Мемлекеттік қолдаудың игілігін көруде

Мал шаруашылығы саласында кәсібін бастаған жас кәсіпкерлердің бірі – Нұрлыбек Еспанов. Ол 2020 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша 555400 теңге қайтарымсыз несие алып, 1 қошқар және 12 аналық қой алған. Ұсақ малдың басын көбейтіп, бүгінде сол кәсібінің берекесін көріп отыр.
Мемлекеттік қолдаудың игілігін көрген жас кәсіпкер биыл ірі қара мал басын көбейтуді мақсат еткен. Соған орай «Микробизнес Қызылорда» инвестициялық орталығынан 6 пайыздық мөлшерлемемен 4 млн теңге несие алған. Жақын арада қаржы қолға тиіп, енді жылқы малын алып бағуды көздеп отыр. Осылайша, небәрі екі жылдың ішінде Нұрлыбек Еспанов жас кәсіпкер атанып, кәсібінен несібесін көруде.
– «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді. Әуелгіде «несие алып, оны төлей алмай қаламын ба» деген қорқыныш болады. Көпшілігі осы оймен кәсібін бастай алмай жүр. Алайда, қазір мемлекеттің кәсібін дөңгелетемін дегендерге қолдауы көп. Осыны пайдаланған жөн. Өзім алдымен қайтарымсыз грант есебінен кәсібімді бастадым. Енді биыл жылқы малын көбейтуді қолға алмақпын. Өзімнің жиһаз құрастыруға деген қызығушылығым бар. Алдағы жылы осы бағытта да қайтарымсыз грантқа қатысып, сол бағытта да жұмыс жасау жоспарымда бар, – дейді жас кәсіпкер.
Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасымен кәсіпкер Г.Маханбетова ауылда «Наубайхана» жұмысын жандандырып отыр.
Е.БЕРКІНБАЕВ