. Ұлттық киім киген жігіттер мен қыздар қоғамдық көліктерге мініп, қазақ композиторларының әндерін шырқады. Домбыраның шанағынан күй төгіп, мерекенің мәнін аша түсті. 

Қазақи рухты асқақтатқан жас өрендерге жолаушылар ризашылықтарын білдіріп, үлкендер жағы баталарын берді. Бұл бастамаға жүргізушілер мен кондукторлар да өз үлестерін қосып, халыққа ұлттық киімде қызмет көрсетті. Ұйымдастырушылар бұл шара ежелден келе жатқан дәстүріміздің бір көрінісі екендігін айтуда.
–  «Ескендір жорығының» VII-VIII тарауларында мынадай деректер кездеседі. «Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абыз, бақсылар ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан». Міне, осыны басшылыққа алған шараның мақсаты – ұлттық мерекенің мәнін ашу, мерекенің тарихын жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үн қосу, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, ұлттық бірегейлікті дәріптеу, – дейді аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова.
«СБ ақпарат»
26 наурыз 2018 ж. 1 009 0