Адал еңбек иесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деген еді.
Қай саланың болсын өз қиындығы мен қызығы болады. Қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі қай кезде де бағалы. Дәл осындай еңбегімен қалтқысыз қызмет етіп жүрген жанның бірі – Абилова Қалдыгүл. Еңбекқор жан Қалдыгүл Айдарқызы аудандағы Оспан Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектептің тазалығына жауап беретін маман. Өз ісіне тиянақты әрі жауапкершілікпен қарайтын тазалық сақшысының абыроймен қызмет етіп келе жатқанына 19 жылға таяған. Ол алғашқы еңбек жолын аспаз болып бастаған. Қалдыгүл – негізінен Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының тумасы. Жастайынан еңбекке төселген кейіпкеріміз мектептегі оқушылардың таза ауамен тыныстап, қолайлы әрі таза ортада білім алуына жағдай жасайды. Әріптестерінің сөзінше ол өзіне жүктелген міндет пен тапсырылған жұмысты уақытылы әрі тиянақты орындайды және осы қасиетін ұжымдастары ерекше бағалайды.
– Мектептегі санитарлық тазалықты сақтау менің жауапкершілігімде. Күнделікті мектепте тазалық жұмыстарын уақытылы жасап отырамыз. Оқушылар таза, гигиеналық талаптарға сай ортада білім алулары қажет. Тазалық әр адамның өзінен басталады деп ойлаймын. Мектепте ұстаздарымыз оқушыларға әркез тазалық сақтау, айналаны таза ұстау, ұқыптылық жөнінде түсіндіріп, ескертіп отырады. «Тазалық – денсауық кепілі» деп бекер айтпаса керек-ті. Деніміздің саулығы ең алдымен тазалыққа тікелей байланысты. «Еңбектің наны тәтті» демекші, еңбектенген адам далада қалмайды. Жұмыстың оңайы жоқ. Барлық жерде қиындық болады. «Балам, қандай жұмыс істесең де шын ынтаңмен істе, ешқашан жалқауланба, себебі ол сенің жейтін наның» деп үнемі өз балаларыма айтып отырамын, – дейді кейіпкеріміз.
Негізінде тазалық сақшысының жұмысы жеңіл емес. Ол үшін үлкен сабырлық, тиянақтылық, денсаулық керек. Еңбекке әбден ысылған жан 2000 жылы отау құрып, бүгінде жұбайымен 4 баланың ата-анасы атанып, балдай тәтті немерелерінің қызығын көріп отыр. Кейіпкеріміздің жұбайы Айбек Айдаров – ауданымызға белгілі спортшы әрі ұстаз. Балаларының барлығы спорт саласында түрлі республикалық, облыстық ареналарда жеңімпаз атанып келеді.
Әр адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын еңбек адамына әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Ауыр жұмыстың ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда маңдай тердің жемісін көре бермек. Тазалық үшін тер төгіп жүрген жандардың еңбегі әркез бағалы.
Алтынай Қайратқызы