Алғаның жақсы болса – бұл дүниенің шырағы

Елімізге танымал тұлғалар Ескендір Хасанғалиев пен Дарико апамыздың жалғыз ұлы Біржан Сыр елінің, оның ішінде Тереңөзек кентінің тумасы Ақмаржанды 2011 жылы ақ құсы етіп қолына қондырды. Ел ішінде жақсы хабар жатсын ба, бұл туралы сол кезде халық та, журналистер де жарыса жазып, айтып жатты. Міне, одан бері 10 жылдан астам уақыт өтті. Сырдың сұлуы Ақмаржан мен күрішті аймақтың күйеу баласы Біржанның жарасымды отбасы туралы сыр шерту үшін кейіпкерлерімізбен сұхбат құрдық.
– Мен ол кезде медициналық академияда студент едім. Бір жағынан республикалық журналда жұмыс істеп жүрдім. Жұмыс барысымен әнші Біржан Хасанғалиевтен сұхбат алуым керек болды. Әрине ауылдан келген ұяң қыз үшін танымал адамдармен сұхбат жасау оңайға соқпады. Біздің таныстық осылай басталды. Кейін үлкен шаңыраққа келін болдым. Маған жүктелген үлкен жауапкершілікті жақсы түсіндім. Қайны атам өте керемет жан еді. Алғаш келін болып түскенде де көп қолдау көрсетті. Анамыз да мейірбан, жаны сұлу кісі. Қонаққа барса да, бар жылы-жұмсағын маған әкеліп беріп, қуантып қоятын. Атам «Ақкүрішім» деп еміреніп, не нәрсенің де тәуірін маған сақтап отыратын. Бұл күнде атамызды қатты сағынамыз. Халық жадында есімі мәңгі сақталатын жанның ізін жалғар Зере, Нұрсұлтан, Нұрескен есімді немерелері өсіп келеді, – дейді Ақмаржан.
Ақмаржан да текті жердің қызы. Әкесі Асылбек Әбдуов – ауданның құрылыс саласында ұзақ жыл еңбек етіп, талай жанға көмек көрсеткен абзал азамат. Ауданның бүгінгі келбетінің қалыптасуында елеулі еңбек еткен жанның сіңірген еңбегі, қолтаңбасы Сырдария ауданының әр бөлігінде менмұндалап тұр. Анасы Балшекер Өтегенова мемлекеттік қызметтің де, қоғамдық-саяси жұмыстың да нағыз батыры атанған майталман маман, білікті басшы болған кісі. Аудан әкімінің орынбасары, кент әкімі, бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар.
«Ұлың жақсы болса – мың бақыт, келінің жақсы болса – шын бақыт» дейді халық. Сол айтпақшы, елінің маңдайына жарық жұлдыз болып біткен Ескендір ағамыз да, жары Дарико апай да Сыр елінен тәлімді, тәрбиелі келін алғанына шынайы риза. Ескендір Хасанғалиев өмірден өткенше келіні мен ұлына ақ батасын беріп, ризашылығын білдіріп өткен. Ал ұстаз-ана Марзия Тұрлыханова «Еліне көрік, еріне серік болып, ақ бесікті тербетіп, сүйікті дәрігер, ғылыми жұмыстармен қоса айналысып, елге танымал отбасының түтінін түзу ұстап жүрген, көркіне ақылы сай Сыр елінің қандай білімді қызы» деп Ақмаржан қызға ақ батасын берген екен. Үлкен кісілердің батасымен шаңырағын шаттыққа кенелтіп отырған кейіпкеріміз Ақмаржанның ата-анасымен қатар өзі білім алып өскен №36 мектеп-лицейдің ұстаздарына айтар алғысы шексіз. Сондай-ақ аудандық басылым арқылы туған жерге деген шексіз сағынышын жолдап, аналар қауымын мерекемен құттықтады.
Төле би «Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты – әйел деген. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел» деген екен. Туған жерден түлеп ұшып, үлкен әулетке келін болған, Сыр елінің дәстүрі мен салтын, тәлімі мен тәрбиесін көпке үлгі етіп жүрген жанмен сұхбаттасып, көпке үлгі етуді жөн санадық. Қазақылықтың иісін аңқытып, әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған тәлім мен тәрбиенің арқасында елдің батасын алып жүрген жанмен сұхбатымыз әдемі әңгімемен тәмамдалды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ