Бірлік бар жерде, тірлік бар
Нұрлыбек, Әділхан, Айсұлтан есімді үшемдерді дүниеге әкелген Қалжан ахун ауылында соңғы 3 жылда тәртіп бұзушылық, бұзақылық, жекелеген қылмыс тіркелмеген. Ауыл халқы қашанда ынтымақ-бірлікті, ауызбіршілікті берік ұстанады. Абыз кеуде ақсақалдар жастарды тәрбиеге шақырып, жол көрсетіп отырады. Ал жастар болса, игілікті істерге мұрындық болуда.
Тереңөзек кенті мен Жалағаш ауданын байланыстыратын аядай ғана ауылда 210 отбасында 1125 тұрғын тұрады. Бұл ауылда көпшілік егін шаруашылығымен айналысып, ризық-несібесін жерден табуда. Еңбегінің жемісін еселеп көрген ауылда соңғы үш жылда қылмыстық іс-әрекет тіркелмеген. Тұрғындар игілікті істерге ұйытқы болып, көпке үлгі болған. Ауылдағы учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Сұңғат Кеңесбаев өткен жылдың қараша айында тағайындалып, жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді.
Өткен жылы «Нашақорлыққа қарсы бір айлық» акция аясында және қоғамдық тәртіпті ұдайы сақталуына үлес қосқаны үшін Қалжан ахун ауылының әкімі Ғалымжан Әкбаров «Үздік ауыл әкімі» номинациясымен марапатталған.
– Кез келген елді мекенде қоғамдық тәртіпті сақтау маңыздылығын жоймайды. Күнделікті жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырып, мал ұрлығы, есірткіге қарсы күрес, бұзақылықты, жекелеген қылмысты болдырмау мақсатында халық арасында түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Әрине, тәртіпке бағынып, барлық жағдайда ортақ көзқарас танытып, түсіністік таба алған жақсы. Алдағы уақытта жоғарғы көрсеткіштен көрінуге қызмет ете береміз, – дейді учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Сұңғат Кеңесбаев.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ