Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметтің майталманы

Мемлекеттік қызметтің майталманы

Заманының заңғар жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың бір сөзі ойға оралып тұр. «Ананың үш бақыты бар. Олар – ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі» дейді ғасырлық еңбектердің авторы. Сол айтқандай ар мен ұятты өмірінің мәні санап, ел ертеңіне айналар ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, сонымен қатар қызмет жолында елеулі еңбек етіп, ел экономикасының дамуына, аудан ахуалының жақсаруына зор үлестерін қосып жүрген әйел-аналар жетерлік. Сондай жанның бірі – Гүлнаш Еспенбетова.

Кейіпкеріміз – Қызылорда қала­сының тумасы. Десек те саналы ғұмырының салмақты жылдарын осы Тереңөзек кентінде өткізіп келеді.

Олай дейтін себебіміз, 1988 жылы ауданға белгілі үл­кен, Еспенбетовтер әулетіне келін бо­лып түскен ардақты жан, өмірлік жолдасы Марат Еспенбетовпен бір­ге үлкеннің ақ батасын алып, қазіргі кезде өсіп-өнген әулетке ай­налған. «Мен көпбалалы әулетке келін болдым. Екінші анам сол кезде 70-тегі кісі болатын. Сол кісіге өзімнің әжемдей қарап, ақ батасын алдым» деуі кейіпкеріміздің үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсете білетін жан екендігін аңғартатындай.

Гүлнаш Сағатқызы қазіргі таңда аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Ең алғашқы еңбек жолын кент орталығындағы мекемелерде бастаған маман біраз жыл бала тәрбиесі мен отбасы, ошақ қасының қамымен отырған. Әлбетте әйел-ананың ең бірінші міндеті тағылымды ұрпақ тәрбиелеу деп білетін абзал ана жолдасымен бірге өсіріп-баптаған ұл-қызының қызығын көріп отырғанын айта кету орынды.

– 2006 жылдан бастап аудандық мәслихат аппаратында қызмет етіп келемін. Ол кезде Абдулла Атақаев ағай мәслихат хатшысы еді. Ағамыздың есімі де, қызметі де аудан хал­қына етене таныс. Одан кейін Батырбек Маншарипов, Әлия Төлеуова, Стал­бек Тобағұлов, Шырынкүл Елеусінқызы, Мұханбетқали Мұқанұлы, Маржан Жаман­қызова, Асылбек Орынбаев секілді ал­дыңғы буын аға-апаларымызбен қызметтес болдым. Ол кісілерден үйренгенім көп. Әрине адамды ортасы, айналасы тәрбиелейтіні рас. Қызмет бабында да, күнделікті өмірде де сыйлас болған осы кісілерге ризашылығымды білдіріп өткім келеді. Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлы өзінің жаңашылдығымен салаға тың серпін беріп, жұмысты одан әрі жүйелі үйлестіріп келеді, – дейді ардақты жан.

Мәслихат – жергілікті жерде, мемлекеттік басқаруда өзіндік орны бар өкілді орган. Жергілікті мәслихаттар сол аймақ халқының қалауын және мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған ше­шімді жүзеге асыру шарасын белгілейді, әрі атқарылу барысын қадағалайды. Ал мәслихат депутаттары – халық пен билік арасындағы алтын көпір деуге болады. Себебі ел-халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оны атқарушы органдарға жеткізіп, мәселенің оңтайлы шешімін табу жолында депутаттардың еңбегі ерен. Олар қай салада, қай бағытта болса да бірдей. Тіпті қайырымдылық іс-шараларына да тұрақты түрде атсалысып, көпшіліктің үдесінен шығуға тырысады. Ал сол депутаттардың жұмысын үйлестіруші, сес­сия жұ­мысын ұйымдастырушы – осы мәс­лихат қызметкерлері, сала мамандары. Сондықтан аталған бағытты кәсіп қылған жандарды «нағыз халықтың адамы» деуге негіз бар. Ал осындай қиын сала мен отбасын қатар ұштастырып жүрген нәзік жандылар тіпті ерекше құрметке лайық.

Кейіпкеріміз Гүлнаш апайдың негіз­гі ма­ман­дығы – заң­гер.

– Адам мамандығын, кәсібін дұрыс таңдаған кезде жұмыстан шаршамайды. Негізгі мамандығым – заңгер. Қазір бөлім басшысы қызметін атқарып жүргеніммен, заң саласы мені қатты қызықтырады. Заң жобалары күнделікті өзгеріп жатыр. Қарап отырсаң, бір жағынан қызық. Күнделікті жұмысқа келгенде автоматты түрде заңдағы өзгерістерді, жаңалықтарды бір-бір шолып өтемін. Өз құқығыңды білу және айналаңдағы адамдарға дұрыс бағыт-бағдар бере алу өте жақсы қасиет, – дейді өз ісінің білікті маманы.

Айта кетейік, қызмет пен отбасын қатар алып жүрген ардақты жан өмірлік жолдасымен бірге 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп келеді. Бала­ларының алды бүгінде еліміздің үлкен қалаларында, белгілі салаларда халыққа абыройлы қызмет етіп жүр. Ал кенже ұлы 4-сынып оқиды. Қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, ананың сүтімен, әкенің көрегенділігімен бойына түзу тәрбиені дарыта алған ардақты жан бүгінде балаларына да түзу жүріп, ел азаматы болуды ұдайы кеңес етеді. Бұның бәрі бір жағынан кісінің кітап оқып, газет-журналға жақын, жан дүниесі бай болуынан десек, қате айтқандық емес.

– Әкеміздің үлкен кітап сөресі болатын. Сол кезден бастап кітапты көп оқыдық. Кітап – жанның таптырмас азығы ғой. Бұрындары адамдар бір-біріне кітап сыйлайтын, кітап алмастырып оқитын. Кітап оқыған адамның жан дүниесі таза, шынайы болады. Әлі күнге оқудан, ізденуден қол үзбеймін. Қазіргі таңда шетел авторларын, философиялық кітаптарды оқуды жаным сүйеді, – дейді аяулы жан.

«Ердің асылы күшінен, әйелдің асылы ісінен білінеді» дейді халық даналығы. Гүлнаш Сағатқызы – ісі түзу, мінезі көркем, айналасына жылулық сыйлап жүретін жан. Бір қолымен балалары мен отбасының қамын реттесе, екінші қолымен сала жұмысының жандануына үлес қосып, кейінгі буынға үлгі болып жүр. Мемлекеттік қызмет саласында елеулі еңбек сіңіріп жүрген аяулы ана, ардақты жанды шүғылалы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
08 наурыз 2025 ж. 179 0