Отбасының кілті – бірлікте

Рамазан айын барлық мұсылман халқы сағына күтеді. Өйткені бұл айда сауап өлшеусіз жазылады. Әрбір істеген әрекетіміз тек жақсылық жолында болып нығметке бөленетін кез. Бұл ай тек өзімізге ғана емес, отбасымызға да ерекше жаңа серпіліс пен жылу сыйлайды. Рамазан айы – отбасының бірігетін кезі. Осы орайда отбасының құндылықтарына тоқталсақ.
Адамның жеке тұлға болып қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, адамгершілік қасиетінің дамуы отбасындағы алған тәрбиесіне байланысты. Әр өскелең ұрпақтың жүрегінде үйінен алған жылулығы сақталады. Жеке адамның бойындағы қадір-қасиеті, ар-ұяты, адамгершілігі, мәдениеттілігі, ортада өзін-өзі ұстауында және тәрбиелілігінде отбасы алғашқы қадам іспеттес. Осы алғашқы қадам нық болуы шарт.
Қазіргі таңда отбасы десек бірден ойымызға ата-ана мен бала-шағаның бейнесі ғана елестейді. Ал олардың күнделікті өмірдегі бір-біріне байланысы қандай? Иә, бұл сұрақты ойлағанда көз алдымызға, жұмыстан шаршап келіп ұялы телефонға үңілген әке, өмірі ас үй тірлігінен қолы босамайтын шаршаңқы ана және ата-анасы шуламасын деп берілген ұялы телефонды көріп отырған балалар елестейді. Бұл көрініс ата-ана мен баланың арасында байланыс өшіп бара жатқандығының көрінісі. Жоғарыда атап өткендей бала үшін ата-ананың оған бағыт-бағдар беріп түрлі қасиетті бойына сіңіруге атсалысуы және нық іргетас қалыптастыруы маңызды. Қасиетті Рамазан айында отбасында әрқайсысы ұялы телефонға телміріп отырғаны дұрыс емес. Оны түсіне білген әрбір ата-ана бос уақытын тек ұрпағына арнау керек. Бала кішкентай кезінен әке-шешесінің махаббат мейірімін көріп өскені абзалырақ. Кешкі ас дайын болғанша әкесі балаларымен көңіл көтеріп, баламен балаша ойнағаны ерекше көрініс. Ал анасы бар мейірімін төге білсе де бала үшін жеткілікті. Балаға тек әке-анасының көңіл бөлгені, бірге серуендегені керек немесе жасау керектіні барынша баласына үйретіп, бірге жасағаны бала үшін «тұлғалық» деңгейге көтерілуіне септігін тигізері анық.
Әр айдың бір күнін «отбасы күні» етіп арнау өте маңызды. Сол бір күнді өздеріне арнап, отбасылық отырыс жасаса да жеткілікті. Бұл әдісті дәстүр қылса, тіпті керемет. Сонда ұялы телефоннан ауру болған балалар аз болары сөзсіз. Түсіне білген жанға кешкілік бір дастарқанда арқа-жарқа болып тамақ ішу де бір бақыт. Осы қасиетті ай туған-туысқанның бір дастарқанға жиналатын мерекесі. Бұл оразада тек астан ғана тыйылу емес, сонымен қатар жаман әдеттен де арылып, ауызашарға отбасы болып дайындалатын ай. Әрбір жақсы, мейірімді әрекетіміз үшін үздіксіз сауап жазылып, ризыққа бөленеміз. Баламызға бөлген әр секундымыз біз үшін таусылмас нығмет болып саналады.
Отбасы – мейірімділік пен бірліктің мекені. Әрбір отбасы мүшесінің ауызбірлігі бір-біріне деген сыйластықта. Ортамызда бүршік атып келе жатқан әрбір сәбиге мықты іргетас қойып үйретсек, болашақта қатты соққан желдің өзі оны сындыра алмасы анық. Ұрпағымыз – біздің болашағымыз. Бірліктің кілті – отбасы.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден