Дәрігер – үміт тірегі

Жас болса да тәжірибесі мол Ақтоты Мейрамбекқызы 1986 жылы 15 ақпан күні Шаған ауылында дүниеге келген. 1992-2003 жылдар аралығында №37 орта мектепте оқып, үздік түлек атанып бітірді. Дәрігер мамандығына деген қызығушылығы артып, 2003 жылы Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық Университетінің бала емдеу факультетіне түседі. 2010 жылы униветситетті ойдағыдай аяқтап, жалпы тәжірибелік дәрігері болып аудандық емханаға қарасты Ақжарма дәрігерлік амбулаториясына қызметке орналасады. 2011 жылы аудандық емханаға ауысып, иммунолог қызметін қатар алып жүреді. 2013 жылы туған жері Шаған ауылына жалпы тәжірибелік дәрігер болып ауысып, 2019 жылы аға дәрігерлік қызметін атқарады. Сол жылдары еңсемізді түсірген, қанша ағайынды ажал құштырған, қауіпті дерт COVID-тің кезі еді. Ақтоты Мейрамбекқызы сол жылдың қиыншылығын еске алып бөлісті.
– Ол жылдары жағдайы ауыр науқастар көп түсті. «103» жедел жәрдем бригадасы үлгермей, біз қосымша науқастарды қабылдап, тіпті түнгі сағат 2-ге дейін жұмыс істегенбіз. Ауруханалар лық толып, науқас жатқызатын жер таба алмаған кезіміз де болған. Сол кездер әлі есімнен кетпейді. Жұмыстағы ең қиын кезең десем де болады. Түнде дәрісін егіп, жақсы тыныс алып жатқан науқас таңертең жан тапсырғанын есту өте ауыр соқты. Біздің мамандық қиыншылығымен қатар жүретін, мықты жүйкені талап ететін жауапкершілігі мол жұмыс.
Ауыр кезеңдерді артқа тастап 2022 жылы Ақтоты Мейрамбекқызы аудан орталығындағы емханада жалпы тәжірибелік бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқаруда. Салада еңбегі еленіп алғысқа бөленген дәрігерге бірнеше жыл бойы облыстық және аудан көлемінде құрмет көрсетілген. Әр емделушінің алғысына кенелген.Ақтоты Мейрамбекқызы отбасында 3 ұл тәрбиелеп отыр.
Дәрігер – бұл мамандық емес, бұл жан-тәнімен адамдарды емдейтін, денсаулық сақтаушы тұлға. Олар әрқашан емделушілерінің жанын түсініп, қиын сәтте қолдау көрсетіп, аурумен күресуге көмектеседі. Дәрігердің күнделікті жұмысы – тек медициналық әрекеттермен шектелмейді, сонымен қатар олар науқастармен қарым-қатынас орнатып, күйзелісін жеңілдетуге тырысу керек. Бұл ерекше қабілет, өйткені оның қолында адам өмірі жатыр. Міне осындай күрделі маман иесі – Ақтоты Мейрамбекқызы. Жұмысымен қатар аналық міндетін де қатар алып жүрген жан. Спорттан аудандық турнир болса, аурухана құрамасында Ақтоты дәрігер бас көтереді. Тіпті осы жылы өткен волейбол спорттық турнирінде аурухана құрамасы 3 орын иеленген. Қазіргі таңда ауруханаға науқастарды қабылдау үшін арнайы бағдарламаға ауысқандықтан, науқастарға түсіндірме жұмысын жүргізуге ол жауапты. Жан-жақты білікті дәрігер қызметін абыроймен атқарып, алдына келген әр адамның алғысына бөленуде.
Г.ТАБЫНБАЙ