Сарқылмас рухани қазына
Кітап оқу білім көкжиегімізді кеңейтумен қатар денсаулығымызға да оң әсер етеді. Сондай-ақ кітапты көп оқитын адамның сөздік қоры мол болады. Осы ретте көп оқудың пайдасы жөнінде ізденіп, журналистік зерттеу жүргізген болатынбыз.
Негізі адамның миы үздіксіз шынығу арқылы қуаттанып, қатерлі дерттерге қарсы күшін арттыра алады. Түрлі медициналық зерттеулер кітап оқу мидың белсенділігін сақтап, қартаюдың алдын алатынын дәлелдеген. Бұл күнде адам жүйкесіне кері әсер ететін жағдайлар көптеп кездеседі. Ал бұл дегеніміз миға үлкен күш түсіреді. Жүйкеге жүк түскен мұндай кезеңде кітап оқу ең өнімді тәсіл болып саналады. Кітапқа көз жүгірткен 6 минут ішінде қысымды 68 процентке төмендетуге болатын көрінеді. Әдемі әуендер есту мен серуендеуге қарағанда кітап оқу пайдалы. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген дүние.
Материалды дайындау барысында арнайы аудандық орталық кітапханаға бардым. Кітапхана мамандарының мәліметінше, ауданда тұрғындары тарихи оқиғаға толы шығармаларды көп оқиды екен. Ал кітапханаға көп келетін тұрақты оқырмандарының қатарында Б.Мырзаш, С.Шапатбаев, И.Фазылұлы, Р.Үмбетова, Е.Қозыбаев секілді руханиятқа жаны құмар жандар бар. Тағы бір қызық дерек, отбасымен келіп тұрақты оқырманға айналған тұрғындар да бар мұнда. Олар – А.Ахметова, А.Абенов, Г.Ешмұратова және ерлі-зайыпты Е.Әбдіреев пен Г.Жанәлиева.
– Біздің үйде кітап оқу күнделікті істейтін жұмыс секілді қалыптасқан. Жұбайым Гүлзат өзінің саласы бойынша яғни медицина, саламатты өмір салтын ұстану жөнінде ғылыми дүниелерді көп оқиды. Өзім мәдениет саласының қызметкері болғандықтан белгілі бір шарада сценарий жазарда міндетті түрде көркем әдебиетті оқимын. Соңғы оқыған кітабым Абайдың шығармалары мен өлеңдері. Биыл ақынның 175 жылдық мерейтойына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Сол бағытта ақынның әрбір туындысымен таныс болуымыз керек. Ал қыздарым қазақ ертегілері мен балалар әдебиетін жақсы көреді. Үзбей, қызығып оқиды. Кітап оқу тек білімге құмар болу ғана емес, болашақ ұрпаққа көрсеткен тәрбиеміз, өнегеміз деп ойлаймын. Сондықтан әрбір отбасында осындай дәстүр қалыптасса, біздің келешек жарқын болары сөзсіз, – дейді Еркін Әбдіреев.
Биылғы жылы оқырман тарапынан «Абай жолын» сұраушылардың саны едәуір артқан. Бір кітапты оқуға берілген уақыт бар-жоғы 10 күннің ішінде 4 томнан тұратын роман-эпопеяны оқып шығу әсте мүмкін емес екені анық. Осы мәселені шешуде орталық кітапханада электронды кітап жүйесі іске қосылған. Сіз оқығыңыз келген кез келген шығарманы қолыңыздағы ұялы телефонға еңгізіп, таныса аласыз. Десе де кітапты қолға алып, әр бетін парақтап оқығанға ешнәрсе жетпесін анық. Бірақ жастар үшін электронды кітап жүйесі тиімді болып тұр.
Кітапхананың тұрақты оқырманы қатарында жастар да жетерлік Бұл қатарда Қ.Бержанов, Қ.Жүсінов, Б.Ордабековтер бар. Тағы бір айта кетерлігі, бұл тізімде Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақыптың да есімін көзіміз шалды. Ол осы уақытта Қадыр Мырза Әлидің 12 томдық шығармалар жинағы мен Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» шығармасын оқып жатыр екен. Қоғам жұмысына белсене араласып жүріп әдеби шығарма оқуға уақыт тапқан азаматтың білімге құштарлығына риза болдық.
Кітап оқу жабырқаудан арылтады. Тіпті уақытша болса да уайымды басатын көрінеді. Оқудың тағы бір пайдасы адам ағзасының қартаймауына септігі бар. Германияның атақты психологы Урсула Ленз «Егде адамдар үшін кітап оқу пайдалы екендігіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, оқылған сөзді санада бейнеге айналдыру қабілеті когнитивті қызметке жақсы әсер етеді. Екіншіден, оқу ойын жинақтауға көмектеседі. Сондықтан оқудың қартайғанда да белсенді ақыл-ойды сақтап қалуға пайдасы бар» дейді.
Кітап – сарқылмас рухани қазына. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Киімдерің ескіргенде оны жаңалағандарың секілді, көкіректегі иманды да тот басады. Оны жаңалап отыру керек», – деген хадисі бар. Яғни мұсылман адам үнемі өзін рухани жетілдіріп, жаңалап отыруы тиіс. Сол себепті адамды рухани жаңғыруға жетелейтін, адамдық пен адалдыққа жөн сілтеп отыратын кітап оқуды әдетке айналдырған жөн. Бұл тұста әркім «Оқымасаң, тоқырайсың» деген аталы сөзді есте ұстаған абзал.
Айталық, «Артық ғылым кітапта ерінбей оқып-көруге» деген Абай атамыз жас кезінен қаладан ауылға қатынаған адамдардан қоржын-қоржын кітаптар алып оқуды өзіне əдет еткен. Абай оқыған кітаптар арасында батыстың да, шығыстың да ең озық əдебиеттері болғаны белгілі. Ақынның бүкіл пəлсапалық еңбектері Ислами дүниетанымға негізделгенін, аят-хадистерден мол хабардар болғанын ескерсек, əлемдік классикалық еңбектермен қатар рухани азық боларлық дүниелерге көбірек көңіл бөлгенін аңғару қиын емес. Шəкəрім Құдайбердіұлы да кезінде Ыстамбул кітапханаларына арнайы барып, кітап іздегенін білеміз. Артына 30 томдық мол мұра қалдырған Мəшһүр Жүсіп бабамыз да жасынан зейінді, өте көп оқыған жан болған.
«Ағаштың жемісі бұтақта болса, сөздің жемісі кітапта». Осы орайда бұрынғы дана, ойшылдармен сырлас, мұңдас болып, солармен əңгімелесіп, пікір алмасуға бүгінгі күні де жол ашық. Ол – сол кісілердің еңбектерін оқуда жатыр. Осы орайда Л.Н.Толстойдың «Жақсы кітап ақылды адамның əңгімесімен бірдей» деген орамды ойы еске түседі. Жалпы əдебиет, мəдениет, тарих, салт-дəстүр негіздерін де кітаптан үйренеміз. Өмірге керекті мамандығымызды да кітап арқылы игереміз. Ал кітап оқымау адамның зейінін тұмшалап, зеректік қабілетін төмендетеді. Кітап оқымаған адам тіпті ойлаудан да қалады.
Шығыста «Бар кітап бір кітапты түсіну үшін оқылады» дейтін даналық сөз бар. Яғни ғаламды кітап деп алсақ, соны түсініп, ондағы құдіреттің нақыштарын зерделеу үшін көп оқу қажет. Кітаптың асыл қазына екенін ұғынған жөн. Өйткені кітаптың тəрбие құралы екені белгілі. Олай болса, кітап оқуды белгілі бір кезеңмен шектемей, оны өмірлік дағдыға айналдыра білудің адамға берері мол.
Майя ҚОЖАБАЙ