Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 5 газет

21 қаңтар 2025 ж.

№4 газет

18 қаңтар 2025 ж.

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Өмірден түйгені мол қос бәйтерек

Өмірден түйгені мол қос бәйтерек

Өмірде бейнеттен белі бүгілген талай жан тағдырына наз айтқан емес. Қайта қиындықтан сытылып шығып, аяқтан тұруға талпынысы жоғары екенін байқатады. Жетпістің желкенін керген тереңөзектік Дүйсенбай Боқанұлы мен Әнипа Манапқызының бір жастықта басы қосылғанына биыл қырық жыл толып отыр. Қос тойы қабат келген ізгілігі мол жандар балаларына ақылман әке, ақ жүректі ана атанған. Толықсып аққан дария секілді қазыналы қартқа айналған Боқановтар әулетінің қос шынары – бар құрметке лайық.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауданда газ мекемесінің жұмысы жүріп, аты дүркіреген еді. Аталған мекеменің қатардағы мамандары Дүйсенбай Боқанұлы мен Әнипа Манапқызы жергілікті халыққа қалтқысыз қызмет ете білді. Негізінен, 15 жыл бойы газ мекемесінде еңбек еткен берекелі шаңырақтың отағасы Дүйсенбай аға Қызылту совхозына қарасты №9 бекетте дүниеге келген. Әкесі Боқан темір жол саласында жүріп, отбасындағы 8 перзенттің өсіп-жетілуіне көңіл бөлген. Ер мен баланың бабын тапқан алтын құрсақты ана Шырынкүлдің өмір жолы өзгемен салыстыруға келмейді.

– Тереңөзектен жырақта тұрған біздер темір жолдағы қызу еңбектің куәгері атандық. Әкеміз шойын темірді жастанып, ауыр жұмыста ерік-жігерін танытты. Әрине, үйілмелі-сүйілмелі 4 ұл, 4 қызды жеткізіп, қатарға қосу оңай дүние емес. Ол кезеңді бұл уақытпен теңестіруге келмейді. Әрбір үйде ас-ауқаттың мол болмауы белгілі жағдай. 1961-1971 жылдары №35 В.Калинин атындағы орта мектептен білім алған менің алғашқы еңбек жолым әкемнің қасында темір жол қызметінен басталды. Кейіннен, Қызылту ауыл советінде автокөлік жүргізушісі болдым. Ізімнен ерген бауырларыма қарайласқан мен үшін жоғарғы оқу орнынан білім алуға мүмкіндік болмады. Дегенмен, кейіннен су шаруашылығы саласын оқығаныммен, ол мамандықты өзіме қолайлы көрмедім. Мәскеу қаласында әскери борышымды өтеген жылдарым әлі есімде. Кімге болмасын, жалындаған жастық шақ өз қызығымен есте қалады, – дейді ардақты аға.

Негізінен, 2000 жылы аудандағы газ мекемесі толықтай жабылған болатын. Ең алғаш №36 А.Жданов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Әнипа Манапқызы осы мекемеге жұмысқа орналасқан. Өз ісінің білгірі атанған аяулы ана профилактикалық іс-шараға жіті көңіл бөлетін. Ол 1975-1978 жылдары Алматы қаласындағы құрылыс техникумында «Газ шар­уашылығы» мамандығы бойын­ша білім алған. Тереңөзектегі әр­бір үйдің жай-күйін бақылап, басшылыққа жеткізетін. Қауіптілігі жоғары мамандықты жылдар бойы меңгерген Әнипа Рзақова жұмыс көзін ұтымды үйлестіре білетін.

– Біздің ұжым ұйымшылдығымен, татулығымен ерекшеленетін. «Көгіл­дір отынның» зияндылығы қай кезде де басым. Соған қарамастан, кез келген маман өз ісін жауапкершілікпен атқарады. Кент орталығындағы көшенің барлығын аралап, жылына бір рет түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Үйдегі газ плитасының орны қадағаланып, ережеге сәйкес нұсқаулық жасалады. Өрт шығып, газ жарылмас үшін қауіпсіздікке бас­ты назар аударылады, – дейді аяулы ана.

Осыдан 25 жыл бұрын жұмысын тоқтатқан газ мекемесінің мамандары екі қолға бір күрек табу үшін өзге салаға бет бұрды. Бұл отбасында қос бірдей маман жұмыссыз қалғандықтан, күнкөріс қамымен Әнипа апа сауда-саттыққа бет бұрады. Түркістан, Алматы, Бішкек қаласынан тауар әкеліп, көпшілік сұранысын қанағаттандыратын аяу­лы жан ала дорбаны жанынан бір сәтке тастаған емес.

– Жылдар бойы бір мекемеде қызмет еткен адамға қапелімде жұмыстан босап қалу қиындық тудырғаны рас. Ұжымның ортасында жүріп, талай қызықты күнді өткіздік. Әнипа апаң мектеп бітірген мезеттен мекеме жұмысына 27 жыл араласса, мен 15 жыл наның жедім. Мекемеге Алпысбай Оразбеков, Жұмабай Құлпейісов, Бейбіт Әбдіреев, Мектепхан Елеусінов басшылық жасады. Кез келген басшы өзіндік талабымен, жұмыс жүргізу тәсілімен келетіні рас. Ең алдымен, ұжымды бір арнаға ұйыстыра білген басшының қарым-қабілеті анық байқалатыны рас, – дейді қос қария бір-бірінің сөзін қуаттап.

«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп хәкім Абай айт­қандай, на­ғыз еңбекке етене араласқан қос қарияны мерейтой аясында басылым бетіне жазуды ең­бек ардагері Мектепхан Елеу­сінов ұсынған бо­латын. Бұл ретте, арда аза­мат әріптестері жөнінде ой-пікірі­мен бөлісті.

– «Терлеп ең­бек етпегеннің тілегіне жеткенін көр­генім жоқ» деген жазушы Бауыржан Момышұлының тәмсілі бар. Асылында, Дүй­сенбай мен Әни­па өз уақы­тысында адал еңбегімен көп­ке танылған жаны жайсаң жандар. Өзіндік айтары, көзқарасы бар қос замандастың ұжымдағы орны ерекше. Қашанда орнық­ты ойымен, ұтымды қызметімен дара­ланған жандарды көпке таныту орынды. Кейінгі жастар үлкендердің жүріп өткен жолына тереңнен қанығу керек. Біле білген адамға нағыз еңбекте шыңдалған қос қарияның қызметі елеулі. Сөз арасында жетпіс жас мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын, – дейді Мектепхан Елеусінов.

Айта кетейік, мерейтой иелеріне жақында республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесінің төрғасы Е.Темірхановтың арнайы алғыс хаты табысталды. Бүгінде қос қария 5 перзенттен 14 немере, 6 шөбере сүйген.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 қаңтар 2025 ж. 98 0