Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын жүректі абзал әке

Алтын жүректі абзал әке

«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дейді халық даналығы. Біздің әкеміз Рақымжан қажы Әбдіхалықұлы ұрпағына ғана емес, түгел аудан жұртшылығына әке болған, үлгі-өнеге, ардақты аға болған жан десем, артық айтқандық емес. Өкініштісі, дәл бүгін әкеміз жайлы өткен шақта сөз қозғау.

«Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деген тағылымы мол сөз бар халқымызда. 1928 жылы дүниеге келген әкеміз Бәйменов Рақымжан Әбдіхалықұлының балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласқан. Сұрапыл соғыстың зардабын 1418 күн бойы көріп, ащы дәмін татып өскен. Елдегі қолға қару ұстауға жарамды азаматтар соғысқа алынса, ал қару ұстауға жарамсыз ересектер тыл майданына, қару-жарақ заводтарына жұмысқа жіберілген. Елде тек әйелдер мен қуаты кеміген қарттар мен оқу­шы балалар қалып, барлық шаруа соларға жүктелген. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен қысы-жазы, күні-түні бүкіл халық аянбай тер төгіп, жас балалар ерте есейіп соғыс ауыртпалығын бірге көтерген. Соғыс әкелген қайғы-қасірет көздің жасын көл еткені тарихтан белгілі. «Мәселен біздің туысқандарымыздан 10 азамат соғысқа кетіп, екеуі ғана ауыр жарақат алып, аман оралды» деп отыратын әкеміз. Жеңіс туының желбірегенін Қызылорда педагогикалық училищесінде оқып жүріп, көзбен көрген әкеміз 1947 жылдан бастап әкесінің жолын қуып мұғалімдік қызметке бет бұрып, саналы өмірін бала тәрбиелеу ісіне арнады. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығының қыр-сырын толық игеруге талаптанып, нәтижесінде өз бойына тәжірибе жинақтап, ұстаздық ұлы жолда үлкен табыстарға қол жеткізді. Әкеміздің шәкірт тәрбиелеп, ел баласына сапалы білім, саналы тәрбие бергенін мақтанышпен айтамыз.

Әкеміз 1948 жылы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік және қажырлы еңбегі үшін «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.г.» медалімен марапатталып, сол жылы Құндызды ауылдық кеңесіне депутат болып сайланған. Сол кезеңдерде елде қоғамдық саяси өмірге белсене араласып, насихатшы, үгітші ретінде еңбекшілер арасында үгіт-көпшілік жұмыстарын жүргізеді. 1951 жылы аудан орталығындағы №35 Калинин атындағы орта мектепке оқытушы болып тағайындалып, қоғамдық жұмыс ретінде мектеп комсомол ұйымының хатшысы болып сайланған. Оқу жылы аяқталғанда Тереңөзек ауданында тұңғыш рет жазғы пионерлер лагерін ашып, онда тәрбиеші болып істеген.


Кейін 1952 жылы әскерге шақырылып, кіші офицерлер дайындайтын курсты оқып бітіреді. 1955-1964 жылдар аралығында №131 және №137 мектептерде оқу ісінің меңгерушісі болып істеп, тарих пәнінен дәріс береді. 1964 жылдың басында аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырылып, онда 1976 жылға дейін сектор, бөлім меңгерушілері болып қызмет атқарады. 1976 жылдан аудан орталығындағы мектепте директор болып істеп, барлығы 50 жыл қызмет өтілімен 1992 жылы зейнеткерлікке шығады. 1993-2013 жылдар аралығында аудандық мұсылмандар мешітінің наиб имамы ретінде қоғамдық негізде қызмет атқарып, аудан көлемінде асыл дінімізді уағыздау ісіне өз үлесін қосқанын да айтып өту қажет.

Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болып, тілімізге, дініміз бен ділімізге кең өріс берілген өтпелі кезеңде қазіргі үлкендеріміздің және жас­тарымыздың көпшілігі ислам діні шариғаттары талаптарын біле бермеді. Осыған байланысты ол ислами ғұламалардың бірі Зейнулла ад Таразидің «Ислам шариғаттары» атты еңбегін қазақ тіліне аударып, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бетінде жариялап, оқырманға ой салды.


Әкеміз қызмет және қоғамдық істерді тиянақты орындаумен қатар отбасы тәрбиесін де назардан тыс қалдырған емес. Анамызбен бірге 9 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының өз қалауларымен жоғарғы оқу орындарына оқуға беріп, қамқорлық жасады. Үлкен баласы Асылбек пен Дина Москвада оқыса, Лизасы Қарағандыда, Әділбегі Шымкентте, Гүльмирасы Саратовта, Индира, Әлібек пен Нұрлыбек Тараз, Алматы, Қызылордада жоғарғы оқу орындарын бітіріп, қазірде өз мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүр. Ұрпақтар сабақтастығы үйлесім тапқан жанұямыз 2018 жылы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанғанын да айта кету орынды. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған әкеміз көзі тірісінде ұл-қыздарының қызығын көргеніне Аллаға шүкіршілік етеміз. Ұзақ жыл бойы мінсіз қызмет атқарғаны үшін әкеміз мемлекеттік наградалармен, төсбелгілермен марапатталған еді. Марапаттарының ішінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының орны ерекше болды. 2019 жылы Мекке мен Мединаға зиярат етіп, қажылық парызын өтеген әкеміз өсиетін айтып, кейінгі ұрпаққа өнегесін айтып жүретін. Әкеміз батагөй ақсақал еді, халықтың құрметіне бөленіп, 97 жасында мәңгілік мекеніне аттанды. Еңбектің көзін тапқан, бақыттың өзін табады. Әкеміз саналы ғұмырында еңбегімен ұрпағына үлгі-өнеге бола білді. «Орнында бар оңалар» деген. Ел-халық әкеміздің игі ісін ұмытпайды. Соңында тәлімді ұрпағы бар асыл әкеміздің есімі мың жасайтыны анық.

Әділбек РАҚЫМЖАНҰЛЫ
01 ақпан 2025 ж. 75 0