Тереңөзекте құлпынай мен лимон өседі

Жалпы, Али Бермағанбетов бақша өнімдерін өсіруде тәжірибесі толысқан жан. Ол бұған дейін 5 гектар жерге картоп, жуа, қауын мен қарбыз егіп, бақшалық өнім алған. Ата кәсіпті тереңнен меңгерген кейіпкеріміз мал шаруашылығы саласында ептілігімен танылған. Әрине, табыс табудың бірнеше амалын қарастырған Әли Бермағанбетов жылыжай жұмысын меңгеру мақсатында Сарыағаш ауданына барып, кәсіби мамандармен тәжірибе алмасқан.
– Бірнеше жыл қатарынан бақшалық жерге дәнді-дақыл еккен мен үшін жылыжай жұмысын қолға алу қиындық соқтырмады. Жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаев кәсібімізді көріп, алдағы жұмысымызға сәттілік тіледі. Негізінен, жылыжай газбен жылытылады. Күнделікті оның жылылығына аса мән береміз. Қияр, қызанақ, құлпынай, лимоннан басқа зерен мен аскөк өсірудеміз. Бұл ретте, егін егудің машақатын бағбандықпен айналысатын көпшілік жақсы біледі, – дейді жеке кәсіпкер.
Әрине, «Ексең егін, ішерсің тегін» деген тәмсіл еш уақытта маңыздылығын жоймайды. Отбасылық кәсіптің иесі Али Бермағанбетовтің зайыбы Гүлжан Нұрышева – медицина саласының маманы. Ерлі-зайыпты 2 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп өсірген. Тамшылатып суғару арқылы бақшалық өнім шығаратын жеке кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Алдағы уақытта тереңөзектіктер жергілікті өнімді тұтынатын болады. Ең бастысы – кәсіптің қыр-сырын игерген Әли секілді азаматтар бизнесін кеңейте берсін демекпіз.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ