Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана мен бала денсаулығын қорғауға байланысты семинар өтті

Ана мен бала денсаулығын қорғауға байланысты семинар өтті

Сырдария аудандық ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының арнайы бұйрығы негізінде бұрнағы күні «Ана өлімін төмендету және аналарға медициналық көмекті жетілдіру бойынша 2025-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар» аясында арнайы семинар өткізілді. Оған облыс орталығынан арнайы делегация келіп, сала мамандары өз білімін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Делегация құрамында облыстық перинаталды орталығы мен көпбейінді облыстық аурухананың мамандары болды. Семинар барысында акушер-гинеколог Күләш Махантаева, анестезиолог-реаниматолог Данияр Әбішов, акушер Жеңіскүл Байгереева, анестезиолог-реаниматолог Елдос Өмірзақ аудан бойынша ана мен бала денсаулығына жауапты мамандарға кешенді тақырып аясында кең көлемді ақпарат ұсынды.

Шынында да, ана мен бала денсаулығы – сала мамандарының басты назарында. Жүктілік кезінде түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерінің кәсіби сауаттылығы жоғары болуы аса маңызды. Мұндай семинарлардың әр маман үшін берері мол.

Семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан делегация мүшелеріне бас дәрігердің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ақкүл Құлеке мен бас акушер-гинеколог Нейля Әбишева шынайы алғысын білдірді.

05 желтоқсан 2025 ж. 26 0